Жаңалықтар

З.Қабылдинов, тарихшы: Қазақтың әл-ауқаттық қазынасын дұрыс пайдалана алмай жүрміз

Биыл еліміздің Тәуелсіздік алып, егемен ел атанғанына 30 жыл толып отыр. Тарих үшін аз уақыт десек те, үш онжылдық Қазақстан секілді жас мемлекет үшін сынға толы тарихи кезең ретінде ел тарихында сақталады.

Әсіресе, алғашқы он жылдықта еліміз бірқатар қиындықтарды бастан өткерсе де, мойымай, өз жолын таба білді. Бүгінде Қазақстанды дүниежүзі таниды, мойындайды, көк байрағымыз шарықтап, Әнұранымыз әлем төрінде шырқалған сәттер де аз емес. Өзінің бітімгершілік қызметі мен өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған жаһандық бастамаларының арқасында еліміз саяси салмақ пен халықаралық беделге ие болды. Осы орайда, мерейтой қарсаңында тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның жетістіктері, әлемдік аренадағы орны, жалпы адамзат игілігі үшін қабылданған оң шешімдер, «Желтоқсан» көтерілісі, Тәуелсіздік күнін атап өту секілді мәселелер жөнінде Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі Зиябек Ермұханұлы Қабылдиновпен сұқбаттасқан едік. Тарихшы Зиябек Қабылдинов ең алдымен, тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның жеткен бірқатар жетістігіне тоқталып өтті. Оның сөзінше, еліміздің ата-дәстүрін сақтап, шекарасын шегендеп, рәміздерді бекітіп, Ата-заңымызды қабылдауы да – тәуелсіздіктің жемісі. «30 жылдық Тәуелсіздікте еліміздің қол жеткізген ең үлкен жетістігі – өзінің екі жарым ғасырлық мемлекеттік дәстүрін қалпына келтіріп, дамыған елдер қатарына қосылуға бетбұрыс жасағаны. «Жалпы, 30 жылда нендей іргелі істер атқарылды» деген мәселеге келсек, оны тізбектеп айта беруге болады. Мемлекеттік аппаратпен қатар, қарулы күштер, күзет қызметі, шекаралық әскер құрылды. Біз осы 30 жылда 14 мың шақырым шекарамызды шегендеп алдық. Бұл да экономикалық және саяси дербестікті сақтауға жасалған нақты қадамдар. Әлемде әлі де шекарасын белгілеп, бекіте алмай жанталасып жүрген қаншама елдер бар, міне, сол мемлекеттерде өзара жер мәселесіне қатысты даулар туындап отырғаны белгілі. Біздің мемлекетіміздің шекараны шегендеуі – Тәуелсіздіктің негізгі жемісі, оның қауіпсіздігінің халықаралық кепілі деп айтар едім. Сондай-ақ, 1992 жылы 4 маусымда Елтаңба, Әнұран, Туымыз сынды мемлекеттік рәміздерімізді бекіттік. 1993 жылы  мемлекет пен қоғамның арасындағы өзара келісімді үйлестіруші, құқықтық мемлекет жасауға бастаушы Заң – алғаш конституциямызды қабылдадық. Ал, 1995 жылы Мемлекеттік егемендіктің және президенттік институттың нығаюына негізгі арқау болған жаңа Конституциямыз заңды күшіне енді. Ел болу жолындағы мұндай ерен қадамдарымыздың негізгі куәгері  - тарихы терең Алматы қаласы. Сондықтан Алматы қаласы Қазақстанның тәуелсіздігінің алтын бесігі, оның алға өрлеуінің негізгі іргетасы іспеттес қала. Мұның бәрі де біздің нарықтық экономика құруға, тәуелсіздігімізді нығайтуға ықпал етті», – дейді Зиябек Қабылдинов. Ғалым З.Қабылдиновтың пайымынша, еліміздің өз ұлттық валютасын енгізіп, демография мәселесіне баса назар аударғаны да елдегі экономикалық, әлеуметік жағдайға оң әсер еткен. «1993 жылы 15 қараша күні Қазақстан өзінің ұлттық валютасын енгізді. Бұл да елімізді экономикалық дербестікке әкелді. 