Кез келген егеменді елдің ерекше мән беретін бағыты – білім саласы. Себебі аяғына енді ғана тұрған ел мықты мамандарды қажет ететіні белгілі.
Одан бөлек, мемлекеттің бүгіні мен ертеңі білімді ұрпаққа тікелей байланысты. Осынау 30 жыл ішінде Қазақстанның білім саласында қандай реформалар жүргізілді? Діттеген межеге жете алдық па? Талдап көрейік.
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру саласындағы құқықтық негізді қалыптастыру үшін 1992 жылы «Білім туралы», 1993 жылы «Жоғары білім туралы» заң қабылданған болатын. Кейін «Ғылым туралы», «Қазақстан Республикасындағы бала құқығы туралы», «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы», «Педагог мәртебесі туралы», «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» және басқа да заңдар қабылданды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында білім саласына айрықша назар аударып, бәсекеге қабілетті ұрпақ дайындауға басымдық беріп келеді.
«Биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Қазақстан Тұңғыш Президентіміз – Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды. Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Биылғы қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейді. Алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсаймыз. Қабылданған шаралар жемісін беріп жатыр. Педагогикалық мамандықты қалап, оқуға түскендердің орташа балы күрт өсті. Біз ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра береміз. Білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет. Мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуіміз керек деп санаймын. Өйткені олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс. Бұл ретте, ұстаздардың курстан өту үшін өз қалтасынан ақша төлеуіне жол берілмейді. Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін, - деген болатын Президент өз Жолдауында.
Кейін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін 800 емес, 1000 жаңа мектеп салуға тапсырма берді.
Білім және ғылым министрлігінің статистикалық деректеріне сәйкес елімізде 3,4 млн оқушы білім алады. Бұл балалар шамамен 7 440 мектепте оқиды. Соңғы жылдары үшауысымды оқыту мәселесін азайту мақсатында 1 800-ден аса мектеп ғимараты салынды. Одан бөлек, 2025 жылға дейін осы проблеманы толығымен шешу үшін тағы мың мектеп салу тапсырылды.
Елдегі білім саласының жетістіктері туралы Білім және ғылым министрлігі жанындағы Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова айтып берді.
Тәуелсіздік жылдарында мектептердің жалпы желісі 1991 жылы 8 841-ден 2020 жылы 7 440-қа дейін 19%-ға қысқарды. Мектептер негізінен шағын жинақты мектептердің жабылуына байланысты қысқарды. Мектеп оқушыларының контингенті 1991 жылғы 3226,4 мың адамнан 2020 жылы 3481 мың адамға дейін 7,9%-ға азайды. Бұл сыртқы және ішкі көші-қон, сондай-ақ 90-жылдардың басындағы демографиялық құлдыраумен байланысты. Бұл ретте студенттер контингенті соңғы 5 жылда 682 мың адамға (24%) өсті. PISA, TIMSS, PIRLS салыстырмалы халықаралық зерттеулер қазақстандық студенттердің оқу жетістіктерінің тәуелсіз халықаралық бағасын алуға мүмкіндік берді, - деді БҒМ өкілі.
Оның сөзінше, 2008 жылы Зияткерлік мектептерді құру жобасы басталды. Бүгінгі таңда 21 НЗМ желісі еліміздің әр аймағында озық білім беру бағдарламаларын сәтті жүзеге асырып келеді. Бұл бағдарламалар дәстүрлі мектептерге толығымен енгізіліп жатыр.
Дарынды балаларды анықтауға және оқытуға көмектесетін жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Біздің студенттердің халықаралық деңгейдегі зияткерлік іс-шараларда жеңіп алған жүлделерінің саны жылдан жылға артып келеді, - деп атап өтті Кәрімова.
Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының Білім және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде гуманитарлық пәндерді, оның ішінде «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәндерін, мектептер мен аймақтарда «Абай мектептері» мектеп-интернаттары ашылды. «Абай мектебі» мектептерінің желісі үшін «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» және «Абайтану» пәндерін тереңдетіп оқытатын жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламалары әзірленіп, бекітілді.
Қазақстанның білім және ғылым жүйесінде білім сапасын, мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын және педагогикалық қызметтің беделін арттыруға бағытталған ауқымды өзгерістер орын алды.
Сонымен қатар Тәуелсіздік жылдары елімізде жаңартылған білім беру мазмұнымен жұмыс істейтін Назарбаев Зияткерлік мектептері ашылды. Одан бөлек, елордада Назарбаев Университеті жұмыс істеп жатыр.
Ел мұғалімдерінің мәртебесін көтеру мақсатында Елбасының тапсырмасымен «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Заң аясында мұғалімдердің айлығы көтеріліп, қағазбастылық, артық жұмысқа салу мәселелері шешіліп келеді. Одан бөлек, мұғалімнің оқу жүктемесі 18 сағаттан 16 сағатқа қысқартылды. Ал еңбек демалысы 42 күннен 56 күнге созылды.
Тағы бір айта кететіні, 2003 жылы елімізде мектеп түлектерінің ЖОО-ға түсуі үшін тапсыратын сынақ – ҰБТ енгізілді. Биыл ҰБТ алғаш рет электрон форматта өткізілді.
Жалпы елімізде білім саласын дамыту үшін қолға алынып жатқан жұмыстар аз емес. Күн сайын дамып жатқан заманда көштен қалмас үшін білімді де, саналы ұрпақ тәрбиелеу қоғам алдындағы басты міндет болуы керек.