Дариға Назарбаева мемлекеттік басқаруға әйелдердің қатысуын кеңейту мәселесін көтерді

08 Қазан, 2019 149 0

Сенат төрағасы Дариға Назарбаева мемлекеттік басқаруға, республикалық және аймақтық деңгейдегі өкілді органдар жұмысына әйелдердің қатысуын кеңейту мәселесін көтерді. Бұл туралы ол Ақтөбе облысына жұмыс сапары кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Д. Назарбаева «Nur Otan» партиясының облыстық бөлімшесінде азаматтарды қабылдаған. Сондай-ақ бірқатар кездесулер өткізген.

«Палата төрағасы облыстағы кәсіпкер әйелдерімен кездесуде мемлекеттік басқаруға, республикалық және аймақтық деңгейдегі өкілді органдар жұмысына әйелдердің қатысуын кеңейту мәселесін көтерді. Д.Назарбаева кездесуге қатысушыларға отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының жаңа жобасын талқылау туралы әңгімеледі», - деді Сенаттың баспасөз қызметінен.

Гендерлік теңдік қағидалары – құжаттың негізіне айналып отыр. «Біздің міндетіміз – әйелдердің мемлекеттік басқаруға, саясат пен экономикаға қатысуын кеңейту. Мәселе кеңінен талқыланып жатыр. Араб елдеріндегі ахуалмен бірге әлемдік тәжірибеде әйелдердің үкіметке, аймақтарға басшылық етуге және депутаттық корпусқа қатысуын квоталауға дейін әркелкі шешімдер ауқымын көрсетіп отыр», - деп атап өтті Д.Назарбаева.

Сенат басшысы жастар және еріктілер ұйымдарымен кездесуде Жастар жылы аясында өңірде өткен шаралардың нәтижелерімен, сондай-ақ жастарды қолдау жөніндегі облыстық бағдарламалар мен жобалардың жүзеге асу барысымен танысты. Жастардың еріктілер қызметіне қатысуын ынталандыруға ерекше назар аударылды. Оның айтуынша, елдегі еріктілікті ынталандыру мен көтермелеудің нақты тетіктерін заңнамалық тұрғыда бекіту қажет болып отыр. 

Бұдан бөлек, Дариға Назарбаева сенаторлармен бірге Әуе қорғанысы күштерінің Т.Бигелдинов атындағы әскери институтында болды. Сенат Төрағасы институттың материалдық-техникалық жабдықталуымен танысып, оқытушылар құрамымен кездесті және курсанттармен әңгімелесті. Оқу үдерістерінің материалдық-техникалық жабдықталуы мәселелері және болашақ ұшқыштар мен әуе инженерлерін даярлау сапасы кездесудің негізгі тақырыбы болды.

Ал өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларымен кездесуде еліміздің ақпарат нарығының маңызды мәселелерін талқылады. Д.Назарбаева аймақтағы дәстүрлі БАҚ пен ғаламтор желісінде жұмыс істейтін жаңа медиа саласының экономикалық жағдайына ерекше назар аударды. Сондай-ақ еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға арналған салалық бағдарламаны әзірлеуге белсенді қатысуға шақырды.





Тегтер: ДариғаНазарбаева, сенат, мемлекет, басқару

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.