Қазақстанның 30 дін саласындағы ахуалы: зайырлы мемлекет ретіндегі рөлінің маңыздылығы
Қазақстанның 30 дін саласындағы ахуалы: зайырлы мемлекет ретіндегі рөлінің маңыздылығы
Қазақстан Республикасы өз тəуелсіздігін жариялағаннан бастап соған дейін 70 жыл бойы үстемдік құрған тотатилитарлық жүйенің мұрасынан бас тартып, елімізде демократиялық жүйеге өту мен соған сәйкес құндылықтарды қалыптастыру кезеңі басталғаны мәлім.
Тәуелсіздік жылдары дін саласы қалай дамығаны туралы сарапшы Мейрам Иманбаевтан сұрап білген едік.
Спикердің айтуынша, еліміздің демократиялық саяси жүйеге бет бұруы, өз кезегінде Кеңес заманындағы дінге қатысты атеистік саясаттан бас тартуға және адамның діни сенімі мен бостандығын басшылыққа алатын дін саласын реттейтін жаңа заңды қабылдауына алып келді.
Осы орайда 1992 жылы 15-қаңтарда «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының заңының қабылдануы осы қатардағы маңызды оқиға болды десек артық айтқандық емес.Осы кезден бастап мемлекет азаматтардың діни сеніміне және діни бірлестіктердің еркін қызмет атқаруына кең мүмкіндіктер берді. Сәйкесінше, бұл діннің қоғамымыздың мәдени, рухани өміріндегі рөлінің артуына және діни бірлестіктердің, мешіттер мен шіркеулердің және басқа да ғибадат үйлері санының еселеп өсуіне алып келді, - деді Мейрам Иманбаев.
Оның айтуынша, осы орайда дін саласын реттеу мақсатында 1992 жылы қабылданған жоғарыда аталған заң өзіне жүктелген міндетті толық орындаған прогрессивті және дер кезінде қабылданған құжат болғанын айта кету керек.
Десек те уақыт өте келе 2000-жылдардан бастап қоғам тарапынан сол кездегі қолданыстағы заңға көңіл толмаушылықтар айтылып, азаматтар мен қоғамдық ұйымдар тарапынан оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар түсе бастады. Заңның кемшін тұстары ретінде тіркелу мəселесінің барынша солқылдақтығы, сырттан келетін миссионерлерге шектеулердің болмауы, олардың əкеліп, таратып жатқан діни əдебиеттерінің мазмұнына ешкімнің назар аудармауы, көп айтылатын. Сол кездегі дін істерімен айналысатын уәкілетті органның түрлі министрліктерге беріліп келуі де бұл істерді реттеуде тұрақты мүмкіншілік тудырмады. Осылардың бəрі, сайып келгенде,
елімізде келеңсіз сипаттағы діни ұйымдар мен ағымдардың кең таралуына жол ашып, мұның соңы діни радикализм мен экстремизмнің біршама көрініс беруіне алып келді, - дейді сарапшы.
Мемлекет дін саласындағы осындай келеңсіз көріністерден соң осы саланы реттейтін жаңа заңның қажеттігін ескеріп, 2011 жылғы қазан айында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» қолданыстағы заңды қабылдаған. Осы ретте, қолданыстағы заңның қабылдануы еліміздің діни кеңістігінде орын алған көптеген мәселелерді жүйелі түрде шешуге мүмкіндік бергенін айта кету керек.
Қазақстан Республикасының Конституциясында еліміздің өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны, оның ең қымбат қазынасы адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатыны анық-қанық атап көрсетілген.
Конституцияның осы қағидалары қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңында мемлекетіміздің әр адамның ар-ождан бостандығы құқығын растайтыны, әркiмнiң дiни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретіні нақты көрініс тапқан.
Мейрам Иманбаев та діни бірлестіктердің еркін қызмет атқаруы еліміздің заманауи құқықтық мемлекет ретінде орнығуы мен қызмет атқаруының негізін құрайтын қағидаттардың бірі екенін айтады.
Осы ретте қолданыстағы заң прембуласында ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитыны, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтіні көрініс тапқанын айта кету керек. Бұл ұстаным жоғарыда аталған дәстүрлі діндердің халқымыздың өмірінде алатын мәдени мәнін ғана айшықтайды және ол діни бірлестіктердің заң алдындағы теңдігін бұзбайды, өйткені қолданыстағы заң дәстүрлі діндерге қатынаста құқықтық немесе қаржылық артықшылықтар бермейді. Мемлекет ислам мен православиеге және өзге де конфессияларға теңдей дәрежеде құрмет танытады, - дейді ол.
