Жаңалықтар

«Миы шашылған, аяқ-қолы сынған». Суицидке «Байқоңырға» бара ма?

«Дүкеннен шығып, подъезге беттеген бойым еді. Көз алдымда өрімдей қыздың бірнеше бөлікке бөлінген өлі денесі болды. Миы шашылған, аяқ-қолы сынған, айналаны қан басқан, бір сөзбен айтқанда, өте қорқынышты картина. Шын сөзім, есімнен айырылып қала жаздадым, тілім байланды. Тіпті, қолымдағы пакетім саусақтарымнан ырғып, шашылып кетті», - деп бастады сөзін Мағжан.

Кейіпкердің айтып отырғаны – 2016 жылы болған елордадағы трагедия. Иә, 2 шілдеде 19 жастағы Қостанай облысының тумасы «Байқоңыр»  тұрғын үй кешенінің 22-ші қабатынан секіріп, өз-өзіне қол жұмсайды. Астанаға келгеніне бір ай да болмаған бойжеткен ешқандай оқу орнында тіркелмеген болып шығады. Марқұмның туыстарының айтуынша, ол өз жақындарымен ұстасып, депрессияға түскен. Қостанайлық қыздың өлімі «Байқоңырдағы» алғашқы суицид емес және соңғысы да болмай тұр. 2017 жылы екі қыз дәл осы тұрғын үй кешенін көздейді: бірі 15-ші қабаттан секірсе, екіншісі 21-ші қабаттан жан тапсырды. Ал 2018 жылы 22 жастағы жігіт тағы да сол «Байқоңырдың» 23-ші қабатынан секіріп, қаза тапты. Одан бөлек, сол жылдары астаналық орта мектептің оқушысы да «Байқоңырда» өз-өзіне қол жұмсады. Мағжан 2015 жылы да «Байқоңырдың» 25-ші қабатына шығып, екі аяғын балконның арғы бетіне тастаған жас жігітті байқайды.

«Өзім 25-ші қабатта тұрамын. Бірде үйге кіріп бара жатып, балконда отырған жігітті көріп қалдым. Зәрем қалмады. Жанына бірден жетіп, сөйлесе кеттім. Көңіл-күйінің жоқ екенін бірден аңғардым, оны әңгімеге тартқандай болып, маған көмектесуін сұрадым. Сөйтіп, оны үйге шақырып, жақын таныса бастадым. Алайда, барлығы мен ойлағандай болып шықпады. Жігіттің сөзінше, ол биіктіктен қорықпайды екен және балконда ойға шомылғанды ұнататын болып шықты. «Байқоңырдың» тарихын біле тұра, мұндай іс-әрекетке бармасам, өзімді кешіре алмас едім. Әңгіме неден шығып отыр? Бұл тұрғындардың кез келген мәселеден суицид байқайтындықтарында болып тұр», - деді Мағжан.

Ең қызығы, өз-өзіне қол жұмсағандар аталған тұрғын үй кешенінде тұрмайды. Олар арнайы «Байқоңырды» таңдайды. Елордада «Байқоңырдан» биігірек көпқабатты үйлерді санап тауыса алмайсың, таңдау неге бұл үйге түсті? [caption id="attachment_62349" align="alignnone" width="1280"] width= Фотоколлаж: Ернар Иман[/caption] Ол 2014-ші жылдан бері «Байқоңырда» бір шикіліктің барын айтып, ел аузындағы қауесетке тоқтады.

«Бұл үйдің тұрғындары талай жиналып, бірнеше рет ас берген. Өйткені, соңғы жылдары мұнда адам шошырлық жайттар жиі орын алды. Бірде үйден өрт шығады, тағы басқасында суицид, одан қалды, адам жоғалады. Айта берсем таусылатын түрі жоқ. Мен қиял-ғажайыпқа немесе аңызға сенбеймін, бірақ бір шикіліктің барын сеземін. Кейбіреулері үйдің аурасын айтады, өзгелері мұнда жын-шайтан барын жеткізеді. Сөздің қысқасы, нақты вердикт жоқ, бірақ өздеріңіз байқап жүрген оқиғалар тегіннен емес», - дейді ол.

Біз осы тұста Германияның атақты мифологі Кристиан Карлштадтпен байланысқа шығып, «Байқоңыр» турасында сұрадық.

«Нақты факторды кесіп айту қиын. Осыдан бір ғасыр бұрынғы мәселе болса, психологиялық және мистикалық себептерін іздеуге болатын еді. Десе де, ақпараттық технологиялардың дамыған заманында адамдардың наным-түсінігіне күмән келтіруге болмайды. Бұл таяқтың бір ұшы болсын. Екінші жағы – психология. «Байқоңырдың» суретін қарап отырып бірнеше тұжырымға келдім. Ракета негізінде салынған үй психикасы әлсіреп, суицидтің алдында тұрған адам үшін жаңа өмірге апаратын кеме ретінде көрінуі мүмкін. Сол себепті де өз-өзіне қол жұмсағысы келгендер «Байқоңырды» таңдайды деп ойлаймын. Сау адам сандырақ деп санаса да, ауру адамның психикасымен санасуға тура келеді, өйткені суицидке баратындар бір күн ішінде шешім қабылдамайды. Мұны ескерген жөн. Одан бөлек, бұл үй адам мәйіттері көптен жиналған жерде бой көтеуі мүмкін, ал мұндай жағдайда өлген рухтардың өз әсері болатыны да анық», -деп сөзін аяқтады мифолог.

   

Айдар МЫРЗАБАЙ