Білім беру ұйымдарындағы дінтану пәні міндетті сабақ ретінде енгізілуі керек пе?
Білім беру ұйымдарындағы дінтану пәні міндетті сабақ ретінде енгізілуі керек пе?
Биыл Қазақстан тәуелсіздік алып, егемен ел болғанына 30 жыл толып отыр. Осы тарихи кезеңде Қазақстан көп салада жаңа белестерге жетті, өз дамуында үлкен нәтижелерге қол жеткізді.
Одан дін саласы да тыс қалған жоқ. Үш онжылдықта Қазақстан КСРО құрамындағы атеистік мемлекеттен адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазынасы болып саналатын демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекетке айналды. 30 жыл ішінде Қазақстан Республикасы тиімді мемлекеттік реттеуді қамтамасыз ету арқылы дін саласындағы теңгерімді саясатты сенімді түрде жүзеге асырып келеді.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан дінаралық татулық пен келісімді қалыптастырып, зайырлы мемлекеттің өзіндік бірегей моделін құрды. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекетіміздің зайырлылығы Қазақстан дамуының маңызды бөлігі. Мұны қазіргі және болашақ қазақстандық саясаткерлер, барша қазақстандық анық түсінуі керек. Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі болғанымызды мақтан тұтамыз. Бұл - біздің салт-дәстүріміз. Бірақ біздің салт-дәстүріміз бен зайырлы қоғамымыз бар екенін, Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек», - деген болатын.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, профессор Айнұр Құрманалиева да тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дін саласында бірқатар өзгеріс орын алғанын айтады. Атеистік көзқарасты дәріптеген қоғамнан кейін зайырлы қоғамға өтіп, адамдардың діни таңдауына бостандық беріліп, барлық дінді құрметтейтін зайырлы мемлекетке айналдық. Дегенмен, сарапшының айтуынша, алғашқы жылдары дін саласы мемлекеттің неғұрлым либералды заң аясында дамыды.
«Тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылдығында елдегі дін саласы мемелекеттің неғұрлым либералды заң аясында дамыды. 90-жылдардың аяғындағы көрші ел Өзбекстанда орын алған террорлық актілерге байланысты, бұқаралық ақпарат құралдарында берілген бірқатар ақпаратқа сәйкес, сонымен қоса қоғамдағы резонансты жағдайларға байланысты дін саласына көбірек назар аударыла бастады. Дін саласының өте нәзік екенін және дереу шешуді қажет ететін мәселелер бар екені анықтала бастады. Осы кезде елімізде «Терроризмге қарсы комитет», «Дін істері жөніндегі комитет», 1999 жылғы «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңы және 2005 жылғы «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» қабылданды. Бұл мемлекет тарапынан дін саласындағы мәселелерді шешуге жасалған және экстремизм мен терроризмді болдырмауға бағытталған шаралар болды», - деді Айнұр Құрманалиева.Оның сөзінше, кейін еліміздегі бірқатар жағдайға, мәселен, 2011 жылғы болған оқиғалар дін саласын өзектілендіре түсті. Осы кезеңдері Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы жаңа заң қабылданып, діни бірлестіктердің тіркелу талаптары қайта қаралды.
«Сөйтіп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тіркелген діни бірлестіктер саны қысқартылып, мәселен, 46 конфессиядан 18 конфессияға дейін қысқарып, мемлекеттік деңгейде заңдық нормаларға сәйкес бақылаудың бір тетіктері жасалды деп айтуға болады. Сонымен қоса, мемлекеттік деңгейде бірқатар бағдарлама, атап айтсақ, «ҚР дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» және ҚР діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, дін саласындағы жағдай жолға қойылды», - деді профессор.Дінтану және мәдениеттану кафедрасы меңгерушісінің айтуынша, дінтану теориясында діннің интеграциялық қызметінің орны ерекше. Бұл дегеніміз - діннің қоғамды, елді ұйыстырушы потенциалы бар деген сөз.
