Алдағы 3 жылда Ақмолада үш ауысымда оқыту мәселесі толық шешіледі
Алдағы 3 жылда Ақмолада үш ауысымда оқыту мәселесі толық шешіледі
Ақмолада 2020-2025 жылдарға арналған білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде үш ауысымды оқыту мәселесін толық шешу жоспарланып отыр,- деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламадағы міндеттер толық орындалды. Облыс бойынша 3 жыл ішінде 58 мектепке дейінгі білім беру нысаны ашылды. Осының арқасында балалардың мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамтылу көрсеткіші 100 пайызға орындалды.
Сонымен бірге, өңірдегі мектептерде үш ауысымды оқыту мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Алдағы 3 жыл ішінде бұл мәселені толық шешу жоспарланған. Осы бағытта жаңа мектептер мен қосымша оқыту корпустары салынатын болады», – дейді Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов.
Ведомстводан атап өткендей, сонымен қатар, өңірдегі білім беру нысандарына жөндеу жұмыстарын жүргізуге де көңіл бөлінуде. «Биылғы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша білім беру нысандарына ауқымды жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр.
Жоспар бойынша барлығы 127 жоба жүзеге асырылатын болса, оның ішінде 9 жоба құрылыс және қалпына келтіру бойынша, 29 жоба күрделі жөндеу жұмыстары және 89 жоба ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша. Бүгінгі таңда 103 жоба бойынша мердігерлермен келісімшарт жасалып, қалған 24 нысан бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде.
Бұған қоса, «Ауыл бесігі» жобасы бойынша 7 білім беру мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады», - деп толықтырды ведомстводан. Айта кетейік, аталмыш жобаларды жүзеге асыру шеңберінде өңірде 3,2 мың жаңа жұмыс орны ашылады, оның 1,6 мыңы жұмыспен қамту орталықтары арқылы.