Жаңалықтар

Тәу етер Тәуелсіздікке тілек

Біз - азаттықтың алғашқы толқын ұрпағымыз. Бұл да бір зор жауапкершілік екенін сезіну парыз шығар демек. Тәуелсіздіктің алғашқы көктемінде Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының қасиетті өлкенің топырағында аунап, суын шөл қандырып өстім. Сол мекеннің қарапайым адамдарының арасында, үлгілі отбасында тәрбиелендім. Туған жерімнің қасиетімен ел-жұртымнан дарыған болар сірә, беделді, үлгі тұтар жан болып еліме қызмет етуге талпынысымнан тайынған емеспін. Тәуелсіздік таңындағы бір тілек: Әр қазақтың қара шаңырағы, қараша ауылы қазына байлығы аман болсын, құты сарқылмасын, елеңсіз өскен есіл балалығы туралы балалық шағына көлеңке түспесін. Сен қорған бол Азаттық! Балалық шағым еш алаңсыз, жәутеңдеген жанар көрмей жайы жарасқан күйде өтті. Ата-анамның қолдауымен мектебімді аяқтадым. Арман қуып оқуға түстім, техникалық университетте оқып білім алып, үлкен өмірге жолдама алдым. Қазіргі таңда ізденген жас талапкерге барлық жағдай жасалған ғой! Шынықтырған, ширатқан, тыныштықта бейбіт заманда сапалы білім алуға жағдай жасаған еліме алғыс. Тәуелсіздік таңындағы бір тілек: Іздегеніміз алдымыздан іздемей-ақ табылып, талпынысымызда табанға тірек болар тың бастамалар көп болғай. Еліміздегі білім реформалары ертеңімізге зор үмітпен қарауға себепкер болып отыр емес пе? «Болашақ» бағдарламасы, жыл сайын бөлінетін гранттар, әлемге танылып отырған университет, институттар қуантпай қоймайды. Қыз жат жұрттық дейді ғой. Өмірлік серігімді, азаматымды кездестіріп, Қарқаралы ауданына келін болып түстім. Мені бөтенсімей, құшағына алып қарсы алған Бесоба ауылының халқына да алғысым шексіз. Бүгінде Бесоба ауылындағы әкімдікте жұмыс жасап, ауылдың еңсесінің өсуіне ел қатарлы үлес қосып келемін. Негізі еліміздің экономикалық та, мәдени де, әлеуметтік те ең басты тірегі – ауыл!Тәуелсіздік жылдарында осы ауылды көркейтуге жаңа серпіліс бергенін ерекше айтқым келеді. Түрлі мембағдарламалар ауылға дарынды мамандарды тартуға, шаруашылықты дамытуға септігін тигізіп отырғаны ақиқат. Демек, атыңнан айналайын азаттықтың қадірін тағы түсінесің осындайда.  Болашақта бұл бағдарламалардың жемісін көріп, көркейген ауыл, кемелденген елдің батасына кенелсек деген тілек бар. Отбасымда енемнің қолқанаты, жолдасымның серігі, екі баламның анасымын. Ақ бесігін тербетіп отырған анамын. Менің мақсатым отбасының тыныштығын, берекесін сақтап саналы ұрпақ тәрбиелеу. Осы азаттықтың ай күнін санап отырып, көкірегіме екі ауыз өлең түсіп отыр: Айналайын, азаттығым – айбыным, Сен бар кезде жоқ елімде қайғы-мұң. Астарына енді жеттік бабаның, Дегеніне аман болсын Ай-Күнің.   Сен мәңгі бол айналайын азаттық, Сенен артық елде болмас ғажап түк. Тәңірінің сый қылғаны тәуелсіз, Қандай жақсы жратқаны қазақ қып!   Сен мәңгі бол, сен сөнбегін -  Азаттық! Автор: Маржан Рымбекова