Жаңалықтар

Тәуелсіздік бағы Атырауды да адам танымастай өзгертті

Тәуелсіздік бағы Атырауды да адам танымастай өзгертті

Әр күніңді алаңсыз өткізу – адамға берілген бақтың ең баяндысы. Біз сол бақыттың бел ортасында, бал дәмін татып жүрген берекелі елміз. Соғысты көргеніміз, дүрбелеңді сезгеніміз жоқ. Көзімізді ашқалы «Тәуелсіздік» деген қастерлі ұғымды жаттап өстік. Төл тарихымызды оқып, ата-әжелерімізден ақиқат аңыздарды ойға түйдік. Ең бастысы, еркіндігіміз, елдігіміз, ертеңге деген сеніміміз бар. Тәубе!.. Басымызға қонған тәуелсіздік бағы Атырауды да адам танымастай өзгертті. 30 жыл ошақ басынан ордаға дейін оңтайлы өзгерістер әкелді. Бәлкім, бұрынғы кезді көрмеген, білмейтін бүгінгі ұрпақ «Атырау қаласы о бастан осылай болған» деп ойлар. Бірақ бұрын бүгінгідей көрікті қала мен ажарлы ауыл болмағаны ақиқат. Автобандарда шетелдік маркалы көліктер жүрген жоқ. «Сандық технология» ұғымы санада да болмай, ұшақтар сағат сайын самғамады…

Ақ жол болған ақ бата

Шынында да үй мен түздегі көрініс – осы 30 жыл ішінде атқарылған еңбектің айқын жемісі. Ауыл-аймақтан бастап алып шаһарларға дейін ауқымды өзгерістер әкелген осы кезеңнің ғасырға татымды жүгі бар. Кеңес одағы ыдыраған күрделі кезеңде республика Жоғарғы Кеңесінің 1991 жылғы 16 қазандағы кезектен тыс сессиясында «Қазақстан Республикасының Президентін сайлау туралы» Заң қабылданып, бүкілхалықтық негізде Президент сайлауын 1 желтоқсанда өткізу туралы шешім шықты. Сол жылғы 9-10 қараша күндері Атырау облысына арнайы сапармен келген республика Президенттігіне үміткер Нұрсұлтан Назарбаев Жылыой және Қызылқоға аудандарында болып, халықпен кездескенде, «Қазақстанның сол кездегі 215 ауданын аралап шығу мүмкін емес, дегенмен алыста жатқан Сіздердің аудандарыңызға жол түскеніне өте қуаныштымын» – деп, халықтың жылы ықыласына шынайы ризашылығын білдірген. Қызылқоға ауданының орталығы – Миялы селосындағы кездесуде Атырау жұртшылығы атынан сол кездегі Ленин атындағы совхоздың аға шопаны, абыз ақсақал Тұманбай Сәтмағамбетұлы Нұрсұлтан Назарбаевқа тұңғыш рет қазақы дәстүрмен ақ батасын берген еді. Содан бері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Атырау өңіріне деген көзқарасы оң болды.

Алғашқы қадам

Тәуелсіздік алған тұстағы маңызды қадамдардың бірі – жоғары стратегиялық маңызы бар Семей ядролық полигонын жабу туралы шешім. Сол кездің көзқарасымен алғанда, бұл ерлік еді. Өйткені тек Одақтағы №1 адамның ғана пәрменімен жүзеге асатын полигонды жабуға кез-келгеннің жүрегі дауаламады. Көрші елдердің ықпалы әлі басылмай тұрып, 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигонын жабу туралы аса маңызды мемлекеттік актіге қол қою арқылы Атырау өңіріндегі Тайсойған және Азғыр әскери-стратегиялық сынақ алаңдарының жұмысына да тыйым салынды. Елбасының елдегі қиын ахуалды бейбіт жолмен реттей отырып, әлемдік ахуалға ықпал ететін батыл қадамдарға баруы саясаттағы көрегендігін байқатты.
1997-2006 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы болған көрнекті қайраткер Кофи Аннанның сөзінен-ақ мұны лажсыз мойындауға болады: «Қазақстан – өзге де ТМД елдерімен салыстырғанда ерекше мемлекет. Онда тұрақтылық, бейбітшілік және экономикалық өсім бар. 1991 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, Қазақстан өз еркімен ядролық қарудан бас тартқанда, біз Елбасының осы бір бастамасына қайран қалған едік. Өйткені БҰҰ әлем елдерін ядродан бас тартуға үндеп келе жатқанына 60 жылдан асты. Бірақ нәтиже жоқ еді. Мұның бәрі – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі!..»
Иә, елдігімізді айқындайтын егемендікке қол жеткізгенмен елдің етек-жеңін жинап, еңсе көтеру оңай болған жоқ. Тәуелсіздік алған жылдары Президент алдында мемлекеттік институтты қалыптастыру, әлем елдерімен байланыс орнату, шекараны бекіту, көпұлтты елдің бірлігін сақтау сынды аса маңызды міндеттер болды. Аталған мәселелер бойынша қабылданған шешімдердің тиімділігі мен маңызын уақыт көрсетті.

