Мехмет Әбділкерім Әпенді туралы не білеміз?

16 Қазан, 2019 182 0

Мехмет Әбділкерім Әпендінің (Шаһзада Әбділкерім) 1933'те Токио қаласында түскен суреті. Қасындағылар Жапон әскері...

Шаһзада Әбділкерім Осман сұлтаны Екінші Әбділқамиттің туған немересі. Атасы Екінші Әбділқамит кезінде Алтай қазақтарымен сарайда кездесу өткізген еді. Кездесуден соң Алтай мен Құлжа қазақтары Ыстанбұлға арнайы оқушы жіберуді қолға ала бастады. Соның нәтижесінде алдыңғы легпен Әбдіқадір Қасымұлы (Әбдіқадір Әпенді) бастаған бір топ қытай қазақтары Ыстанбұл Дарулмұғаллиміне (Ыстанбұл Педагогикалық Колледжі) жеті жылдық оқуға түсті. Әбдіқадір оқуын сәтті тамамдаған соң Франциялағы Мұсылмандар Колледжіне шақырту алады, бірақ ол Еуропаға бару орайынан бас тартып Құлжаға қайтып келіп Қорғастың Ластай деген жерінен заманауи үлгідегі Қазақ Мектебін ашады. Оқу бағдарламасы үсіл-і жәдит негізінде жүріледі. Ыстанбұлда оқыған Әбдіқадір Әпенді Алаш азаматтарымен де қою байланыс орнатты, ол кейін Орынбордағы Қазақ-Қырғыз съезд қарарынан соң "жаңа емле" бойынша дайындалған қазақша оқу құралдарын Құлжаға алдырып өзі ашқан мектепке негізгі дәндер қатарында оқытты. 

Қытай қазақтарының Османлы мемлекетіне оқушы жіберу науқаны 1-жаһан соғысы басталғанға дейін жүріліп жатты. 1914-жылы Алтайдағы Мәнкей Мәмиұлының Ыстанбұлға аттанбақ болып жаһан соғысының кесірінен оқу орайынан айрылуымен жалпы қытай қазақтарының Османлы мемлекетімен болған ағартушылық қарым-қатынасы кілт үзілген еді. Осыған байланысты тарихи құжаттарды ақтарып жүрмін, тың жаңалығымды кейін айтайын. Бүгін тағы бір қызық ақпаратты бөліспекпін...

Суреттегі Шаһзада Әбділкерімді Жапондар Қашқариядағы Шарқи Түркістан Респубиликасының саяси тағына әкелмекші болған, суреттегі кездесу де соған байланысты Токиода түсірілген. Жапонияның шыңжаң өлкесіндегі қазақтармен болған байланыстары 1905'тегі жапон-ресей соғысынан соң басталды. Соғыста жеңген Жапондар Моңғолия даласы арқылы  Шыңжаң өлкесіне ғылми экспедиция жібере бастады. Экспедиция құрамындағы белгісіз тұлғалар Алтай Сар-Сүмбеде, Қобдада және Шәуешекте бірқанша кездесулер де ұйымдастырған. Басты мақсат жергілікті тұрғындардың тұрымын жіпшелеу, үкіметпен қатынастарын зерттеу, тб. Бірақ, олардың да іс-қимылы Шыңжаң өлкелік үкіметтің тыңшылары жағынан қатаң бақылауға алынып отырған. Жапондардың шыңжаң өлкесімен байланыс орнатуының жаңа кезеңі 1917-жылдан соң қайта жандана түсті. Патшалық ресейдегі саяси өзгерістерді жіті бақылап отырған Жапондар 1917-1918 жылдары Шәуешекке келіп Сібірден келген Омбы үкіметінің әскерлерімен диалог орнатқан. Қытайға асқан Ақтар құрамында Алаш жасағы да болғандықтан Жапондар оларды "Жапон азаматтығына өтуге шақырған және азаматтыққа өткен отбасы саны қырықтан асса Шәуешек қаласынан Жапон консулын ашамыз" деп уәде берген. Бұл туралы тарихи мәлімдеме шыңжаң өлкелік үкіметінің тыңшылары арқылы Үрімжідегі губернатор Яң Зыңшинге (杨增新) де жетіп отырған. Яң өңірдегі саяси жағдайды Пекинге дүркін дүркін жолдап, орталық үкіметтен саяси ситуация туралы кеңес сұрап отырған. Жапондар мен Ақтар арасындағы диалог анша ойдағыдай болмаған ұқсайды, көп ұсыныстарды Ақтар жағы қабылдамапты... 

