Жаңалықтар

Бас қалада мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 16 мың жұмыс бар

Бас қалада мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 16 мың жұмыс бар

Мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру – оңалтудың ең жақсы тәсілі. Нұр-Сұлтан қаласында мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуына бағытталған жеңілдіктер жүйесі қарастырылған. Нұр-Сұлтанда жыл басынан бері осы санаттағы 600-ден астам жұмыспен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасаған newsroom.kz порталы. «Қазақстан заңнамасына сәйкес әр азаматтың еңбек етуге құқылы. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. І-ІІ топ санатындағылар медициналық комиссиядан рұқсат алуы керек. Себебі жұмысқа орналасқанда мүгедектігі бар адам дені сау адаммен тең саналады. Жұмыс істейтін мүгедектердің еңбек құқығын жүзеге асыруға, қауіпсіз жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасау, жұмысқа орналасуға бағытталған жеңілдіктер жүйесі қарастырылған. Мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру – оңалтудың ең жақсы тәсілі. Ол материалдық тәуелсіздікті, және ең маңыздысы – қоғамда өз орнын табуды көздейді», - делінген Халықты жұмыспен қамту орталығының хабарламасында. Жыл басынан бері 649 мүгедектігі бар азамат Халықты жұмыспен қамту орталығының көмегіне жүгінді. 644-і жұмысқа орналасты. Оның ішінде 302-сі тұрақты жұмысқа тұрды. Атап айтқанда, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша – 2, «Жастар практикасы» арқылы –14, «Әлеуметтік жұмыс орындары» арқылы – 19, «Қоғамдық жұмыстар» – 284, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 4 адам жұмыс істейді. Еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіп меңгергісі келетін жұмыссыз азаматтар үшін ұйымдастырылатын қысқа мерзімді кәсіптік оқу курстарына биыл мүгедектігі бар 8 адам жіберілді.  width= «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарлама аясында жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін халықтың әлеуметтік осал топ өкілдеріне мемлекеттік грант беріледі. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша мүмкіндігі шектеулі 11 азамат грант алып жеке кәсіп ашты. Қазір, қызмет салаларын автоматтандыруға байланысты мүгедектерге арналған жұмыс түрлерінің тізімі кеңейді. Мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын кәсіптер мен мамандықтардың атласы» әзірленді. Онда 16 мыңнан астам жұмыс бар. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілермен бірлесе мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құруды ұйымдастырады. Мүгедектерді жұмыспен қамтуға арналған арнайы жұмыс орындары – мүгедектігі бар азаматтың жеке мүмкіндіктерін ескере отырып жабдықталған жұмыс орындары. Арнайы жұмыс орындарын құру кезінде жабдықты алу және монтаждау жұмыстарына кеткен шығындар жұмыс берушілерге мемлекеттік бюджеттен субсидиялау арқылы беріледі. Әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша қосымша ақпаратты байланыс тел.-75-93-41, 95-44-23; ұялы тел.:+7 775 902 73 53; +7 705 318 9792 номерлері бойынша білуге болады. Мекенжайы: «Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ, Бейбітшілік көшесі-25, «Өркен» Бизнес орталығы.