Тәй-тәй басқан тірлік

Тәуелсіздіктің арқасында Атырау аймағының сыртқы көрінісі ғана өзгерген жоқ, бұрын-соңды болмаған жетістіктерге қол жетті. Әу баста жалақы мен жәрдемақы, түрлі өтемақылар бойынша халық алдындағы қарыз жуық арада азаймайтындай көрінгені рас. Тоқсаныншы жылдардың басында ақша, азық-түлік таба алмай ашынған аналардың әкімдік жағалағаны да тарихи шындық. Бірақ бұл тәуелсіздікке енді қол жеткізген жас мемлекет үшін кешірімді еді. Халық басындағы қиындық бұлты елде қабылданған стратегиялық реформалардың нәтижесінде біртіндеп сейілді. Халық ертеңіне сеніп, ештеңеге қарамастан жұмыс үздіксіз жүріп жатты. Мәселен, 1994 жылы Атырау облысында белсенді жұмыс күші 175 мың адам болса, биыл оның саны 334 мыңға жетіп отыр. Осы жылдарда өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 15,5 пайыздан  4,9 пайызға төмендеген. Тәуелсіздік жылдары облыста 256 мыңнан аса жұмыс орны ашылса, оның 155 мыңы – тұрақты жұмыс орны. Осылайша, басты міндет – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсаты нәтижелі жүзеге асты.

Ел бейнеттен арылды

«Көгілдір отынға» ауыл-аймақ қол жеткізе қоймаған 1990 жылдары аналарымыз бен жеңгелеріміздің күніне бірнеше мәрте қалай от жағып, күл тасығанын, қазан құрып ас салғанын көріп өстік. Ер азаматтар әр жыл сайын қыстың қамын ойлап, алақаны ойылғанша күрекпен қи ойып, оны қораға иненің тесігіндей саңылау қалдырмай қалап шығатын. Көлігі барлар даладан жыңғыл шауып әкеліп, оны үйдің қасына таудай қылып үйіп тастаушы еді. Ал қала халқының қара күйе болса да, отқа жағатын көмір таппай, мұнай өңдеу зауытынан кокс ұрлап жағып күн көргенін көпшілік ұмыта қойған жоқ. Одан талай үйдің пеші жарылып, қыс ортасында баспанасыз қалған кездер де бастан өтті. Ал қиға қарағанда жылуын ұзағырақ сақтайтын көмір ауыл адамдары үшін «қара алтындай» көрініп, оған қол жеткізе алмай жүретін. Міне, таза еңбекпен, ауыр бейнетпен күн көрген сол дәуірдің естелігі бүгінде ертегі тәрізді. Өйткені, 1990 жылдардың басында Құлсары қаласы мен Индербор кентінде ғана газ болса, 1995 жылы Атырау қаласын газ желісімен қамту жұмыстары басталды. Бұл жұмысты сол кезде чехиялық «Кубик» компаниясы жүргізіп, оған оператор ретінде «Атыраугазинвест» серіктестігі құрылғаны да естен шыға қойған жоқ. Содан бері облыс аумағында 3900 шақырым газ желісі салынды. Осылайша, өңір тұрғындарының табиғи газбен қамтылу деңгейі 12 пайыздан 99,7 пайызға дейін өсті. Бұдан бөлек, егемен ел болғалы бері халықты ауыз су және электр желілерімен қамтуға қатысты ауқымды жобалар іске асырылды. Екі жарым мыңдай (2 480) шақырым ауыз су желісі тартылып, орталықтандырылған сумен қамту көрсеткіші 35 пайыздан 99 пайызға дейін артты. Қазір Атырау облысы – өмір сапасының осындай маңызды көрсеткіштері бойынша елде көшбасшы орында. Сондай-ақ Тәуелсіздіктің алғашқы жылында бір ғана  «Атырау жылу-қуат орталығы» АҚ-ның электр қуаты бар-жоғы 239 МВт болатын. Қазір өңірдегі барлық электр станциясының қуаттылығы еселеп артып, 1619 МВт-қа жеткен.