«2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның преамбуласында қазақ халқының тарихи қалыптасуында ислам дінінің ханафи мазхабы туралы және христиандықтың православие бағытының маңыздылығы туралы айтылған. Сонымен қатар, елімізде тіркелген діни бірлестіктердің бір шаңырақ астында, яғни қазақ топырағында өмір сүруі – еліміздегі конфессияаралық келісімнің нақты дәлел бола алады», - деп атап өтті ол.Сонымен қоса, Айнұр Құрманалиева қазақ жастарының басқа ағымдардың жетегінде кетуіне қатысты өз ойымен бөлісті. Оның сөзінше, қазақ мәдениетіне жат діни ұйымдардың жұмысы, әсересе, пандемия кезінде жанданған. Оның пікірінше, мұндай жағдай тек жастарға ғана емес, оның ықпалын ересек адамдар да көруі мүмкін.
«Қазіргі кезде, әсересе, пандемия кезінде көптеген діни ұйым мен бірлестіктің, қазақ жастарының мәдениетіне сәйкес келмейтін құндылықтарды дәріптеулері байқалып жатады. Бұл бір жағынан жастардың кез келген ақпаратты интернеттен іздеуге тырысатындығымен түсіндіріледі. Өмірдегі қиындықтармен күресу, коммуникацияның аз болу себебінен, яғни адамдармен араласудың азаюы - жастардың өз-өздерімен қалып қоюларына әкелді. Осы сәтте көптеген діни ұйым өздерінің миссионерлік жұмыстарын белсенді атқаруларының салдарынан жастардың басым бөлігі солардың жетегінде кетулері мүмкін», - деді профессор.Сондықтан, маманның сөзінше, жастарды жат ағымдардың жетегінде кетіп қалуынан қорғау үшін дінтану пәні мектептерде міндетті сабақ ретінде өткізілуі керек.
«Қазір біздің жастарымыздың көпшілігі - білім беру мекемелерінде, жоғары оқу орындарында, мектептерде. Сондықтан, дінтану пәні толықтай оқытылуы керек деген ойдамын. Мәселен, мектептерде «Зайырлы және дінтану негіздері» деген пән бар. Бірақ бұл пән таңдау пәні немесе факультатив ретінде беріледі. Егер де мектеп жасындағы, үлкен өмірге қадам басқан жоғары оқу орындарындағы жастарды, сонымен бірге еңбек нарығындағы азаматтарға иммунитет қалыптастырмыз десек, мектептегі «Зайырлы және дінтану» сабағын міндетті пән ретінде өтуі тиіс. Сонымен қоса, жоғары оқу орындарында дінтану пәнін барлық факультетте және барлық мамандықта оқитын студенттер үшін міндетті пән етсек, еліміздегі бірқатар проблеманың алдын алатын едік», - деп толықтырды ол.Бұдан бөлек, Айнұр Құрманалиева өзі қызмет ететін университетте дінтану сасындағы мамандарды қалай дайындалатынын айта келе, университеттердегі барлық мамандықта оқитын студенттерге дінтануды міндетті пән ретінде енгізу туралы ұсыныс айтты.
«1999 жылдан бастап Қазақ ұлттық университетінде дінтану бойынша бакалавр, магистратура, докторантура деңгейінде мамандарды дайындап келеміз. Мұнда дінтану мәселелеріне қатысты, оларды қалай шешу керек, қалай алдын алу керек, дін саласындағы мәселелер орын алған жағдайда қандай іс-шаралар жүзеге асырылуы керек деген жан-жақты мәселелер қамтылады. Сонымен бірге, әр оқытушы практикалық жұмысындағы тәжірибесімен бөлісе отырып, студенттеріміздің жеке тұлға ретінде, осы салада мықты маман болуына ықпал етеді», - деді ол.Оның сөзінше, студенттер теориялық алған білімдерін практикада жүзеге асыра алады. Мәселен, олардың Алматы қаласындағы дін істері басқармасында, Діндердерді зерттеу және талдау орталықтарында тәжірибеден өтуге мүмкіндіктері бар.