Жаңалықтар

Жанат Исаева: Қазақстан халық Ассамблеясының жұмысына дүниежүзі риза

Этносаралық келісім мен этномәдени әртүрлілік – еліміздің басты белгісі.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев этномәдени орталықтарды бір ұйымға біріктіру идеясын ортаға салды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценты, заң ғылымдарының кандидаты Жанат Исаева қазақ халқы өте бауырмал халық екенін атап өтті.

Қазақстан көпұлтты республика екені бұрыннан белгілі. Ежелден бауырмал, қайырымды қазақ халқы тағдыр-тәлкегіне ұшырап, әлемнің әр тарапынан келген ұлттарды жатсынбай, оларды туған-туыстарындай жақсы көрді. Міне, сондықтан, қазір Қазақстан көпұлтты мемлекет атанып отыр. ​​Қазақ ежелден бауырмал болғандықтан ұлт-нәсіліне қарамай, жалпы, адамзатты жақсы көреді. Ұлы Абайдың адамзатты сүй дейтін қағидасы бар емес пе?!Адамдар арасындағы сүйіспеншілік пен махаббатты қасиетті дініміз ежелден уағыздап келеді. Бойында бұрыннан исламдық рух бар ұлт ынтымақ пен достықты қадірлейді, - деді ол.

Дәл Қазақстан сияқты ұлттар достығы өнеге, халықтар достығы үлгі – дүниежүзінде ел жоқ. Біздегі халықтың ынтымақ, бірлігіне, жарастығына тәнті болған шетелдік саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері «Қазақстаннан үйрену керек» дегенді жиі айтады. Айтуынша, барлық ұлттың терезесі тең, мүдде-мақсаты бір және олардың еркін еңбек етуіне, кәсіппен шұғылдануына, барлық жағдай жасалған. Ең ерекшелік сол – кейбір ұлт өкілдерінің балалары мектепте өз ана тілінде оқиды.

Қазір адал еңбектерінің арқасында кәсіппен шұғылданып, байып жатқан отбасылар көбейіп, қауымға айнала бастаған ұлт диаспоралары бар. Ұлттық салт-дәстүрлерін сақтап, өз діндерін ұстанып, бір шаңырақ аясында тату-тәтті өмір сүріп жатқан халық тек Қазақстанда жасап жатыр. Бұған әрине, сондай-ақ оған қуанасың және мақтанышпен айтасың. Осындай ел бірлігі мен тұтастығы жолында өз бағдарламасы мен мақсаты бар Қазақстан халық Ассамблеясының жұмысына дүниежүзі риза десек артық айтпаймыз. Әрине, оның басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғаны айтпаса да түсінікті, - деп өз пікірін білдірді Жанат Исаева.

Сарапшы атап өткендей, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ерік-жігері халықтың бірлігін қамтамасыз етуге бағытталды. Бұл саясаттың өмірде іске асырылуы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделінде көрініс тауып, ол халықаралық тұрғыдан мойындалды. Оның бірқатар ерекшелігін атап көрсеткен жөн болар. Біріншіден, ҚР Конституциясында этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласын толықтай реттейтін нормалар бар. Ол «біз, Қазақстан халқы» деген сөздерден басталады, бұл әуел бастан-ақ елдің барлық азаматтарының ортақтығы идеясын білдіру үшін жазылған. Бұл ретте бізде аз ұлттар ұғымы қолданылмайды. Біз біргеміз, біртұтаспыз және үлкен ұлт немесе кіші ұлт деп бөлінбейміз. ҚР Конституциясының 39-бабында, 2-тармақта «ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады» делінген. Осылайша, біздің еліміз әу бастан-ақ мәдениеттердің, тілдердің, халық дәстүрлерінің алуан түрлілігін мойындай отырып, азаматтық қоғам құру жолын таңдады, - деп атап өтті университет доценті. Жанат Исаеваның айтуынша, қазақстандық бірегейлік – жалпыазаматтық құндылықтарды, экономикалық, әлеуметтік және мәдени мүмкіндіктер теңдігі жүйесін орнықтыруға негізделген. Екіншіден, мемлекет ұлттық саясаттың ойластырылған стратегиясын іске асыра отырып, дәйекті түрде этносаралық қатынастар саласындағы тұрақтылықтың кепілі бола білді. Бұған мына фактілер дәлел болады: Тәуелсіздіктің 26 жылы ішінде тек ҚХА қызметіне қатысты мәселелер бойынша Конституцияға, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға екі рет түзетулер қабылданды. Президенттің 10-нан астам Жарлығы шықты. ҚХА-ның орта мерзімді кезеңге арналған стратегиясы іске асырылды, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы қабылданды. Үшіншіден, Елбасының саяси ерік-жігерінің арқасында этностық және діни қатыстылығына қарамастан, азаматтық тең құқықтылықтың нақты институционалдық тетіктері құрылып, дәйектілікпен қазіргі таңда жетілдірілуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: біз серпінді экономикасы бар мығым мемлекет орнаттық. Сонымен бірге прагматикалық және болжалды сыртқы саясаттың арқасында халықаралық беделге де қол жеткіздік», дей келіп осы биікке шығарған құралдарды атап берген болатын, - деді ол өз сөзінде. Сонымен қатар Жанат Исаеваның пайымдауынша, Қазақстан Республикасы 30 жылда алдыңғы ел қатарына қосылып, дүниежүзі бойынша танымал да экономикасы тұрақты мемлекетке айнала білді. Елімізде болып жатқан әрбір өзгеріс пен жетістік Елбасымыздың еренбей ел үшін қызмет етуінің жемесі деп білемін.

Қазіргі таңда мемлекетті құрып, оны дамыту кез келген тұлғаның қолынан келе бермейді. Ол үшін аянбай тер төгіп, қызмет ету қажет, - деп сөзін қорытындылады Жанат Исаева.