1997 жылы астананы солтүстікке көшірдік. Тәуелсіздікке қол жеткізген қазақ халқы демография мәселесін шеше бастады. Мәселен, осыдан 30 жыл бұрын қазақтың  үлесі 40 пайыздың шамасы болса, биылғы өткен санақтың қорытындысы бойынша, республикадағы қазақ халқының үлесі 70 пайыздан асты. Оған 1991 жылдан бастап бүгінге дейін шетелдегі қандастарды елге қайтару саясатының жемісті нәтижесі. Бұл да халықтың демографиялық өсіміне ықпал жасады», – деп атап өтті. Еліміз Тәуелсіздік жылдары – беделді де ықпалды халықаралық ұйымдарға мүше болды. Нақты атап айтар болсақ, олар – БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ШЫҰ, ТМД, ЕАЭО, БЭК, ҰҚШҰ, ЭЫДҰ және басқа да халықаралық маңызға ие 100-ден астам ұйымдар. Қазақстан Орталық Азия аймағындағы он жылдық үзілістен кейін ЕҚЫҰ саммиті өткен бірінші мемлекет болды. Оның өткізілуі отанымыздың халықаралық аренадағы беделін одан әрі нығайта түсті. Тарихшы Зиябек Қабылдиновтың сөзінше, Қазақстан халықаралық ұйымдарға мүше болып қана қоймай, әлемдік деңгейдегі шешімдерді қабылдайтын алаңға айналып үлгерген. Бұл жөнінде профессор: «Қазақстанның әлемдік аренадағы рөліне тоқталатын болсақ, бүгінде көк туымызды төрткүл дүние таниды. Тәуелсіз Қазақстан халықаралық тұрақтылықты сақтау мақсатында дінаралық, сондай-ақ ұлтаралық мәселелерді реттеуде үлкен бір маңызды алаңға айналып отыр. Осы бағытта елімізде дәстүрлі және әлемдік діндер сьездері тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Осындай салмақты сьездерді өткізуге бастамашылық танытып, мұрындық болған да біздің еліміз. Ал, 2010 жылы Елордада Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының саммитін ұйымдастырдық. Бұл да әлем назарының бізге аударылуына, Қазақстан секілді елдің барын барша  әлемге паш еткен айтулы шаралардың бірі болды», – дейді. Бұдан бөлек, тарих ғылымдарының докторы Зиябек Ермұханұлы Қазақстан жаһандық экономикалық мәселелерді шешуде белсенді рөл атқарып, сала мамандарын бір ортаға ұйыстырып, оларға пікір алмасатын алаң ұсынғанын да атап өтті.

«Біздің елімізде Астана экономикалық форумы өткізіліп тұрады. Әлемдік деңгейдегі озық тәжірибелі экономика саласының мамандарын елге жинап, Қазақстанның, сонымен бірге, әлемдік мәселелерді талқылап, пікір алмасып, оларды шешу жолдарын қарастырады. Сондай-ақ, 2017 жылы Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып ЭКСПО халықаралық көрмесін өткізуі – ол біздің жер шарындағы елдер алдындағы абырой-беделіміз ғана емес, ел экономикасының дамуына қосылар үлес, әлеуметтік жағдайымыздың артуына мүмкіндік. Бұл алаң да түрлі мемлекеттік деңгейдегі экономикалық-әлеуметтік көкейкесті мәселелерді шешуде, адамзаттың хал-ахуалын жақсартуда маңызды орынға ие болып отыр. Бұл тұста айта кету қажет, посткеңестік елдер арасында Қазақстан мұндай ауқымды шараны бірінші болып өткізді. Оған 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты. Көрмеге төрт миллионға жуық адам келсе, оның жарты миллионы басқа елдерден табан тіреген қонақтар. Мұның өзі де Қазақстанның әлем елдері арасында танылуына зор мүмкіндік туғызды», – деп, ұтымды пікірлерін алға тартты ғалым ағамыз.

