Жаңалықтар

Түркістанда ауыл шаруашылығы саласының үздіктері марапатталды

Түркістанда ауыл шаруашылығы саласының үздіктері марапатталды

  Бүгін Түркістанда ҚР Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай «Altyn kúz-2021» мерекелік іс-шарасы өтті. Салтанатты жиында ауыл шаруашылығының сан түрлі салаларында үздік атанған еңбекші қауым өкілдері мен үздік аудан басшылары марапатталды. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев төл мерекемен құттықтай келе бір топ азаматқа ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін тапсырды.  Атап айтсақ, Ж. Шәріп, Қ. Еспенбетов, К. Ахметов, Қ. Асырауов сынды азаматтарға құрмет көрсетілді. Ал Б. Шампиев, Х. Азимов, Х. Ниязметов «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды. Сонымен бірге өңір басшысы озат аудан, қала әкімдеріне диплом тапсырды. Агроөнеркәсіп кешені даму көрсеткіштерін жоғарғы деңгейде орындағаны үшін бірінші орынды Сайрам ауданы еншілеп, аудан әкімі Ұ. Сәдібеков марапатталады. Аграрлық салаға инвестиция тартудан Қазығұрт ауданының әкімі А. Абдуллаев пен Ордабасы ауданының әкімі Б. Батыршаев үздік атанды. АӨК жалпы өнім көлемін ұлғайтудан Мақтаарал ауданы топ жарса, ауыл шаруашылығы жобаларын несиелендіруден Жетісай ауданы үздік болды. Сондай-ақ мал және өсімдік шаруашылығының түрлі салалары бойынша үздік атанған аудандардың басшыларына да марапат берілді.  Салтанаты іс-шарада «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев 25 ең озат агроқұрылым өкілдерін марапаттады. Олардың қатарында «Tulpar May» ЖШС-нің директоры Т.Серікбаев, «Жұмабай» шаруа қожалығының төрағасы Ж.Маханов, «Шарбұлақ» өндірістік кооперативінің төрағасы Е.Әшір, «Барыс-2050» өндірістік кооперативінің төрағасы М.Анетов және өзге де азаматтар бар. Озат мал бордақылаушы болып бәйдібектік Е.Балтабаев танылса, шардаралық Б.Айтпембетов үздік мал дәрігері атанды. Сонымен қатар осы күні ауыл шаруашылығы саласын насихаттап жүрген А.Досалы, А.Жайымбетов, Қ.Баисов, Р.Габитов және өзге де БАҚ өкілдеріне құрмет көрсетілді. Айта кетейік, биыл егістікті әртараптандырудың нәтижесінде Түркістан облысында көкөніс, бақша, картоп өнімдерінің түсімділігі орташа 20 центнерге өсіп, өнім өткен жылдан 500 мың тоннаға артты. 10 айда жалпы өнім көлемі 805,3 млрд. теңгені құрап, өткен жылдан 128,7 млрд. теңгеге ұлғайды. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі