Ақмолалық көпбалалы ана сиыр өсіріп, ай сайын 600 литр сүт өткізеді

08 Қазан, 2019 92 0

Ақмола облысы, Сандықтау ауданы, Арбузинка ауылының атаулы әлеуметтік көмек алушысы (бұдан әрі - АӘК) ірі қара мал өсірумен айналысады.

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, Newsroom.kz хабарлайды.

Макка Асхабова – «Күміс алқа» құрметті атағының иегері болғандықтан алты баланы тәрбиелеу қаншалықты қиын екенін жақсы біледі. Алайда, ол мемлекеттен ақша талап ететін және жұмыс істегісі келмейтін көпбалалы аналардың митингіге шығуына қарсы.

«Мен көпбалалы аналардың наразылықтарын және олар қатысатын митингілерді мүлде қолдамайтынымды айтқым келеді. Менің ойымша, әрбір әйел өзіне шектеу қоймастан жұмыс істеуі керек, өзін-өзі дамытумен және болашаққа жоспар құрумен айналысуы керек. Мақтанғаным емес, бірақ мен 6 баланы тәрбиелеп, «Күміс алқа» атағына ие болып отырған соң қыздарыма лайықты үлгі болуға тырысамын. Құрметті әйелдер, жұмыс жасаңыздар! Митингілер мен наразылықтар арқылы ештеңеге қол жеткізе алмайсыздар. Бойыңызды жинақтап, мақсатқа жету ешқашан кеш емес», – дейді көп балалы ана қазақстандық әйелдерге.

Оның айтуынша, отағасы – комбайн жүргізушісі, өзі үй шаруасында. Ол өзінің барлық бос уақытын балаларын тәрбиелеуге жұмсайды. Бүгінде мемлекет тарапынан көптеген бағдарламалар жасалып жатыр, соның нәтижесінде иақсаттарын жүзеге асырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізуге, болады дейді Макка Асхабова.

«Біз күйеуіміз екеуміз жақыннан бері ірі қара мал өсірумен айналысамыз. 2016 жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша 3 млн. теңге көлемінде кредит алған болатынбыз. Бүгінде кредитті толығымен төледік, сарай салдық, қазір ауылда жеке бизнеспен айналысудамыз. 8 сауын сиырдан күніне 25-30 литр сүт аламын. Айына орташа есеппен 600 литр сүт өткіземін», – дейді Макка Асхабова.

«Атаулы әлеуметтік көмек көпбалалы отбасыларға өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді, алушылардың көбі мемлекет есебінен қысқа мерзімді қайта даярлау курстарынан өтуде, өңірдің 703 тұрғынын жұмысқа орналасуына көмектестік. Сондай-ақ кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға және жеке бизнес ашуға, жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға жәрдемдесеміз. Ағымдағы жылы 37 көпбалалы ана жаңа бизнес-идеяларға 505 мың теңге көлемінде өтеусіз грант алды. Атаулы әлеуметтік көмек көпбалалы отбасылар үшін үлкен тірек», – деді облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Дина Ахметжанова.

Оның айтуынша, аталған көпбалалы отбасы ағымдағы жылдың маусым айынан бастап шартты ақшалай көмек алушы болып табылады. Оларға ай сайын 152 мың 927 теңге көлемінде жалпы сомасы 1 млн 835 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

Ағымдағы жылғы 7 қазанда ҚР Үкіметі отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Қазақстанда 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланып отырған АӘК көрсетудің жаңа тетіктерін таныстырғанын еске сала кетейік.

«Ең басты принцип ­– мемлекет көмекке мұқтаж адамдарға, әсіресе балалар мен көпбалалы отбасыларға көмектеседі! Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Мемлекет жұмысқа орналасуға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі. Мемлекеттік көмекке – көп балалы отбасыларды қолдау, табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, табысы аз отбасылардағы балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакеті кіреді», – деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің айтуынша, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылар енгізу арқылы қамтамасыз етілетін болады. Бұл мемлекеттік жәрдемақы барлық көпбалалы отбасыларға (4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар), табысына қарамастан төленеді.

АӘК табысы аз отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға төленетін болады. Ең аз күнкөріс деңгейінің 70%-ын тағайындаудың шекті өлшемі қалады. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі тек оған ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылады

Аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін кепілді ендірілгенәлеуметтік пакетті енгізу ұсынылады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз етеді, сондай-ақ оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтелетін болады. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін болады.

Ағымдағы жылдың тоғыз айында АӘК 417 мың отбасына немесе 2,1 млн адамға тағайындалды.  АӘК орташа мөлшері бір адамға 2,5 есе, 6848 теңгеден 16 446 теңгеге дейін өсті. Орташа есеппен отбасына 90 мың теңге шығады, айына ең көп тағайындалған сома – 455 мың теңге. Биыл АӘК-ке 206,2 млрд теңге көзделген, оның 146,4 млрд теңгесі төленді.

Тегтер: сиыр, іріқарамал, бизнес, сүт

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.