Бұдан бөлек, ғалым Қазақ елінің тек өз ұлты мен Отаны үшін ғана емес, жалпы адамзаттың өмірінің қауіпсіздігі мен жақсы өмір салты жолында шешімдер қабылдағанын да еске салып өтті: «Қазақстан ядролық қауіпсіздік рейтингінде ең қауіпсіз елдердің қатарында. 1991 жылғы 29 тамыздағы «Семей ядролық полигонын жабу» туралы шешім қабылданып, бұл халықтың денсаулығы мен өмірін сақтау, сондай-ақ әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосу мақсатында жасалынған шешім еді. Қазақстанның бастамасымен БҰҰ тамыздың 29-шы жұлдызын «Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні» деп жариялады. Міне, 1990 жылдардағы біздің ядролық қарудан бас тартуымыз да адамзаттың бейбіт, тыныш өмір сүруіне ықпал еткен қадамдардың бірегейі деп ойлаймын», – деп атап өтіп, еліміздің негізгі ұлтын құрайтын қазақ халқымен бірге 130-дан астам диаспора өкілдерінің тату-тәтті бір шаңырақ астында өмір сүруі де – тәуелсіздіктің жемісі екенін тілге тиек ете отырып: «Республикадағы этносаралық келісімді нығайту мақсатында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын одан әрі жандандыру керек, оның қызметін бүгінде дұрыс пайдалана алмай жүрміз. Оның мақсаты – елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз ету. Қазақстан халықтары Ассамблеясының құрылуы елдегі ұлтаралық келісімді айқындап, нығайтқан нақты шешімдердің бірі болды. Мұндай ұйымның құрылып, жұмыс атқаруы өте дұрыс. Алайда, бүгінде бұл ұйымның қызметін орынды, өз деңгейінде пайдаланып отырған жоқпыз деп ойлаймын. Сол себепті де, бұл мәселеде неғұрлым тиімді, пайдалы тұстарын қайта қарастырғанымыз жөн. Біз қайткен күнде де, қандай шараларды қолға алғанда да Ассамблеяның қызметін толықтай дұрыс пайдалануымыз міндетті, міне, осы мәселе төңірегінде ұтымды бағыт-бағдарлар таңдап, дұрыс жолға түсуіміз керек». Еске сала кетейік, биыл Қазақстанның Тәуелсіз мемлекет құрғанына 30 жыл толса, еліміздің егемен ел атануына бірден-бір себеп болған «Желтоқсан» көтерілісіне 35 жыл... Осы орайда, тарихшыға «Желтоқсаншыларға тиісті деңгейде баға берілді ме?» деп сауал қойған едік. Өз кезегінде Зиябек Қабылдинов «Желтоқсан» көтерілісіне қатысушы азаматтарға жеке әлеуметтік мәртебе берілуі керек екенін айтып өтті. «1986 жылғы көтеріліс Кеңес үкіметінің ыдырауына себеп болды. Назар аударатын жәйт, 1916 жылы Ресей империясының ыдырауына да Қазақстанда болған ұлт-азаттық көтеріліс ықпал етті. Сол секілді, 70 жылдан кейінгі Алматы қаласында орын алған  көтеріліс те Кеңес үкіметінің тарих сахнасынан шығуына әкеліп соқты. Осынау Тәуелсіздіктің бастауы болған «Желтоқсан» көтерілісінің қатысушылары бүгінге дейін өз бағасын әлі ала алған жоқ. Біріншіден, оларға ерекше саяси және әлеуметтік мәртебе берілуі тиіс. Сонымен қоса, «Желтоқсан» көтерілісінің қатысушыларына арнайы жалақы төленуі әділдік. Сондай-ақ, белгілі бір деңгейде жеңілдіктер жасалынса жөн болар еді. Олардың ел Тәуелсіздігіне сіңірген еңбегі қоғам арасында насихатталып, ерліктері келешек ұрпақтың жадында сақталуына Сіз бен Біз болып үлес қосуға міндеттіміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында осы тақырыпқа назар аударып, желтоқсаншыларды насихаттау керектігін атап өткен еді. Енді бұл мәселе қолға алынып, «Желтоқсан» көтерілісіне қатысқандар мен олардың ерлігі қоғам арасында таныла түседі деп сенемін», – деп, ойын айшықтады. Айта кетейік, ағымдағы жылдың қаңтарында жарияланған мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Биыл әйгiлi «Желтоқсан» көтерілісіне 35 жыл толады. 