Жамбылдың 175 жылдығының Тәуелсіздік мерейтойымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні зор – Дәурен Абаев
Жамбылдың 175 жылдығының Тәуелсіздік мерейтойымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні зор – Дәурен Абаев
Әулиеата өңірі – көптеген ғұлама ғалымдар мен қаһарман батырлардың, атақты ақын-жыраулар мен қарымды қаламгерлердің құт мекені. Бұл туралы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Ұлы дала ақыны» атты халықаралық конференцияда ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін тарихымыздың алтын бесігі саналатын көне Тараз қаласында бас қосуымыздың терең мәні бар. Бұл өлке – мыңжылдықтардың құрдасы, Қазақ хандығы құрылуының куәсі. Әулиеата өңірі – көптеген ғұлама ғалымдар мен қаһарман батырлардың, атақты ақын-жыраулар мен қарымды қаламгерлердің құт мекені. Солардың бірі, ең танымалы - Жамбыл тауының етегіндегі Мойынқұмда дүниеге келген ұлы Жамбыл Жабаев. Бүгінде елімізде оның 175 жылдық мерейтойы мемлекеттік деңгейде аталып өтіп жатыр», - деді Дәурен Абаев. Осы ретте ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ұлы ақынның мерейтойын ұйымдастыру үшін арнаулы мемлекеттік комиссия құрылғанын еске салып өтті.«Бұл айтулы датаның былтырғы Абай жылымен сабақтасып, биылғы Тәуелсіздік мерейтойымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні зор. Себебі қазақтың қос ұлы ақынының да асқақ арманы – жұртының дербестігі мен өсіп-өркендеуі еді. Олар осы ізгі тілекті өлеңіне өзек, шығармашылығына арқау етті. Біз бүгін абыздарымызға арман болған азаттықтың айшықты белесіне шығып, бабалар мирасын дәріптеп отырмыз. Байыптап қарағанға бұл – тарихи сәт. Сондықтан да осынау маңызды іс-шараның ұлыақынның атымен аталатыноблыста өткізілуі заңдылық деп санаймын», - деді ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.