Осы орайда, елімізде қандай да бір ресми немесе міндетті діннің жоқтығын Қазақстандағы мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастың басты сипаттамасы ретінде анықтауға болады. Бұл мемлекеттің қоғамдағы ар-ождан және діни сенім бостандығын шынайы қамтамасыз ететіндігін, азаматтардың өз еркімен және қандай да бір мәжбүрлеусіз дінге қатынасын анықтай алатынын немесе өзін қандай да бір дінмен байланыстырмай және белгілі бір діни институттарға жүгінбей-ақ өмір сүре алатындығын білдіреді. Мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынасты ұйымдастырудың осындай ұстанымы еліміздегі мәдени және дүниетанымдық саналуандылық пен плюрализмді орнықтыру мақсатына толыққанды сәйкес келеді.
Тұжырымдап айтар болсақ, еліміздегі діни саланың дамуы оңды сипатқа ие.
Діннің ел бірлігін сақтаудағы рөлі қандай? деген сұрақтың туындауы да заңды. Себебі Қазақстан көпұлтты, көп конфессиялы мемлекет.
Сарапшы Мейрам Иманбаев та діннің қоғамымыздағы ауызбіршілікті сақтаудағы және оны ары қарай ілгерілетудегі рөлі өте үлкен екенін айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2019 жылғы халыққа арнаған алғашқы жолдауында қоғамдық келісімді нығайтудың өзектілігіне тоқтала отырып, қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдей түсуі туралы айтқан сөзінің қатарында дінаралық түсіністікті қалыптастыра берудің маңызына тоқталуы жайдан-жай емес. Осы орайда, біздің қоғамымызда іске асырылып отырған конфессияаралық келісімді сақтау мен нығайту саясаты ұлттық араздық пен дінді желеу ететін экстремистік идеяларға нақты тосқауыл бола алатын маңызды тетік екенін айта кету қажет. Сондықтан да мемлекетіміз осы бағыттағы өз саясатын тәуелсіздігіміздің 30 жылының өн бойында бірізді және кешенді түрде іске асырып келеді, - дейді ол.Оның айтуынша, ұлттық құндылықтарды сақтау мен қазақстандық бірегейлік туралы айтқанда сан ғасырлардан бері халқымыздың діни-рухани тұтастығын қамтамасыз етіп келе жатқан қазақтың дәстүрлі дінінің қоғамымызда ерекше рөлге ие екенін ерекше атап өтуіміз керек. Халқымыздың тарихи дамуына үлес қосып келе жатқан өзіндік ерекшелікке ие діни дүниетаным бүгінгі күні де ұлтымыздың рухани жаңғыруына септігін тигізіп, еліміздің бірлігі мен ұлтымыздың тұтастығының сақталуында жасампаздық рөл атқарып отыр. Сондықтан қоғамдағы татулық пен келісімді сақтау мен нығайту еліміздің бүгінгі және болашақтағы дамуының басты кепілдіктерінің қатарында тұрақты өлшем ретінде қала беретін болады. Осы орайда, мемлекетіміздің конституциясында көрініс тапқан зайырлылық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, діни сенімді құрметтеу арқылы қоғамдағы өзара сенімге негізделген ауызбіршілікті сақтауға тек билік ғана емес, азаматтар да шынайы мүдделі болуы тиіс. Біз сонда ғана ертеңімізге сеніммен қарай алатын іргесі берік жұрт бола алатынымыз сөзсіз, - деді сарапшы. Сарапшы Қазақстан зайырлы ел ретінде ондағы халықтар қай дінді ұстанса да өздері білетінін айтады. Әрине, діни әралуандылықты басшылыққа алатын басқада демократиялық елдердегі тәрізді біздің азаматтарымыз дінді ұстану-ұстанбау немесе қай діни сенімге көңілі жығылатынын өздері шешеді, өздері таңдайды. Осы ретте, бүгінде басқа дінді таңдаған қазақтардың бірді-екілі өкілін кездестіруге болады десек те, мұндай деректерді кез келген елден немесе кез-келген халықтың өкілінен де кездестіруге болатыны айдай анық. Сондықтан қазақ жастарының көбі басқа діндерге өтіп жатыр деген деректердің еш қисыны жоқ.