Жылдармен бірге жаңарған…

Бүгінгі мұнайлы аймақтың «Атырау» атауы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары 1992 жылы берілген. Бұдан бұрын бұл қаланың Азияға жол ашатынын түсінген патша өкіметі 1640 жылы орыс көпес Гурий Назаров пен оның балаларына қалашық салуға рұқсат етеді. Қала үлкен қиындықпен 1662 жылы салынып бітіп, оған дейін «Үйшік» аталған елді мекенге патша жарлығымен «Гурьев» атауы берілді. Бірақ оған қарап қала тарихын 1640 жылдан бастау орынсыз. Өйткені, қазіргі «Орбита» станциясы қасындағы Алтын Орда кезеңіне жататын «Ақтөбе Лаети» қалашығы тұңғыш тұрақты қоныстың шежіресін ерте дәуірлерге жетелейді.
– Мен қаланы қиын кезеңде басқардым. Ол кезде қала балшықтың бел ортасында тұрған еді. Қазіргі Азаттық, Махамбет көшелерінің бойында саман тастан салынған ескі үйлер ғана тұратын. Орталық көпір де болған жоқ. Сондай қиын кезде химия зауытын салдырдық. Атырау жылу-электр орталығын іске қостық. Көшіп келушілер саны едәуір ұлғайып, қала өсе бастады. Бірақ Атыраудың ең басты байлығы – балық пен мұнай Мәскеуге бағынышты болды.
Республиканың қолында билік бола қоймады. Ірі құрылыс салу үшін, өзге де мәселелерді шешу үшін міндетті түрде Мәскеудің алдынан өтіп, рұқсат сұрайтынбыз…» Бұл – Атырау облысының Құрметті азаматы 1932 жылы Атырау облысының Жылыой ауданында туған даңқты мұнайшы Есен Тасқынбаевтың естелігі. Жасыратыны жоқ, халық қолындағы байлықтың игілігін көре алмаған қиын кездерді де бастан кешті. Қилы замандар өтті. [caption id="attachment_63076" align="alignnone" width="900"] width= Фото: 24.kz[/caption] Ғасырлар белесінде талай тар жол, тайғақ кешуді бастан өткерген өңір тәуелсіздік таңы атқан жылдарда айтарлықтай көркейді. Облыста сәулет және қала құрылысы саласы қарқынды дамып, елді мекендердің келбеті келісті. Қаланың бас жоспары бекітіліп, зәулім сарайлар бой көтерді. Мысалы, 1991 жылы облыста бар болғаны 163 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, тәуелсіздік жылдары 12 миллион шаршы метр баспана салынып, 100 мыңнан аса отбасы қоныс тойын тойлады. Анығын айтсақ,  30 жылда тұрғын үй құрылысына 640 миллиард теңгеден аса инвестиция құйылды. Атырау Тәуелсіздіктің арқасында көркейді, дамыды. Мәселен, облыстағы жалпы өңірлік өнім 2020 жыл қорытындысы бойынша 7 трлн. теңгені құраған. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің шығарған өнімі 2,1 трлн. теңгеге жеткен. Яғни Атырау облысы бұл ретте республика бойынша Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан кейінгі орында тұр деген сөз. Дегенмен, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев биылғы жылы аталмыш аймақты дамытуға қатысты нақты жеті міндетке тоқталған еді. Олар – мұнай-газ өнеркәсібін және автожолдарды дамыту, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау жүйесін нығайту, облысты тұрақты энергиямен, сумен қамтамасыз ету және өңірдің экологиясы болды.

 Жол мұратқа жеткізеді

Көлік-коммуникация кешенінің маңызды салаларының бірі – автокөлік жолдары да жыл санап жаңғырып, жаңарды. Әсіресе, жолдың саны емес, сапасы – басты назарда. Ауданаралық, қалаішілік көлік жолдарынан бөлек, республикалық маңызға ие автобандар  да қолға алынды. Облыс бойынша автомобиль жолының жалпы ұзындығы 3047 шақырым болса, 30 жылда өңірде 2200 шақырымнан аса жол салынып, жөндеуден өтті. Бүгінде республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» автомобиль жолының облыс аумағына қарасты 432 шақырымы қайта жаңғыртылып жатыр. 2021 жылдың соңына қарай 853-893 шақырым учаскесінің 40 шақырымын пайдалануға беру жоспарланып отыр. ​Аталған автожол 2023 жылы толықтай аяқталып,​ іске қосылады деп күтіліп отыр. Айта кететін жайт, республикалық маңызы бар "Ақтөбе​ - Атырау – Астрахан (РФ)" автожолы өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған. Бұған дейін Жайық өзені арқылы өтетін Атырау қаласында 4 көпір салынса, Махамбет пен Индер аудандарында бір-бірден – барлығы 6 автокөлік көпірінің қызығын жолаушылар көріп отыр. Халқымыз «жол мұратқа жеткізеді» дейді. Әлеуметтік әлеуеттің жарқын көрінісі – жолдың жаңаруы аймақтың ахуалына да оң бетбұрыс әкелді. Осылайша еліміздегі мұнайлы өңірлердің бірі - Атырау облысында жол мәселесі де тәу етер Тәуелсіздігіміздің арқасында өз түйінін табуда.

