Жаңалықтар

Мақсат Сқақов: Темірқазық

Мақсат Сқақов: Темірқазық

Жылда жылы жақа құстар бекер ұшпас деп, бір екі жыл бұрын мен де Дубайға демалуға билет алдым. Ұшаққа отырдым. Көршілерім жастары алпысты алқымдап, жетпіске жетіп қалған үлкен кісілер екен.
Ағамның қыр мұрнының астына қойған қою қара мұрты өзіне әдемі жарасып тұр. Жас кезінде талай сылқым сұлулардың арманы болған-ау деп қаласың. Себебі жетпіске жасы жақындаса да әлі өңін бермепті. Салалы саусағына таққан сақинасына дейін сұлу. Сымдай тартылған денесінен-ақ денсаулығына дұрыс қарайтын адам екенін бірден ұғуға болады.
Көп сөйлемейді, сырбаз. Мыйығынан күліп, мұрты майысып жымыйып отыра береді екен. Ал апам болса өзгеше. Жан жағына шуағын шашқан күн секілді жарқырап отыр. Сөздері мірдің оғындай.
Кеше ағам екеуінің шаңырақ көтергеніне елу жыл толыпты. Ұлмен қыздары Астананың төрінде алтын тойларын дүркіретіп өткізіп беріп,қолдарына Дубайға он күндік путевканы ұстата салыпты.
Күләш апаммен Сметулла ағаның қуанышында шек жоқ. Ата бабамыз аяқ баспаған жерге алғаш рет бақыттан басымыз айналып бара жатырмыз. Ыстық шеге құмға жатып, теңіздің тұзды суына әбден түсіп қайтпасам ба дейді апам.
Бір шаңырақтың астында бірге елу жыл бақытты өмір сүрудің құпиясы қандай апау?- десем. Табиғатынан әңгімешіл, ақжарқын апам сөзін бастап кетті. Алла берген төрт ұл, үш қызымыз бар. Алматыда студент кезімізде таныстық. Ағаң архетектор. Мен қаржы саласының маманымын.
Бес жыл жүріп үйлендік. Ағаң бір отбасының сүт кенжесі. Құдайға шүкір өсіп өнген әулет. Менде бір әулеттің аялап өсірген ерке қызымын. Отбасылық өмірдің өзінің қызығымен шыжығы бар. Әркімнің өз күйеуі өзіне ақ боз атқа мінген Төлеген емес пе?
Қызғанышта болады, өмір болған соң небір түсініспеушіліктер де орын алады екен. Несін жасырайын қаражат жетпей қиналған тұстар да болды. Жанұя болғасын ыдыс аяқ шылдырамай тұрмайды.
Менің бір қырсық қыңыр мінезім болды. Күйеуіме ашулансам сөйлемей тырысып қалатын. Өзі келседе, қонағын ертіп келседе бөлмемнен шықпай қоям. Бас терім жиырылып оңай жібімейтін едім.
Күнге қатқан тулақтай тырысып жүрген қатынды қай еркек жақсы көрсін. Содан ағаң төсегін құшақтап түнде басқа бөлмеге жататынды шығарды. Кешігіп келіп, кейде үйге қонбай қойуды әдетке айналдырды. Қарап отырсам арамыз суып бара жатыр.
Иманды болғыр ата-енем жақсы, ақылды адамдар еді. Біздің шаңырағымыздың шайқалмауына солардың көп көмегі тиді.
Отасқанымызға он жыл өткен соң өзіме өзім есеп бердім. Мінезімді қайта қарадым. Күләш бұлай кете берсең алдың жалын, артың мұз жығылуың мүмкін. Жығылсаң орға құлайсың. Шаңырағыңды шайқап, керегеңді сындырасың. Сенің күйеуіңе қырсыға беретін қыңыр мінезің кімге керек? Бүйте берсең ажырасып тынасың.
Оған қатын, саған бай табылады. Ал мына балалардың кінәсі не? Оларды тірі жетім қылуға қалай дәтің шыдайды. Содан кінәні біреуден емес, өзімнен іздедім.
