Жаңалықтар

Павлодарда 144 адам баспаналы болды

Павлодарда 144 адам баспаналы болды

Облыс орталығындағы «Сарыарқа» мөлтекауданында екі 9-қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді, - деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.  Академик Шөкин, 164/2 және 164/3 мекенжайында бой көтерген үйлер «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынды. Барлығы - 144 пәтер. Пәтер иелері – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары. Павлодар әкімі Қайрат Нүкенов баспана иелерін қоныс тойларымен құттықтап, отбасыларына құт-береке тіледі. - Еліміздегі карантин режиміне қарамастан, тұрғын үй құрылысы тоқтаған жоқ, - деді Қайрат Нүкенов. – Жаңа үйлер бой көтеріп, «Сарыарқа» мөлтекауданы абаттандырылуда. Бүгін бәріміз үшін айтулы мереке. Осы орайда сіздерге тек жақсылықтар тілеймін. Отбасыларыңыз аман, жұртымыз тыныш болсын. Қоныс тойларыңыз құтты болсын. Шаһар әкімі карантин режимі кезінде күні-түні жұмыс істеген құрылысшыларға қала басшылығы мен пәтер иелері атынан зор алғысын білдірді. Банкте 3 жылдан астам уақыт қаражат жинаған Динара Подустова бүгін үш бөлмелі пәтердің иесі атанды. - Бұл үйде қызыммен бірге тұратын боламын, - дейді Динара Подустова. – Аудан өте көрікті. Несиелендіру талаптары да көңіл көншітерлік. 15 жыл бойы ай сайын 82 мың теңге төлеймін. Айта кетейік, 2019 жылы Павлодарда 200 мың шаршы метр баспана немесе 407 пәтер пайдалануға берілді.