Жаңалықтар

Халидулла Дәуешов:  «Шешім қабылдағанда қателеспеу керек»

Халидулла Дәуешов:  «Шешім қабылдағанда қателеспеу керек»

Атыраулықтар жүгінетін мәселелер бойынша прокуратура қалай шешім қабылдайды? Прокурорлардың жұмысына қандай өзгерістер енгізілді? Қадағалаушы мекеме қызметкері болу оңай ма? Осы және өзге де сауалдарға жауап алу үшін қадағалау бөлімінде 30 жылдан астам еңбек еткен Атырау облысының прокуроры Халидулла Зиноллаұлы Дәуешовке хабарласқан едік. – Халидулла Зиноллаұлы, азаматтар прокуратураға қандай сұрақтармен жиі жүгінеді? – Бізге адамдар түрлі мәселелер бойынша келеді. Біз өтініш берушілердің мәселелерін шешу үшін барлық кешенді шараларды қолданамыз. Бұл жалпы алғанда азаматтардың сенімінің артуына ықпал етеді. Біздің бүкіл жүйеміз туралы азаматтардың пікірі прокурордың адамға деген көзқарасынан қалыптасады.Азаматтарды қабылдау орталығында кезекші прокурордың тәулік бойы қабылдауы бар. Азаматтардың өтініштерін жедел қарау мақсатында электронды құжат айналымының тәртібі оңтайландырылды. – Прокуратураның басым мақсаттары мен жұмыс бағыттары қандай? Негізінен қандай мәселеге басты назар аударылады? - Денсаулықты қорғау және медициналық көмек алу құқықтарын сақтау, еңбек және тұрғын үй құқықтарын сақтау басты назарда. Бұл ретте күш халықтың осал топтарының - мүгедектердің, зейнеткерлердің, балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Әрине, сыбайлас жемқорлыққа, экстремизмге және терроризмге қарсы күрес, қылмысқа қарсы күрес те прокуратураның маңызды бағыттары болып қала береді. Белгілі бір аймаққа тән басым бағыттар да бар, мысалы, біздің елімізде бұл экологиялық мәселелер. – Қазіргі уақытта қандай атышулы істер бойынша жұмыстар жүргізілуде? – Бүгінгі таңда Индер ауданында Қалбағаев пен Қызылқоға ауданында Келдібаевты өлтіру фактілері бойынша екі резонанс тудырған іс бар. Бұл қылмыстардың жасалуына аталмыш аудандардың ауыл тұрғындарының арасындағы келіспеушілік себеп болған. Қалбағаевты одан кек алу мақсатында сегіз адамнан тұратын топтың соққыға жығып өлтірген. Ал, Келдібаевтың өліміне «Шанхай» мен « Совхоз» тұрғындары арасындағы кикілжің себеп. Соңғы жағдайда тағы төрт адам оқтан жараланып отыр. Сонымен қатар, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының шекарасында есірткіні ірі көлемде өсіру фактісі тексерілуде.Анықталған үш бірдей есірткі плантациясынан жалпы салмағы төрт тоннаға жуық сегіз мыңнан астам қарасора бұталары, бір мылтық пен техникалық құрал-жабдықтар тәркіленді. Сонымен бірге, сотта Утовтан жәбір шеккег (зорлау фактісі бойынша) азаматша Д-ны дер кезінде қорғау шараларын қолға алмағаны үшін, полицияның 4 қызметкерінк қатысты іс қаралуда. Азаматша Д-ның үйіне заңсыз кіру және оның қудалау фактілері бойынша тоғыз шағым түскеніне қарамастан, полиция қызметкерлері тарапынан бірде - бір шара алынбаған. Жазасыздықтың салдарынан жәбірленушінің пәтеріне кірген Утов оның басынан балғамен бірнеше рет ұрған. Әйелді өлтірдім деп ойлаған ол, сол үйдің жуынатын бөлмесінде асылып өлді. – Прокурор жұмысындағы ең қиын нәрсе не? Прокуратура қызметкеріне қандай талаптар қойылады? - Прокуратура органдарында қызмет ету – қоғам мен мемлекет тарапынан артылған ерекше сенімге адал болу деген сөз. Сондықтан, прокурорлардың адамгершілік, моральдық-этикалық келбетіне талап жоғары. Сондықтан, прокуратура қызметкері прокурордың беделін, абыройын нығайтуға, өзінің қызметтік міндеттерін адал атқаруға, сондай-ақ прокурордың Ар-намыс кодексінің талаптарын сақтай отырып, моральдық-этикалық нормаларды қызметте және күнделікті өмірде қатаң сақтауға ұмтылуы керек. Жалпы, алғанда прокурорлар жеке адамгершілік, іскерлік, кәсіби қасиеттерімен бірге, денсаулық жағдайы, физикалық тұрғыда және білім деңгейі бойынша өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға әр кез дайын болуы керек.Жұмысымыздың ең қиын бөлігі сол - шешім қабылдау. Әсіресе, адам тағдырына қатысты шешім қабылдаған кезде қателеспеу керек. – Болашақ прокурорларды жұмысқа алудың шарттары қандай? Осы салада жұмыс істегісі келетіндер көп пе? – Прокуратура органдарына қызметке тұрудың өзіндік тәртібі бар. Бұл саты Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында бастапқы кәсіптік оқыту арқылы жүзеге асырылады. Бастапқы кәсіптік оқуға мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органда жеке қасиеттерін бағалауды қоса алғанда, тестілеуден өткен адамдар тартылады. Әрине, прокуратурада жұмыс істегісі келетіндер көп, бірақ олардың барлығы бірдей кәсіби дайындықтан өте ала алмай жатады. Тек соңғы 1,5 жылда үш іріктеу өткізіліп, оған 21 үміткер қатысып, бар болғаны 12-сі өткен. – Прокуратура органдарының 2021 жылғы қызметін қорытындылай келе, қандай мәселелерге назар аударған жөн деп есептейсіз? – Биылғы жылы атқарылған жұмыстар аз емес, қадағалау жұмыстарының өз нәтижесі бар. Цифрландыру саласында көптеген жұмыс атқарылды, бұл бірқатар мемлекеттік органдардың жұмысын барынша оңтайландыруға және бағдарлауға мүмкіндік берді. «Прокуратура туралы» Заңға, Қылмысты кодекске, Қылмыстық-процессуалдық кодекске және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерге енгізілген өзгерістер азаматтар мен бизнес мәселелерін тиімді шешуді қадағалауға мүмкіндік берді. Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, қылмыспен күресу, халықтың сенім деңгейін арттыру және заң үстемдігін қамтамасыз ету біздің басымдықтарымыз болып қала береді. Тұрғындардан келіп түсетін өтініштерді зерделей келе, біз де ең өзекті деген мәселелерді назарда ұстап, жұмысымызды реттейміз. Бұл тұрмыстық, еңбек және басқа да әлеуметтік мәселелер, шенеуніктердің әрекеті немесе әрекетсіздігі болуы мүмкін.  Біз үшін халықтың бізге сенім артып, прокуратураға келіп шағымданудан қорықпауы өте маңызды.Тұрғындар біздің оларға көмектесетінімізді білуі керек. Өйткені, біз заң бұзушылықтар туралы толық ақпаратқа ие болғанда ғана, заң бұзушылықтардың жолын кесетін боламыз.