Бәрекелді! Маңғыстауда оқушылар саны 40 мыңға артқан
Бәрекелді! Маңғыстауда оқушылар саны 40 мыңға артқан
21 қазан 2021 жылы «Nur Otan» партиясы Маңғыстаудағы филиалында білім мен ғылымды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Онда үш ауысымды мектеп мәселелері мен білім беру ұйымдарының құрылыс қарқыны талқыланды деп хабарлайды newsroom.kz порталы.
Алдымен Маңғыстау облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және орта білім бөлімінің басшысы Клара Қашқынбайқызының баяндамасы тыңдалды. «Nur Otan» партиясының бағдарламасы бойынша модернизациялау жоспарына енген 22 ауылдық мектепте ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілді. 66 жаңа пәндік кабинет сатып алынды. Сонымен қатар қазіргі таңда Жаңаөзен қаласындағы №21 орта мектептің асханасы мен спорт залына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр», - дейді Клара Қашқынбайқызы.
Сонымен қатар ол 2,3 млн теңгеге оқулық, көркем әдебиет, ақпараттық жүйелер және 108 млн теңгеге дезинфекциялық құралдар, санитайзерлер, тепловизорлар, кварц лампалар сатып алынғанын атап өтті.
Оқулық жеткілікті, санитарлық талап сақтаулы, білім беру ұйымдарының құрылысы қарқынды. Алайда проблема жоқ деуге әлі ерте. «Оқушы саны жыл сайын 8-9 мыңға артып отыр. Соңғы 5 жылда өңір оқушыларының саны 126 мыңнан 167 мыңға өсті. Яғни 5 жылдағы бала өсімі 41 мыңға жеткен. Мұның салдары үш ауысымды мектептерді жоюға кедергі келтіріп отыр. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес биыл ашылған 6 нысанға қарамастан, өңірдегі мектеп құрылысына деген қажеттілік өзекті мәселе болып отыр», - дейді Маңғыстау облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және орта білім бөлімінің басшысы Клара Қашқынбайқызы.
Үш ауысымды мектептерді жою және оқушы орнының тапшылығын азайту үшін 2025 жылға дейін 25 мектептің және 11 қосымша білім нысанын салу жоспарланған. Соның ішінде биыл 1 мектеп пайдалануға берілген, ал қалған 3 нысан жыл соңына дейін аяқталады.
«Сонымен қатар биыл Ақтау қаласының жаңа шағынаудандары мен Мұнайлы ауданында жаңа 5 мектептің құрылысы басталды. Аталған нысандар 2022 жылы аяқталады. Оған қоса бірнеше жобаның құрылысын салуға конкурс жарияланды. Атап айтқанда Мұнайлы ауданы Қызылтөбе елді мекенінде 1 200 орынға арналған жалпы білім мектебінің құрылысы, Бейнеу ауданы Бейнеу ауылындағы Атамекен атындағы орта мектебіне бөлек тұратын оқу корпусын салу және Бекі ауылында 100 орындық орта мектебінің құрылысы», - дейді Маңғыстау облыстық құрылыс, сәулет және қала құрлысы басқармасының бас маманы Жасан Жұмағалиұлы.
Оның айтуынша, аталған конкурстық рәсімдердің барлығы жыл соңына дейін аяқталады. 2022 жылдың басында нысандардың құрылысын бастауды жоспарлап отыр.
Қоғамдық кеңес отырысында «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Зина Орысбайқызы айтылған мәселелер мен ұсыныс-пікірді ескеретінін айтты.