Жапондардың Шыңжаң өлкесіндегі саяси оқиғаларға араласуы 1928-1934 жылдары тағы жандана бастады. Жапондардың шыңжаң экспедициясына көп кедергі жасаған Яң губернатор 1928'де өлтірілді. Осы орайды мықты пайдаланған Жапондар Алтайдағы қазақтармен байланыс орнатуды көздеді. Бірақ Алтайдағы қазақ оқығандары Зайсан қаласында совет жақпен жасырын келсімшарт түзгендіктен Жапондардың нақты диалог жасауға нәтижесі өнім бермеді. Зайсан келсіміне қатыспаған екінші саяси таңдауды жасаған бірбөлім қазақтар Гансу мен Цинхайға аууып кеткендіктен Жапондардың оларға агент жіберіп тіл-хат алуы нақты іске асты ма, қазірше белгісіз... Бірақ, Жапондар Манжурияда үкімет құрып үлгіргені шын. Қытай-Жапон қатынастары ушыға бастаған соң Жапондар қытайдың ішіндегі анти-қытайшыл күштерді басты нысанға алды. Оның төрт түрлі жобасы болды: Тибеттер, Манжурлар, Моғолдар және Түркілер.

1931-жылы Манжурия респубиликасы Жапондар жағынан илан етілген соң (жарияланғанда), екінші мақсат Моғолдар мен Түркілер болды. Жапон агенттері Шәріпқан Көгедаймен, Баймолда Қарекемен және Әбеу, Қызырлармен диалог орнатпақшы болды. Егер сәтті болса Моғол-Қазақ одағын құрғызып бөліп әкетпекші... Бірақ, диалог аса сәтті болмады. Совет агенттері Жапондардан ерте қимылдап қазақ зиялыларын өзіне бұрып әкетті. Шәріпқан Көгедай бастаған ұлт азаттық зиялылары Совет арқылы қытайда "ұлттық автономия" құруды көздеді. Советтің Алтай Сар-Сүмбедегі консулы бұл саяси таңдауды Мәскеу арқылы Нан-Кин үкіметіне жолдайтынын ескертті. Қош, не керек...

Сәтсіз кездесуден соң Жапондар Қашқарияны көзде ұстауды жөн санады да, Османлы сұлтандарының  шетеллегі сергелдең немерелеріне қолқа сала бастады. Егер Осман ұрпақтарын Қашқарияға әкеле алса, онда Манжурия респубиликасы сияқты екінші респубилика Қашқарияда құрылмақ-дұр. Зәудеғалам, құрылса Жапонның Азия кіндігіне жету арманы бір табан жақындамақ-дұр. Қош, не керек, 1933-жылы шетелде сергелдең ғұмыр кешіп жүрген аты мәшһүр Екінші Әбділқамиттің туған немересі Шаһзада Мехмет Әбдікерім Әпендіні Индия мен Сингапор арқылы Токиоға алдырады. Сөйтіп Токиода "шыңжаң мәселесі" жан-жақты талқылана бастайды. Қытайдағы Түркі Респубиликасының нақты саяси көріністері кеңесіледі...

Әңгіме осы араға дейін болсын, жалғасын алда тарихи құжаттармен жазатын боламын. Шаһзада Мехмет Әбдікерім Әпенді 1935-жылы Ню-Йорк қаласындағы бір қонақ үйде Жапон тыңшылары жағынан өлтірілген...

Елдос Орданың фейсбук парақшасынан алынды

Тегтер: ШаһзадаӘбділкерім, жапон, әскер

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.