Мәдени мұраны сақтау – ұрпақ міндеті
Мәдени мұраны сақтау – ұрпақ міндеті
Түркі жұртының ортақ жауһары - Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі (ХІІ-ХІҮ ғғ.) мен Рәбия Сұлтан бегім кесенесі (ХV ғ) Түркістан облысының 2025 жылға дейінгі даму жоспары аясында талапқа сай қайта жаңғырту жұмыстарынан өткізіліп келеді.
Мәселен, былтыр - 2020 жылы «Қазқайтажаңғырту» РМК тарапынан кесененің ішкі бөлмелерінде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, қазандық бөлмесіндегі сталактиттерге реставрация жұмыстары жүргізілді. Қазандық күмбезі глазурленген қаптама қышпен қапталды. Құдықхана күмбезі қаптама қышпен қапталды. Асхана, құдықхана бөлмелерінде желдеткіш каналдар жөнделді. Қасбеттерде тігістерді сөгу (расшивка швов) жұмыстары жүргізілді. 2021 жылы да бұл жұмыстар жалғасын одан әрі тапты. Осы жылы кесененің Қазандық бөлмесінің негізгі күмбезінің сыртын глазурлі тақтайшалармен қаптау жоспарланған болатын. Кесене мен Кіші Ақсарай, Асхана және Мешіт залдарының шағын күмбездерін қалпына келтіріліп, қазандық залы, оның ішінде сталактиттер қалпына келтірілді. Кесене қабырғаларындағы панельдерді қалпына келтіру мен кесененің қасбетін, порталын, пештағын және мұнараларын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Мұндай жұмыстар кесене маңындағы Рәбия Сұлтан бегім кесенесінде (ХV ғ.) де өтті. 2020 жылы «Қазқайтажаңарту» РМК мекемесінің ғылыми-реставрациялық жұмыстардың нәтижесінде кесененің қосымша бөліктеріне реставрациялау жұмыстары жүргізілді. 2021 жылы «Қазқайтажаңарту» РМК мекемесі тарапынан портал мен кесененің парапеттері мен қасбетін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Кесене жабындарын күшейте отырып, Гурхананы қалпына келтіру, кесененің негізгі үй-жайын қалпына келтіру, кесене күмбезі мен барабанын ішінара қалпына келтіру жұмыстары жасалып келеді.
Қашан қарасаңыз да жаңғырту жұмыстары үнемі жүргізіліп жататын Ясауи кесенесінің күмбезін реставрациялау жұмыстары бертінде аяқталған болатын. Кесененің әр бөлігін жыл сайын жөндеп, қалыпқа келтіріп отыру әрдайымғы іске айналғалы қашан. 2019 жылы біткен істі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова БАҚ өкілдерімен өткен жиында таныстырды. Ауқымды жұмысты Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «Қазқайтажаңарту» РМК жүргізген болатын. Сол кезде күмбездің тарихи келбеті сақталып, желдеткіш қабаттары ретке келтірілді.
«Күмбезді қайта қалпына келтіру жұмыстары барысында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, оған белгілі тарихшылар, зерттеушілер және білікті реставраторлар қатысты. Еліміз ғана емес түбі бір түркі жұртының рухани орталығы - Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени орындарды қайта жаңғырту, зерттеу және туристік орталыққа айналдыру мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің үш жылға арналған даму жоспары бекітіліп, жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Осы орайда Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі аумағындағы тарихи орындарда қайта қалпына келтіру жұмыстары, ортағасырлық Күлтөбе қалашығы, Хан ордасы мен мешіті орналасқан магистралды көше бойында археологиялық қазба жұмыстары қарқынды жүріп жатыр», - деді Күміс Сейітова.
Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қылует жерасты мешіті (XII ғасыр), Жұма мешіті (XII-XIX ғ.), Рабия Сұлтан Бегім кесенесі (XVI ғасыр), Шилдехан (XIV-XV ғғ.), Шығыс моншасы (XVI) тағы басқа орындарда ауқымды шаралар қолға алынған. Ал ортағасырлық Күлтөбе қалашығы және Жеті ата негізгі көшелеріндегі археологиялық-қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен көне Түркістан қаласы тарихи-мәдени кешенінің аумағынан еліміздегі ең үлкен ашық аспан астындағы музей ашу жүзеге іске асырылып келеді. Аталған жұмыстарды «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі, Қазақ ғылыми зерттеу институты және «Қазқайтажаңарту» РМК жүргізген-ді.
«Әзірет Сұлтан» қорық-музейіндегі жаңғырту жұмыстарының соңғы нәтижелері әрдайым kazmuseum.kz сайтында жарияланып отырады.
«ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты ескерткіштерді қайта қалпына келтіру, зерттеу және оларды туристік орталыққа айналдыру мақсатында 18 тарихи-мәдени нысанды қайта жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқаны белгілі.
