Түркістанда «Halyk Bank» ғимараты ашылды
Түркістанда «Halyk Bank» ғимараты ашылды
Бүгін Түркістанда «Halyk Bank» банкінің Түркістан облыстық филиалының жаңа заманауи ғимараты ресми түрде ашылды.
Енді Түркістанда тұратын ірі бизнес өкілдеріне, жеке кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға Шымкентке барудың қажеті жоқ – олар банкке қатысты барлық қызметті Түркістанның орталығында орналасқан заманауи кең кеңседен ала алады.
Түркістан облысы құрылып, оның әкімшілік орталығы Түркістанға ауыстырыла салысымен «Halyk Bank» 2019 жылдың мамыр айында алғашқылардың бірі болып аймақтағы облыстық филиалын ашты. Бүгінгі күні Түркістан облысы тұрғындар саны бойынша республикада екінші орында тұр. Өңірде 2 046 700 адам тұрады. Облыстың әкімшілік-аумақтық құрылымына 14 аудан және облыстық бағыныстағы 3 қала кіреді. 2021 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны шамамен 140 мыңды құрады, ал 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ШОБ секторында жұмыспен қамтылғандар саны 217 мыңнан асқан.
– Банк жүйесі – нарықтық экономиканың ажырамас бөлігі. Оның қызметі мен рөлі салымдар мен инвестицияларды басқарумен, несиелік және басқа қаржылық операциялармен тығыз байланысты. Сонымен қатар банк шағын және орта бизнестің дамуына үлкен үлес қосуда. Мысал ретінде мынадай фактіні келтірейін: «Halyk Bank» облыс кәсіпкерлерін қолдауға 130 млрд. теңгеден астам қаражат бағыттады. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда үш есе көп. Бүгін Түркістанда банктің облыстық филиалының жаңа заманауи ғимараты салтанатты түрде ашылуда. Жаңа ғимаратты ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына тарту деп санаймын. Бүгінгі таңда банктің 30-дан астам бөлімшесі біздің өңірдегі әрбір тұтынушыға сапалы және лайықты қызмет көрсетеді, – деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.– «Halyk Bank» Түркістан облысын экономикалық қуатты, қолайлы және заманауи өңірлік орталыққа айналдыру жөніндегі мемлекеттік бастамаларды қолдайды. Облыстық филиалдың жаңа ғимаратын ашу арқылы біз өзіміздің онлайн-сервистеріміз бен қызмет көрсету саласын инвестициялай отырып, қызметкерлеріміз бен клиенттеріміз үшін ең жақсы жағдайды жасауға дайын екенімізді көрсетеміз, – деп атап өтті «Halyk Bank» басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова. Сондай-ақ «Halyk Bank» жетекшісі Түркістан филиалының 2,5 жылдық жұмысының қорытындылары туралы айтып, осы кезеңде барлық негізгі көрсеткіштер бойынша өсім байқалғанын атап өтті. 2021 жылдың қортындысы бойынша облыстағы банкоматтар саны 254-ке жетті, ал карталарды белсенді ұстаушылар саны Түркістан облысы бойынша барлық қолданыстағы карталардың жалпы санының 53%-ын құрайды. Жеке тұлғаларға несие беру бойынша филиал қоржыны 132 млрд. теңгені немесе облыстың барлық кредиттік қоржынының 65%-дан астамын құрады. Депозиттік портфель 43 млрд. теңгеге жетті. Бұл – өңірдің депозиттік портфелінің жартысына жуығы. Түркістан облысы бойынша «Halyk Homebank» мобильді қосымшасын белсенді қолданушылар саны 2020 жылдың 1 қаңтары мен 2021 жылдың 1 желтоқсаны аралығында 17,5 есеге артты. Шағын және орта бизнесті қолдау аясында Банктің Түркістан облыстық филиалы биыл «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 9,075 млрд. теңге сомасына 435 субсидияланған қарыз берді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша биыл облыс бойынша 6,1 млрд. теңге сомасына 6 жоба қаржыландырылса, цифрлық несиелеу бағдарламасы бойынша жалпы 1,6 млрд. теңге сомасында 430-дан астам несие берілді. 2021 жылы ШОБ бойынша филиалдың несие қоржынының жалпы өсімі 68% - ды құраған. Банктің Түркістан облыстық филиалы бірқатар көрсеткіштер бойынша көшбасшы бола отырып, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін де, халық үшін де банк қызметтерінің барлық түрін көрсетеді. Банк аймақ тұрғындарымен өзара тиімді іскерлік ынтымақтастық құруды ғана көздемейді. «Halyk Bank» мүмкіндігінше Түркістан облысының өткір мәселелерін шешуге атсалысып жүр. 2019 жылдың жазында банк «Halyk» Қайырымдылық қоры» ЖҚ-мен бірлесіп, жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласының әлеуметтік нысандарын қалпына келтіруге үлес қосты. Қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырып, клиенттермен, қызметкерлермен және бизнес-серіктестермен бірге жиналған 1,1 млрд. теңгені Арысқа аударды. Сондай-ақ банк өз тұтынушыларын қолдау мақсатында Арыс бөлімшесінде берілген қарыздар бойынша 1 млрд. теңгеден астам сомаға сыйақы есептеуді тоқтатты. Сонымен бірге несие алған тұрғындар үшін қарыздар бойынша негізгі борышты өтеу мерзімін жарты жылға кейінге қалдырды. Үміт Шаяхметова әлеуметтік жауапкершілік тақырыбын жалғастыра отырып, Жетісай қаласында балалар алаңын салуды жоспарлағаны туралы айтты. «Біздің банк Түркістан облысының барлық аудандарында қызмет атқарғандықтан, оларды қолдағымыз келеді, сол себепті біздің мерекелік іс-шара – филиалдың жаңа ғимаратының ашылуы аясында Жетісай тұрғындарына балалар алаңын сыйға тарту туралы шешім қабылданды», – деді ол. «Halyk Bank» – бөлшек сауда, ШОБ және корпоративтік банк қызметтерін қоса алғанда, түрлі сегменттерде жұмыс істейтін Қазақстанның жетекші қаржы институты. Банктің Қазақстан қор биржасында 1998 жылдан бастап, Лондон қор биржасында 2006 жылдан бастап және «Astana International Exchange» халықаралық биржасында 2019 жылғы қазаннан бастап бағалы қағаздары бар. 2021 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша банктің активтері 11,284,5 млрд. теңгеге жеткен. Банктің ауқымды клиенттер базасы және филиалдар желісі бар. Республика бойынша 591 филиал мен бөлімшесі тіркелген. Банк Грузия, Қырғыз Республикасы, Ресей және Өзбекстанда да жұмыс істейді.