Шынында кінә өзімде екен. Керемет келіншек болу үшін, ішің кеме жүзетіндей кең болу керек екен. Келген қонақ қолыңдағы табағыңа емес, алдымен, ақжарқын қабағыңа қарайды. Қабағымды аштым.
Содан бақыт шіркін үйіріліп қоя берді. Үйімізге береке кірді. Қазығың мықты болса қазанатың шылбырын үзбес. Нәзігің мықты болса азаматың басқаға көзін сүзбес деген осы екен. Мен өзгеріп едім, азаматымда құлпырып қоя берді. Үйге асығатынды шығарды. Шәй ішіп отырып күні-түні шүйіркелесетін болдық.
Жалпы әйел заты кешірімді болу керек. Бақытты отбасының тізгіні ақылды әйелдің қолында. Әйел заты ақымақтыққа бой алдырса басыңдағы бағынан айрылады, ақылға салса екі дүниенің берекесін уысыңда қалдырады.
Қазір ажырасу өте көп. Неге? Себебі некенің адалдығына сызат түсті. Мынау қызылды жасылды әлемде еркек кіндік біткеннің барлығы көзіне ерік берді. Ол барып көңілдегі иманын әлсіретті.
Оны көп жағдайда әйел байғұс көтере алмады. Үш баласымен тіпті алты баласымен ажырасып жатқан алтын құрсақты аруларды көріп ішің ашиды.
Баяғыда әжем жарықтық жиі айтатын еді:”Еркекке сенгенше, екі босағаңа сен”-деп. Иманы әлсіз еркек нәпсінің құлы емес пе?
Қарап отырғанша әңгіме болсын. Сонау жылдары астана Алматыдан Ақмолаға көшкен тұста ағаңда құрылыс салам деп солтүстікке бет алды. Ол кезде балалардың алды студент, арты мектепте оқиды. Отбасындағы мал жанға ие болып мен ауылда қала бердім.
Ол кезде қазіргідей сотовой деген жоқ. Пәтердегі телефонына хабарласамыз. Араға ай салып үйге келіп тұратын ағаң, соңғы кездері ауылға келуді сиретті. Сылтауы жұмыс көп.
Бір келгенде қалтасындағы бір уыс кілттің ішінен кейін барғанда керек боп қалар деп пәтерінің бір кілтін білдірмей алып қалдым. Арада үш-төрт жыл өтті.
Бірде пәтеріне звандасам “Алло” деп телефонның тұтқасын бір әйел көтерді. Менің дауысымды естігеннен тұтқаны қоя салды. Шатасып кеткен екенмін деп қайтіп звандасам телефонды ешкім көтермейді.
Ішіме бір арам ой сап ете қалды. Сол күні сумкама қазы қартамды толтырып салдым да, поезға билет алдым. Адресті білем. Ешкімге айтпай келгенімде сондықтан. Қолымда кілтім бар.
Түстен кейін келіп, пәтерді ашып кірдім. Үйде ешкім жоқ. Күйеуім жұмыста екен. Азаматым үйде жалғыз тұрмайтын секілді. Себебі батареяда жайулы тұрған әйел затының іш киімдерінің фасоны, ауылдың әйелдерінің түсіне де кірмеген сияқты. Шифонерде тұрған шифон көйлек. Болконда жайулы тұрған бархат халатты көріп нервім басыма тепті.
Қазір жұмыстан келсін жұлам, ісім сенімен болсын деп тұрсам, есіктің қоңырауы шылдыр ете қалды. Ашсам отыз бес, қырықтардың шамасындағы оймақтай аузы бар, көзі ботаның көзіндей, қол аяғы балғадай, екі беті алмадай орысша сөйлейтін әдемі келіншек екен.
Мені көріп шошып кетті. “Извините это не шестая квартира”-деп сасып қалды. “Нет это девятая квартира»-дедім. “А извените я этажом ошибся”-деп астыңғы этажға тайды.
