Тәуелсіздік жылдарындағы Алматының дамуы
Тәуелсіздік жылдарындағы Алматының дамуы
1991 жылдың 16 желтоқсаны. Ел тарихына түбегейлі бетбұрыс жасалған жыл болды.
Мемлекеттің конституциялық дамуының жаңа дәуірі басталып, тағдырлы шешімдер қабылданып, ірі саяси құжаттарға қол қойылып, егеменді республиканың нормативтік-құқықтық базасы қалыптасып, халықаралық ұйымдар мен жетекші мемлекеттер тәуелсіздігімізді мойындап, еліміз төрткүл дүниеге танылды. Алматы қаласы - осы маңызды оқиғалар мен шешімдердің куәсі. 1998 жылы елорда Алматыдан астанаға ауысқаннан кейін де қала ғылыми, мәдени және білім беру орталығы мәртебесін сақтап қана қоймай, отандық экономиканың нағыз драйверіне айналды.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, тәуелсіздік жылдарында Алматы қаласының экономикасы еселеп өсті. Мәселен, Алматы қаласының жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) 1991 жылы 5,5 млрд теңгені құраса, 2020 жылы 13 546,9 млрд теңгеге жеткен. Алматы жалпы ішкі өнім көлемі бойынша республикада көш бастап тұр, сонымен қатар мемлекеттік бюджетке ең көп донор да онтүстік астана болып отыр. Шаһар экономикасының қарыштап дамыуы да қала тұрғындарының өмір сүру сапасына оң әсерін тигізуде. Мәселен, тәуелсіздік жылдарында өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа дейін ұзарды. Жұмыспен қамту шараларын қолдаудағы мемлекеттің белсенді рөлі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге көмектесті. Алматыда тұрмыс жағдайының жақсаруы бала туу мен халықтың келуіне әсер етті. Сарапшылардың болжамы бойынша, Алматы агломерациясының халқы 2035 жылға қарай екі есеге артады. Қазір 2,8 миллионға жуық адамды құраса, алдағы 15 жылда 5 млн-нан асады деген болжам бар.
Қыркүйекте өткен жиында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев пандемия салдарына қарамастан, қала экономикасы қайта қалпына келтіріліп жатқанын атап өтті. Қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш - 109,1 пайыз.
«Жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы-2025», «Еңбек», «Қарапайым заттар экономикасы», «Алматы Бизнес-2025» сияқты бағдарламалардың арқасында 191,6 млрд теңге 1,2 мыңнан астам жоба мақұлданды. Бұл 2,5 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді», - деп атап өткен еді шаһар басшысы.Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы қала экономикасын одан әрі әртараптандыру, өндірілетін тауарлардың ассортиментін және экспорт географиясын кеңейту міндетін қойған еді. 2021 жылғы статистикалық мәліметке сәйкес, жүргізілген жұмыстардың арқасында Алматының шикізаттық емес экспорты көлемінің өсімі 32,8 пайызға өсіп, 813 миллион долларды құраған. Сонымен қоса, қаладағы көліктің қолжетімділігіне ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мәселен, 2000 жылдан бері Алматыда 40-қа жуық негізгі жол-инфрақұрылымдық жобалар, атап айтқанда метро, жол айрықтары, тоннельдер, эстакадалар салынды. Бұдан бөлек, шаһардың білім саласындағы мәселесін шешуде де бірқатар жоба қолға алынды. Мәселен, өңірдегі халық санының көбеюіне байланысты негізгі проблемалардың бірі – білім беру нысандарымен қамтамасыз ету. Деректерге сүйенсек, 1991 жылдан бастап мектепке дейінгі білім беру нысандарының саны 380-ден 825-ке дейін, яғни 2,2 есеге, мектептер 187-ден 300-ге дейін, яғни 1,6 есеге, ауруханалар 58-ден 92-ге немесе 1,6 есеге дейін өсті. ҚР мәдениет саласының үздігі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы Эльза Қарабалина тәуелсіздік алған жылдары елімізде шетелдік үлгіде білім беретін университеттер мен мамандандырылған, арнайы мектептер қалыптасқанын атап өтті.
«Тәуелсіздік алғаннан 30 жылдың ішінде еліміздегі көптеген қалалар жаңа бағытта дамып, жаңа келбеті қалыптасты. Көркейген қалаларымыздың басында ерекше қарқынмен дамыған мәдени астанамыз Алматы тұр. Халық игілігі үшін жасалған даңғыл жолдар мен көпірлер, іргесі берік қаланған зәулім ғимараттар, жоғары оқу және орта оқу орындарының жаңа үлгідегі көріністері қаланың көркіне көрік қосты. Осы отыз жылдың ішінде шетелдік үлгіде білім беретін университеттер мен мамандандырылған, арнайы мектептер қалыптасты», - деді Эльза Қарабалина.Сонымен қоса, Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы қалада жаңадан бой көтерген мәдени, рухни орталықтарға тоқталып өтті.
«Орталық Азия түгіл, ТМД елдерінде жоқ, халқымыздың ұлттық музыкасын насихаттайтын, дамытатын «Алатау» дәстүрлі өнер театрының бой көтеріп, жұмыс істеуі Алматы қаласы қазақтың нағыз мәдени, рухани орталығы екенін көрсетті. Сонымен қатар, Алматы метрополитенінің халыққа пайдалануға берілуі де үлкен істің бірі болды. Әрине, Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде Алматының дамуы, өркендеуі жөнінде өте көп айтуға болады. Мұндай игі істердің бірі де Тәуелсіздіктің жемісі», - деді ҚР мәдениет саласының үздігі.Жалпы, Алматы тек рухнаи-мәдени жағынан да емес, туризм саласы бойынша қарыштап дамып келеді. Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, Қазақстанға келетін шетелдік туристердің 70 пайыздан астамы оңтүстік астанаға келеді. Қазіргі таңда Алматыда туризм саласында 97 мыңнан астам адам қызмет істейді. Орташа жалақы 158,6 мыңнан 172,7 мың теңге аралығында. Биылғы жылдың бес айында ғана туризм саласына құйылған инвестиция көлемі 40,3 млрд теңгені құраған. Жалпы, тәуелсіздіктің 30 жылында Алматы Орталық Азиядағы ең дамыған мегаполистердің біріне айналды. Болашақта да қолға алынған жобалар мен іс-шаралар халықтың тұрмысын жақсартып, қаланың экономикасын одан әрі жетілдіріп, Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына енуіне септігін тигізері сөзсіз.