Жаңалықтар

Ілияс Жансүгіровтің ұлы Саят Жансүгіровтың естелігінен:

Әкемнің төрт әйелі болған. Бірінші әйелі Жәмила өзінің жерлесі, өзімен жасты екен. Жас кезінде әкем сауықшыл болыпты. Өзі де өнерлі адам.
Дос-жаран көп. Ал, әйелге не керек? Тыныштық керек. Сөйтіп, тағдыр шығар, екеуінің дәм-тұзы жараспай ажырасып тынады.
Одан кейін тағы бір өзінің жерлесі Аманша деген кісімен қосылады. Білетіндердің айтуынша, Аманша деген өзі сұлу, мінезі сондай тамаша адам болған екен.
Ол кез әкемнің Киринституттың (Киргизский институт) бастығы болып жұмыс істеген тұсы. Содан ол кісі өзі сұранып, Мәскеуге оқуға аттанады. Кезекті бір оқу демалысы кезінде ауылға кетіп бара жатып, Алматыдағы жолдастарына келеді.
Сол жерде достары оған Аманшаның дүние салғанын естіртеді. Сонда осы оқиғаны көзімен көрген әкемнің Есболатов деген досының әйелі "Сыр сандық" деп аталатын естелік кітапта Ілиястың әйелін жоқтап, еңіреп жылағанын жазып, "бүйтіп жарын жоқтап жылаған ерді соған дейін де, одан кейін де көрмедім" деп еске алады.
Аманшаны ерекше жақсы көрген екен. Әкемнің Аманшаға арнаған "Жарыммен қоштасқанда" және "Жарымның моласында" деген екі өлеңі бар.
Әкеміз Аманшадан кейін менің шешем Фатима Төребаеваға үйленеді. Шешем – Жаңақорғаннан. Екеуі 1928 жылы Қызылорда ел астанасы болып тұрған кезде сол жерде табысқан.
Шешем әдемі дауысы бар әнші болатын. Сөйтіп, әкем екеуі танысып, қосылады. Сосын астана Алматыға ауысқанда осында көшіп келеді.
Ол кезде әкем өте беделді, атақ-даңқы шығып тұрған кез. Тағдыр солай болған шығар, менің екі жасымда әкем мен шешем ажырасты.
Ажырасқаннан кейін шешем мені алып, төркіні – Түркістан жаққа кетіп қалды. Әкем ажырасқаннан соң өзінің досы Біләл Сүлеевтің әйелі Фатима Ғабитоваға қосылады.
Фатима Жәнібек, Азат және Фарида есімді үш баласымен әкеме тиеді. Екеуі қосылғаннан кейін әкем сол үйден ұсталып кете барады...
Суретте: Ілияс Жансүгіров, әйелі Фатима Төребаева және баласы Саят
Мақсат Скаков Facebook парақшасынан .