1986 жылы өрiмдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшiн алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсiздiгiмiздi жариялауымыздың символдық мәнi зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – «Желтоқсан» қаһармандарының азаматтық ерлiгi лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» - деп Президенттің атап өткені баршамызға мәлім. Тарихшы-ғалым Зиябек Ермұханұлы елімізде Тәуелсіздік күні өз деңгейінде аталып өтпейтіндігін, оған идеологиялық тәсіл керек екенін баса айтып өтті: «Тәуелсіздік күні өз деңгейінде атап өтілуде деп айта алмас едім. Ол үшін елімізде бір идеологиялық жақсы әдіс-тәсілдер керек сияқты. Тұтастай республика көлемінде атап өтетіндей рәсімдер қажет, осы тұрғыдан біз ақсақтаймыз. Мәселен, мемлекет басшысы Тәуелсіздік күні қарсаңында халыққа мемлекеттік маңызға ие баяндама арнады, онда салмақты да ел болу жолында маңызды ой-толғамдар айтылып, жақсы дүниелер көтерілді. Біз жалпыхалықтық деңгейде әрі қарай Тәуелсіздік қадірін өз деңгейінде жете түсініп, ең көлемде насихаттауымыз қажет. Ал бізде көп жағдайда орден-медаль марапаттаумен аяқталатын секілді. Осы жағынан алғанда жан-жақты жетілдіріп, басқа форматта атап өткен жөн сияқты. Бүкіл ел болып жұмылып, көк байрағымызды көкке көтереміз бе, патриоттық ән шырқаймыз ба, үнсіздік жариялаймыз ба?! Әрбір алаңда, көшеде Қазақстан тәуелсіздігіне арналған жарнамалар, стенділер, көрнекі суреттер, ел тәуелсіздігі үшін күрескен тұлғалар портреттері ілінуі тиісті. Міне, осындай жаңа тәсілдерді қарастыруымыз қажет-ақ», – деп, дәйекті ұсыныстарын жасады.

Бұдан бөлек, тарихшы еліміздің үш онжылдықтағы дамуына баға беріп, өз пікірімен бөлісті. Оның сөзінше, еліміздің өркендеп, дамыған елдердің қатарынан табылуы үшін қазақ халқының әл-ауқаттық қазынасын дұрыс пайдалану керек. «Өткен 30 жылда Қазақстан саяси-экономикалық жағынан алғанда бірқатар мемлекетті артқа тастап, алға жылжыды деуге болады. Дегенмен, 30 дамыған елдің қатарына қосыла алмадық. Бірақ, Қазақстанның әл-ауқаттық қазынасы 30 мемлекеттің емес, өркендеп, дамыған 10 елдің қатарына енуге мүмкіндігі жетеді. Біз бүгінде қазақтың әл-ауқаттық қазынасын дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Қазақтың әл-ауқат қазынасына оның мал шаруашылығын, диқандығын да қосуға болады. Қазақ өзінің дәстүрлі шаруашылығын әлемдік брендтер қатарына қосуға мүмкіндігі бар. Сонда бізге байлық та келмек. Әлемдегі тарыдай шашылған қазақты елге жинап, қазақ халқының үлесін 80-90 пайызға жеткізіп, бар қазақтың әл-ауқаттық қазынасын ел мүддесіне қызмет етуге, мемлекетті өркендету жолына жұмсауымыз қажет. Мәселен, әлемдегі көп халықтардың тарихи қалыптасқан өзіндік салт-дәстүрлері жоқ. Олар кезінде құлдық күндерді бастан кешті, кейіннен салт-дәстүрін де, ділін де, рухын да жоғалтып алды. Ал, қазақ халқы – табиғатынан еркін, азат халық. Сонымен қатар, қазақтың текті халық екенін, ата-баба дәстүрін, шежіресін бойтұмар етіп, Жеті атасын жетік білуді міндет санайтын, қонақжай, дарқан мінезді, «үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсететін халық. Міне, мұндай игі қасиеттерді өзге халықтар үлгі етіп, үйренуге тырысып жататындығын айтып өтуіміз қажет», – деп сөзін түйіндеді.