Мәдениет және спорт министрлігі танымдық және рухани туризм үшін қолайлы жағдай жасай отырып, тарихи ізденістерді жандандыру, қалпына келтіру үшін Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің 2019-2021 жылдарға арналған үш жылдық даму жоспарын қолға алып, атқарды. Осы орайда, тарихи ескерткіштерді қайта жаңғырту жұмыстары мен археологиялық қазба жұмыстары жоспарға сәйкес жүзеге асырылды.
[caption id="attachment_62606" align="aligncenter" width="600"] Фото: ru.depositphotos.com[/caption]
Кешенді ғылыми, реставрациялық жұмыстардың нәтижесінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Қабірхана, Қазандық, Үлкен Ақсарай, Қабірхана, Құдықхана бөлмелері ақталынды. Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күмбезі, Казарма, Рәбия Сұлтан Бегім кесенесі, Шығыс моншасы, Жұма мешіті, Дарбаза қақпасы, Хан мешіті, Жеті ата қақпасы, Қылует жер асты мешіттерінде реставрациялау жұмыстары қарқынды жүрді.
XI-XII ғасырдағы 40 мешіттің ішінен қазіргі заманға дейін жеткен жалғыз діни орын Жұма мешітін михрабымен бірге толығымен жаңғырту және ағаш бастырмасын кеңейту жұмыстары да жоспарланған. Нәтижесінде, мешіттің оңтүстік-шығыс қабырғаларына демонтаж жасалды. XI-XII ғасырға тән Қылует жерасты мешітін қайта жаңғырту барысында ғимараттың негізгі салмақ түсетін құрылымдары мен жерасты құрылысының іргесі кеңейтілді. Казарма - сәулеттік ғимарат. Жергілікті маңызы бар ескерткішке 2000 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген болатын. Қазіргі таңда сәулеттік ескерткіштің шатырын толығымен ауыстырылды.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің құрылымдық ерекшеліктеріне тоқталар болсақ, өркениеттердің және мәдениеттердің қарым-қатынастарын қарастыруда олардың өзгешеліктерін зерттеу өте маңызды болып табылады. Ол үшін сәулет өнерін зерттеудің маңыздылығы жоғары орын алатыны белгілі.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы 1978 жылы 30 қыркүйекте «Республикалық Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сәулет ғимараты музейі» болып ашылып, қазіргі таңда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» болып халыққы музей ретінде қызметін атқаруда. Орталық Азияның Ислам өнерінің тарихи дәуірленуі бірнеше кезеңге бөлінеді. Мұсылман архитектурасының маңызды бір кезеңі — Әмір Темір дәуірі.
Қазіргі заманда Әмір Темір дәуірінің сәулет өнерінің туындылары көп жерлерде сақталған. Әмір Темір дәуірінің сәулет өнерінің ескерткіштері – өте бай Ислам өнерінің елеулі бөлігі болып табылады. Ал Әмір Темір дәуірінің сәулет өнерінің туындыларының алғашқы үлгілері Орталық Азияда пайда болғанын ескерсек, осы аймақта орналасқан сәулет ескерткіштерін зерттеп қарастырудың орны ерекше екені анық. Әмір Темір дәуірінің сәулет өнер өз көркем үрдісі дамуының негізін қалайтын көптеген мәдениеттердің қарым-қатынастарының негізінде қалыптасты.
Әмір Темір негізін қалаған орасан зор мемлекетте әр-түрлі өнер салаларының қалыптасуы мен дамуына көп көңіл бөлгені белгілі. Әсіресе, қазіргі Орта Азия, Ауғанстан және Иран аймақтарындағы сәулет өнеріне ерекше көңіл бөлінгені анық.
Орта Азия сәулет өнері тарихында Әмір Темір дәуірі тұсында мұсылмандық сәулет өнері дамуының жаңа кезеңінің басталатынын айқындайтын маңызды да сапалы өзгерістер қалыптасты. Бұл кезең ХІҮ ғасырдың соңы мен ХҮ ғасырды қамтиды. ХІҮ ғасырдың соңынан Мәуераннахр шығармашылық ойлардың орталығына айнала бастайды. Осыған байланысты сәулет өнерінде жаңа стилдер пайда болады. Сол кезде өмір сүрген Ибн-Арабшах Әмір Темірдің сәулет сарайларына сипаттама берген кезде «олар жаңа тұрпатта салынған» деп жазады.
Сол заманға жататын түпнұсқалар Әмір Темір дәуірінің сәулет өнерінің тұтастығы, оның қоғамдық көзқарасының негізін көрсетеді.
