Жаңалықтар

10 желтоқсан. Қазақстан астанасының ауысқанына - 24 жыл

10 желтоқсан. Қазақстан астанасының ауысқанына - 24 жыл

Бүгін - ел астанасының ресми ауысқан күні. Осыдан 24 жыл бұрын   Қазақстанның жаңа бас қаласы Ақмола қаласы (қазіргі Нұр-Сұлтан) болып жарияланды. Осы  тарихи оқиғаға қатысты елорда тұрғындары пікір білдірді, деп хабарлайды newsroom.kz тілшісі. Елордалық журналист Азамат Жомартұлының айтуынша, бұл - ел үшін маңызды күн.
«1997 жылы 10 желтоқсанда Ақмола қаласы ресми түрде астана болып жарияланды. Таңқаларлықтай жаңа қала бой көтерді. Шаһар тек әкімшілік емес, іскерлік, мәдени,  спорт, ғылым ордасына айналды. Сондықтан мен осы тарихи сәттің куәсі болғанымды мақтан тұтамын», - деді ол.
Ол осыдан 8 жыл бұрын Нұр-Сұлтанға көшіп келген.
«2013 жылы жазда Түркістаннан көшіп келдім. Ол кезде университетті енді бітірген жас журналист едім. Мұнда республикалық  БАҚ-тың бірінде жұмыс істеп, тәжірибемді шыңдадым. Әлбетте, оңай болған жоқ, біраз қиындықты бастан өткердік әрі еңсердік», - деді Азамат Жомартұлы.
Маман елордада алғаш еңбек жолын қалай бастағанын есіне түсірді. [caption id="attachment_62720" align="alignnone" width="1654"] width= Фото: Шүкір Шахай (с) e-history.kz[/caption]
«Бас қалаға көшіп келгенде Қазақ радиосы әлеумет редакциясына жұмысқа орналастым. Мұнда  бізге осы редакцияның басшысы әрі кәсіби журналист  Еділ Анықбай  бағыт-бағдар беріп отырды. Сол кісіден ақпарат жазудың қыр-сырын үйрендім. Осылайша, елордада кәсіби маман ретінде қалыптастым», - деді журналист.
Оның пікірінше, бүгінде бас шаһар - адам танымастай өзгерген.
«Бұл жер кеңестік кезеңде шағын қала болатын. Қазір бас шаһар адам танымастай кейіпке айналды. Қала қазақиланды. Сөйтіп,  қазақи орта, қазақи мәдениет қалыптасты. Бүгінде мұнда әлемдік деңгейдегі іс-шаралар өтеді», - деді маман.
Сондай-ақ Азамат Жомартұлын бас шаһармен көптеген маңызды оқиға байланыстырады.
«Сүйікті жарымды кездестіріп, отбасын құрдым. Бүгінде келіншегім екеуміз 3 баланы тәрбиелеп отырмыз.  Келешекте  балаларымыздың да осында өсіп, білім алғанын қалаймын», - журналист.
Азамат Жомартұлының  айтуынша, елорда - мүмкіндіктер қаласы.
«Мұнда жұмыс іздеген адамға екі қолға бір күрек табылады. Тек аянбай еңбек етіп, төзімді болу керек. Бастысы арманыңыз айқын болсын», - деді Азамат Жомартұлы.
Астаналық Бота Назарбайқызы да болашағын Нұр-Сұлтанмен байланыстырған.
«2005 жылы Павлодар облысынан елордаға көшіп келдім. Мұнда жоғары оқу орнын  есепші мамандығы бойынша бітірдім. 2 жыл магистратурада  оқыдым. Қазіргі уақытта қаладағы беделді жоғарғы оқу орындарының бірінде  есепші болып жұмыс істеймін», - деді шаһар тұрғыны.
Ол мұнда әр адамның маман ретінде қалыптасуы үшін барлық жағдай жасалғанын айтады. [caption id="attachment_62721" align="alignnone" width="1544"] width= Фото: Шүкір Шахай (с) e-history.kz[/caption]
«Шаһарда білікті мамандар, оқытушылар да бар. Біліктілігіңді де шыңдауға болады. Сондықтан бұл қала маған маман ретінде қалыптасуға көп септігін тигізді. Әлбетте, бұған жету жолында қиындықтар болғаны рас.  Әсіресе, баспанаға қатысты», - деді Бота Назарбайқызы.
Елордалық тұрғын бұл қиындықты еңсергенін, бас шаһарда жеке пәтерге қол жеткізгенін қуанышпен айтты.
«Менің ойымша, бұл мәселені  шешуге болады. Бастысы ниет пен мақсат болуы қажет. Ақша тиыннан құралатынын естен шығармаңыз» - деп сөзін түйіндеді Бота Назарбайқызы.