Жалпы бүгінгі күнде елімізде дін ұстаймын деген азаматтар мен діни ұйымдар үшін қолайлы жағдай қалыптасқан. Мемлекет азаматтарды дін ұстанады немесе ұстанбайды деп алаламайды. Дін ұстайсыз ба – ұстаңыз, ұстамайсыз ба – ол да өз еркіңіз. Ең бастысы – заңды бұзбаңыз, қоғамдағы ауызбіршілік пен келісімнің шырқын кетіретін әрекеттерге бармаңыз, діни алауыздық тудыратын сөздер айтып жұрттың мазасын алмаңыз, өз діни сеніміңізді басқаларға мәжбүрлеп таңбаңыз. Меніңше, осындай қарапайым әрі түсінікті ережелер азаматтардың дін мәселесінде бір-бірінің сеніміне құрметпен қарап, мемлекет заңдарына құрмет танытуларын нығайта түсері анық, - дейді Мейрам Иманбаев.Ол атағандай, мемлекет дінге қатысты дұрыс саясат жасақтай алған қоғамда дін қоғам мен мемлекеттің дамуына оңды ықпал ететін факторға айналатыны анық. Бұған біздің елімізде қолға алынып, іске асырылып отырған дін саласындағы саясат нақты мысал бола алады десем артық айтқандық болмас деп ойлаймын. Әрине, бұл бүгінгі таңда еліміздің дін саласында ешқандай мәселе жоқ деген сөз емес. Өкінішке орай, жекелеген діни бірлестіктер тарапынан еліміздің заңнама талаптарын сақтамауы, діндар азаматтардың өз ұстанымдарын мемлекеттің зайырлы қағидаттарына қарсы қоюы, діндар топтардың арасында радикалдық көзқарастағы ұстанымның белең алуы тәрізді келеңсіз көріністер орын алуда. Десек те, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың қоғамдық ұйымдармен, діни бірлестіктермен бірлесе жүргізіп отырған жұмыстарының нәтижесінде мұндай келеңсіздіктер пәрменді еңсеріліп отырғаны туралы толық сеніммен айта аламын, - деді ол.
Дін саласындағы уәкілетті орган болып табылатын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті өңірлердегі дін істері басқармаларымен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен, діни бірлестіктермен, қоғамдық ұйымдармен және ақпарат құралдарын тарта отырып, еліміздің дін саласын реттейтін қолданыстағы заңнамасының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету, діни бірлестіктермен өзара сенімге негізделген әрекеттестіктерді одан әрі дамыту, қоғамда зайырлылық қағидаттарын нығайту, еліміздің тұрғындарының дін саласындағы мәселелер бойынша сауатын көтеру мақсатында ақпараттық, ағартушылық және түсіндіру жұмыстарын жүргізу, діни әдебиеттер мен ақпараттық материалдарды дінтанулық сараптамадан өткізу, интернет-ресурстарды мониторингтеу арқылы күмәнді діни идеяларды таратумен айналысатын сайттар мен парақшаларды анықтау және олардың жолын кесу бағытында жұмыстарды күшейту, діни радикализмнің алдын алу, әртүрлі діни ағымдар мен жалған діни ұйымдардан зардап шеккендерге кеңес беру және оңалту бағытындағы жұмыстармен күнбе-күн және жүйелі жұмыстарды іске асырып отыр.Ал осындай кешенді жұмыстардың нәтижесі бәрімізге мәлім – бүгінгі күнде Қазақстанда мемлекет пен діннің түйісетін шегінде қандай да бір күрделі мәселе жоқ және қоғамдағы діни ахуал тұрақты.Елімізде көптеген этностық топтардың өкілдері өмір сүретіндіктен олардың бір-бірінің діни сенімдеріне құрметпен қарауына, татулық пен келісімде өмір сүруіне таңқалудың керегі жоқ. Бұл солай болуы тиіс шынайылық. Мемлекет азаматтардың барлығына ортақ өмір сүру кеңістігіне кепілдік беретін болса, ал оны мағыналық толтыру азаматтардың қолында. Сондықтан ұлт, дін деп бөлінбей ортақ игілікті молайта беру – бәріміздің міндетіміз.Еліміз аман, Тәуелсіздігіміз баянды болсын, - деді Мейрам Иманбаев.