Қалалық сәулет өнері Әмір Темір дәуірінде гүлденгені туралы Кастилия мен Лион патшасының елшісі Клавихо былай деп жазады: «Әмір Темір және оның ұрпақтары қалыптастырған дүние экономикалық өркендеуді ынталандырудың негізі болып табылады. Осыған байланысты Иран мен Орта Азияда сансыз ғимараттардың салынуы сәулетшілерді шабыттандыра түсті. Аруақ қонған жерлер ерекше көңілге алынды: бар ғимараттар қайта жаңғыртылды және әшекейлендірілді, көптеген жаңа кесенелер салынды».
Әмір Темірдің көркем мұрасы Орта Азия өнер тарихының жарқын беті деп айтуға әбден болады. 1379 жылдан бастап Әмір Темір Хорезм, Тебриз, Шираз, Индия және Сирия аймақтарының сәулетшілерін өз мемлекетіне жинады. Осы сәулетшілер Әмір Темірдің бастауымен көрнектілігі жағынан ерекше орын алатын жаңа тұрпатын қалыптастырды. Бұл тұстағы сәулет өнерінің туындыларының ішінде Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі ерекше орын алады. Аталмыш ғимарат Әмір Темір дәурінің сәулет өнерінің алғашқы туындыларының біріне жататыны белгілі. Сонымен қатар, осы ғимаратты салу барысында қолданған тәсілдер кейінен Әмір Темір мемлекетінің астанасы Самарқандыда көп қолданылғаны мәлім.
Түркістан қаласына жақындаған кезде ең бірінші болып көрінетін Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Биіктігі жағынан оған тең келетін сол заманғы ғимараттар өте аз болып табылады. Осы қасиет оның негізгі бір ерекшелігіне жататынын атап өту қажет. Әмір Темір дәуірінің сәулет өнері Ақсақ Темір мемлекетінің ой-санасы дамуын көрсететін бірден-бір құрал екені анық. Осы дәуірдің сәулет өнерін зерттеу барысында салынған ғимарттардың биіктігі бірден көзге түседі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі осы пікірдің дәлелі болып табылатыны анық.
Шахрисябздағы Ақ-Сарайдың маңдайында Әмір Темір мынадай ұран жаздырған: «Біздің қуатымызға, күшімізге күмән келтірсең – біздің салған ғимараттарға қара».
Әмір Темір дәуірінің сәулет өнерінің көзге түсер ерекшелігі оның ауқымдылығы мен салтанатты байлығы. Осы факторлар мемлекеттің қуаттылығын, күштілігін көрсетуге арналған. Осы концепцияны іске асыруда сәулет ғимараттарының кейбір бөліктері ерекше орын алады. Мысал ретінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің мұнаралары мен қасбетін алуға болады. Кесененің мұнаралары екі түрлі ойға келтіреді. Оның орасан биіктігі ресми діни орталығының орнын айқындап көрсетсе, екінші жағынан – ғимараттың сәнін келтіреді. Жалпы айтқанда мемлекет басшысының қуатын көрсетіп, Ислам дінінің осы жерде басшылығын айқындайды. Кесененің қасбеті де сол қызметтерді атқарып тұр.
Ғимараттың құрылымдық элементтері де маңызды ақпарат беруі тиіс еді. Күмбездің рәміздік қасиеттері туралы ойларды бірнеше ғалымдар білдірген болатын. Әмір Темір тапсырыс беруші ретінде өзі де күмбездерге көп көңіл бөлгені белгілі. Өзінің қатысуымен ол осы тұрпаттың қалыптасуына үлкен үлесін қосты.
Орта Азиядағы Әмір Темір дәуірінің сәулет өнерінің ескерткіштерін екі топқа бөлуге болады. Бірінші топқа сәулет ғимараттарының тұрпатын полихромдық (түрлі-түсті) әшекейлендіру айқындайтын ғимараттар жатады. Екінші топқа керісінше, полихромдық әшекейлендіру сәулет ғимаратын «жұтып», оның негізгі құрылымдарын көрсетпейтін ғимараттар жатады.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ғимараттардың бірінші тобына жатады. Бұл ғимарттың декоративтік әшекейлендірілуі кесененің сәулет құрылым-дарын анық, күшейтіп көрсететіні анық көрініп тұр. Бұл топқа және Ақ-Сарай мен Бибі Ханымның кесенесін жатқызуға болады.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сәулет ескерткішінің құрылымы жағынан атап өтуді жөн көрдік. Құрылысты жүргізуді Әмір Темір өз дуанында игілікті істермен шұғылданатын Мәулен Убайдулла Садырға жүктейді [3, 8 бет]. Кесенені салу жедел қолға алынып, сол заманғы деңгейден қарағанда, аса қарқынды жүргізілді. Негізгі және қосалқы бөлмелерді салу кезінде құрылысшылар қолдарындағы архитектуралық сызбалар мен ғимарат жобасына сүйеніп отырды. Архитектуралық көлемдер мен олардың бөлшектерінің асқан шеберлікпен салынғандығының себебін тек осылай ғана түсіндіруге болады. Әмір Темірдің болашақ кесене жобасын жасауға тікелей қатысып, құрылысшыларға нақты нұсқау бергендігін әр-түрлі жазба деректер де дәлелдейді.