Түйін

Шынында, елдің алтын дәуірі еңселі егемендігімізді алудан басталды. Бұл дәуірде талай тарихи белесті бағындыра отырып, әр аймақ бұған айрықша үлес қосты. Оның ішінде Атырау облысының салмағы басым. Өңірде әр сала қарқынды дамып, ірі жобалар жүзеге асты. Ғасырлық жобалар іске қосылды. Жаңа жұмыс орындары құрылды. Қазақстанға алғашқы ірі инвестор Теңіз кенішіне келіп, «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны құрылды. «Ғасыр жобасы» шынында да теңдессіз келісім болды. Бұл өзге де инвесторларға үлгі болып, толағай табыстарға жол ашты. Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселеге ерекше назар аударды. Елбасы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін күн тәртібінен бір сәт те естен шығарған жоқ. «Теңізшевройл» кәсіпорынның өндірістік және экономикалық қызметі өңірдің дамуына тың серпін берді. Мысалы, 1993 жылдан бастап ТШО Атырау облысында жүзеге асырылып жатқан әртүрлі әлеуметтік жобаларға 860 миллион доллардан аса қаржы жұмсады. 2014 жылы «Игілік» атты әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасына 25 миллион доллар бөлінді. Қаржының негізгі бөлігі Атырау қаласы мен Жылыой ауданында салынатын балабақшалар мен мектептер құрылысына жұмсалды. Сол жылы Атырау облысының денсаулық сақтау, білім және оқыту салаларының сапасын жақсарту үшін аталған кәсіпорын әлеуметтік инвестиция бағдарламасы арқылы 1 миллион доллардан аса қаржы жұмсалды. Әлеуметтік бағдарламаларын іске асыруды ТШО 1993 жылы «Атырау Бонус Қоры» атты бағдарламадан бастады. Ол 5 жылға жоспарланды. Бағдарлама негізінде Атырау мен Теңіз кен орнына іргелес жатқан аудандарда әлеуметтік, мәдени және тұрмыстық сала нысандарын дамытуға 50 млн доллар көлемінде қаржы құю көзделді. Оны іске асыру шеңберінде облыста әлеуметтік инфрақұрылымның ірі нысандары: Атырау қаласында жылыту қазандығы, нан зауыты мен клиника, әрі Құлсары қаласында су тасқынынан зардап шеккен дер үшін 20 тұрғын үй мен клиника салынды. Сонымен қатар жоғарыда аталған бағдарламаға денсаулық сақтау саласындағы әртүрлі жобалар енді. Мұның барлығы өңірдегі әлеуметтік мәселелерін шешуге айтарлықтай септігін тигізді. 1999 жылы «Атырау Бонус Қоры» бағдарламасы өз жұмысын аяқтады, оның орнына «Игілік» атты әлеуметтік бағдарламасы іске қосылды. Сол жылы бағдарламаға шеңберінде Атырау қаласындағы Жайық өзенінен өтетін бас көпірді қайта жаңарту жобасы жүзеге асырылды. Бүгінде аталған бағдарламаның игілігін халық көріп отыр. Олар – Атырау университеті үшін салынған қосымша ғимарат, Атырау қаласы мен Жылыой ауданындағы уақыт талабына сай жарақтандырылған мектептер мен ауруханалар, газ құбырлары, электрмен қамту, су тазалау, сумен жабдықтау нысандары және тағы басқа. Сондай-ақ Құлсары қаласында 600 оқушыға арналған жаңа кәсіптік-техникалық лицей ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Аталған оқу орны мұнай және газ салаларының мамандарын дайындауға мүмкіндік берді. «Игілік» бағдарламасы арқылы Жылыойдың сумен жабдықтау жүйесін жаңартылды. Сонымен қатар Каспий қайраңынан Қашаған кен орнының ашылуы да соңғы 50 жылда әлемдегі ең елеулі оқиғаның бірі болып саналады. Уақыт сынына қарамастан Атырауда ауқымды істер атқарылды. Мұны Қазақстанның тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Атырау Қазақстанның өз тәуелсіздігін алғаннан бері қалай дамығанының символы болып саналады» деген сөзі де қуаттай түседі.