Оның квартирадан шатаспағанын менде ол да жақсы біліп тұрмыз. Терезеден қарасам машайықтан қашайық дегендей табанын жалтыратып бара жатыр екен. Өзіне де сол керек дедім ішімнен- дейді апам.
Содан ақылға салып отырып ойландым. Қазір күйеуім келген соң бірден жағасына жармассам қанша дегенмен еркек адам сабап тастауы мүмкін. Көзім көгеріп отырайын сол. Әйел көкбеттікке салынып қырсықса барынан айрылады. Ақылға салып ер азаматына еркелесе, жеңеді.
Содан сол жерде өзімді-өзім қолға алдым. Ашуымды ақылға жеңдірдім. “Сұрап алған байымды ешкі теуіп өлтірді”-демекші қырсығып жүріп байымнан айрылып қалармын құрсын дедім.
Бірінші әлгі әйелдің бүкіл киімін мусорға апарып бәле-жәле осымен кетсін-деп өртедім. Үйді айнадай қылып тазалап, хлормен жуып, тұзбен аластап, қазанға ет салдым. Кешке күйеуім жұмыстан келгенше ауылдан келген қазы-қартаның иісі подьезді алып кетті. Бал қаймақпен шәй дайындадым.
Азаматымның бүкіл киімін жуып, өтектедім. Өзімде әдемі көйлегімді киіп, көптен көрмеген күйеуімді күтіп отырғаным сол еді сыртқы темір есік сықырлап ашылды.
Әлгі әдемі әйел жұмыстағы күйеуіме үйге ауылдағы қара қатының келді деп звандап қойған болуы керек. Ер азаматымның екі құлағы едірейіп кетіпті. Мені көріп таңқалып таңданғанынан гөрі, көзінде үрей басым.
Қашан, немен келдің деп сұрай береді. Бірақ екі көзі батареямен балконда. Барын жоғалтып алған адам құсап алаңдап, бір қырғынның болатынын іштей сезіп отыр.
Менде үндемедім. Ол да еш нәрсені ашып айтпады. Жабулы қазан, жабулы күйінде қалды. Бір кезде қазы-қартаға тойып алған күйеуім маңдайы шып-шып терлеп отырып Күләш ауылға қашан қайтасың?-дейді.
Әй не боп қалды? Менен құтыла алмай отырсың ба?-десем. Жоқ, ә! Ауылдағы малдар жем-шөпсіз аштан өліп қалар. Ешкілерге обал болады ғой-дейді. Таздың шашындай қорада үш-төр ешкіміз болатын.
Ауылдағы малға обал болады деп жүріп өзім далада қалармын айналайын. Малың өлмек түгілі қырылып қалсын маған десең. Қорадағы ешкіні уайымдап жүргенде, үйдегі текемнен айрылып қалармын. Астананың ұрғашы ешкілері жаман екен-дей бергенім сол еді. Бір бәленің басталып кететінін іші сезді ме әңгіменің ауанын басқа жақа бұрып жіберді ағаң.
Сол қалғаннан мол қалдым Астанада. Үй салдық. Ұлдарды үйлендірдік, қыздарды тұрмысқа бердік. Аллаға шүкір қазір бәрі үйлі баранды. Немерелерден шөбере көріп отырмыз.
Біздің елу жыл отасқан алтын тойымыздың Дубайға қыдырып бара жатқан әдемі тұсын ғана көріп отырсың. Басы ноқтаға сыймайтын байдың бабын табу да оңай емес балам. Бақытты болу деген сөз қолда бардың бағасын білу. Барға қанағат етіп, жоққа сабыр сақтау.
Еркек деген бас білмеген асау ат айналайын. Шылбырын қысқа қылсаң үзіп кетуі мүмкін. Ұзын арқан кең тұсауға салсаң ғана сенікі.
Темір қазығы мықты болса қазанатың қайда барар? Ақылды жары болса азаматың қайда барар? Қазақтың әр әйелі өзінің “ТЕМІРҚАЗЫҚ” екенін түсінсе шіркін-деп Күләш апам әңгімесін аяқтады.