Жобаны әзірлеу барысында олар белгілі бір модульді пайдаланды, оның жартысы да ширегі де өлшем ретінде жүре беретін. Сондай ақ, композициялық негіз етіп алынған модульдік жүйе де қолданылатын. Осы жүйе бойынша архитектуралық көлемдердің мөлшері ішкі және сыртқы тарамдардың, қуыстардың түрлері, қанаттардың ұзындығы, терезе және есік ойықтарының, аркалардың, қуыстардың, күмбездердің, сталактиттердің және тағы басқа бөлшектер өлшемдерінің тепе-теңдіктері белгіленіп отыратын. Ғимараттың жеке бөліктерінің жобадағы және кеңістіктегі өзара үйлесімділігі, негізінен алғанда, шаршы келген қабырға ұзындықтарынан тұратын бас бөлменің көлденеңіне қаншалық сәйкесуіне байланысты белгіленген.
Осы әдіс Қожа Ахмет Ясауи кесенесін салу кезінде кеңінен қолданылды. Жобаны өлшеу нәтижесі кесененің 60,6 сантиметрлік тең қабырғалы модульдік – көлемдік торға дәл келіп тұрғанын көрсетті. Ал 60,6 см ортағасырлық бір кезге тең.
Қожа Ахмет Ясауи кешені – аса үлкен порталды күмбезді құрылыс. Оның ені 46,5 м., ұзындығы 65 м. Ғимараттың орасан зор порталы (ені 50 м. жуық) және бірнеше күмбезі бар орталық залының төңірегінде түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме салынған.
Рәбия Сұлтан бегім кесенесі – байырғы сәулет өнері ескерткіштерінің бірі. XV ғасырда Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік-шығысынан 60 метр қашықтықта тұрғызылған. 5 бөлмелі кесененің алдыңғы беті сүйір ұшты биік арка түрінде жасалған. Рәбия Сұлтан бегім кесенесінің орталық бөлігі цилиндр тәрізді биік барабанға орнатылған күмбезбен жабылған. Құлпытасында “бұл құдіретті Әмір Темір Көрегеннің ұлы, азапты ажалдан қаза тапқан, құдіретті ұлы сұлтан Ұлықбек Көрегеннің қызын, ақсүйек (құдай) кешіріп, рақымшылық жасаған, ізгі жанды Рәбия Сұлтан бегімнің тыныштық тауып жатқан жері” деп жазылған.
Рәбия Сұлтан бегім Кесенесі– ортағасырлық сәулет өнері ескерткіші (XV ғ.). Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік-шығысында 60 м жерде. Әмір Темірдің немересі, Ұлықбектің қызы, Әбілқайыр ханның әйелі, белгілі хандар Көкенші мен Сүйініштің анасы Рәбия Сұлтан бегімге арнайы салдырылған. Бұл кесененің құлыптасы Қожа Ахмет Ясауидың кесенесінен табылған. Құлыптаста Бегімнің Әмір Темірдің ұлы Ұлықбектің қызы екендегі,1485 жылы қаза болғандығы жазылады. Алғашында 8 бұрышты бір камералы, цилиндр тәріздес барабанға бекітілген биік күмбезі бар құрылыс ретінде салынып, кейіннен көп камералы шаршы жоспарлы құрылыстармен толықтырылған. Кесене - өте үлкен архитектуралық кешен. Оның құрамына 5 үлкен бөлме кіреді. Кесененің қасбеті сүйір ұшты биік арка түрінде жасалған, 8 бұрышты залы және осы залға жапсарлас салынған ұзынша келген тікбұрышты 2 үй-жай бар. Кесененің айналасынан табылған майоликалық және глазурланған тақтайшаларға қарап, оның полихромды қаптамамен қапталғанын көруге болады. Кесененің оңтүстік-шығыс бөлігінде жерасты қабірханаға кіретін есік бар. Қабірхана сыланып, боялған. Онда терімен қапталған ағаш табыттар қойылған. Рәбия Сұлтан бегімнің табытында – «бұл құдіретті Әмір Темір Көрегеннің ұлы, азапты ажалдан қаза тапқан, құдіретті, ұлы сұлтан Ұлықбек Көрегеннің қызы, ақсүйек, (құдай) кешіріп, рақымшылық жасаған, ізгі жасанды Рәбия Сұлтан бегімнің тыныштық тауып жатқан жері» деген жолдар бар. Кесене түркістандық жергілікті архитектуралық дәстүр негізінде салынған алғашқы кесене ретінде өте маңызды. 1980 жылдан қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.