– Сайлауалды бағдарламаны іске асыру аясында өңірде 9 ай қорытындысы бойынша 26,4 мың жаңа жұмыс орны, оның ішінде 11,6 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Еңбек нарығының сұранысына сәйкес, 2 мыңнан астам адам кәсіби және қысқамерзімді оқудан өтті. Сонымен бірге орташа жалақы көлемі 18,6-ға өсіп, 205 мың теңгені құрады.Кәсіпкерлерді қолдауға келетін болсақ, жыл соңына дейін кемінде 3 мың субъектіні қолдау жоспарланған. Қазір бизнестің Жол картасы аясында 42,2 млрд теңгеге 2,5 мыңнан астам жоба, қарапайым заттар экономикасы 11,3 млрд теңгеге 25 жоба және еңбек бағдарламасы аясында 2,2 млрд теңгеге 452 жоба қолдау тапты. Бұдан басқа, жеке инвестиция есебінен 33 нысан қолданысқа берілді. Атап айтатын болсам, Ақтөбе қаласында медициналық кереует өндіру цехы (Vega Mebel ЖШС), заманауи форматтағы 2 супермаркет («Анвар» ЖШС), сондай-ақ сауда үйлері, мейрамханалар және өзге де шағын орта бизнес нысандары іске қосылды. [caption id="attachment_61746" align="alignnone" width="1280"] Фото: NO партиясы АОФ баспасөз қызметі[/caption] Өнеркәсіп саласында керамикалық тақтайша және балмұздақ өндірісі бойынша нысандар пайдалануға қабылданды. Екі жобаның жалпы құны 10,4 млрд теңгені құрайды. Бұдан бөлек, 11 ірі кәсіпорында жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығының дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Жыл басынан бері 4 мыңнан астам субъект 13,8 млрд теңгеге субсидияланды. Оның ішінде 6,7 млрд теңге жемшөпке бөлінді. Аталған қолдау нәтижесінде ірі қара 70 мыңға, жылқы саны 24 мыңға артты. Ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларға келетін болсақ, Алға және Қарғалы аудандарында 1 600 басқа арналған 2 ірі қара мал бордақылау алаңдары, Қобда ауданында қуаты 2 мың бас ірі қара мал репродукторлық шаруашылығы және Шалқар ауданында жылына 30 тонна ет өңдейтін шағын цех ашылды. Сонымен қатар Ақтөбе қаласында қуаты 2 500 тонна құрайтын көкөніс қоймасы («Пригородный» ЖШС), Әйтеке би және Мұғалжар аудандарында сүт өнімін өндіретін 2 ферма және де Алға ауданында 1,25 гектар аумақта жылыжай іске қосылды. Облыс тұрғындарын мазалайтын ең басты мәселелердің бірі – ол баспанамен қамтамасыз ету. Бұл бағытта облыс бойынша қазір 625 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй қолданысқа беріліп, үй кезегінде тұрғандар арасынан халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 345 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін кемінде 500 отбасына жеткізу жоспарда бар. 2021 жылға ауыл инфрақұрылымын дамыту мақсатында 30 елді мекенде орталықтандырылған ауызсу жүргізу және жаңғырту жұмыстары қарастырылып отыр. Бүгінде 15 ауылға су жүргізіліп, 3-еуінде су жүйесі жаңғыртылды. Сонымен бірге жоспарланған 10 ауылдың 7-еуіне кешенді блок-модуль қондырылды. Газ мәселесі бойынша жоспарланған 9 ауылдың 5-еуіне көгілдір отын тартылды. Әлеуметтік сала Жол карталарында аса маңызды орынға ие. Бұл бағытта жыл басынан бастап 7 мектеп пен 8 балабақша ашылып, 12 мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Қандыағаш қаласында гемодиализ орталығы, 2 ауылда жаңа медициналық пункт пен амбулатория ашылып, аудандарға 8 медициналық автокөлік сатып алынды. Бұқаралық спорт пен мәдениет саласын дамыту мақсатында облыста 172 орынға арналған 3 денешынықтыру-сауықтыру кешені және 8 ауылда хоккей корты салынды. Сонымен бірге Мәртөк ауданы Саржансай ауылында 150 орындық ауылдық клубы халық игілігіне берілді. – Биыл қымбатшылық, баға тұрақсыздығы анағұрлым қатты сезіліп отыр. Осы бағытта Ақтөбе өңірінде бұл мәселе қалай шешімін тауып жатыр? – Азық-түлік тауарларына бағаның өсуі, ең алдымен маусымдық сипатқа ие. Оның ішінде де көбіне шикізаттың, коммуналдық қызметтердің және жүк тасымалдау тарифтерінің қымбаттауына байланысты. Бағалардың негізсіз өсуін болдырмау мақсатында күн сайын ірі сауда желілерінде осы сауда объектілерінің басшыларымен қол қойылған меморандумдарға сәйкес 5%-дан аспайтын сауда үстемесінің сақталуына мониторинг жүргізіледі. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен облыс аумағында азық-түлік тауарларына баға белгілеудің барлық тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссия құрылды. Бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Қазір азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бағытталған екі әдіс-құралы жұмыс істейді. Ол тұрақтандыру қоры және айналым схемасы арқылы кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру. Осыған орай 1,2 млрд теңгеге тұрақтандыру қоры құрылып, сондай-ақ айналым схемасын іске асыруға 500 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар облыстың тұрақтандыру қорына 1 млрд теңге көлемінде картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, күнбағыс майы, құмшекер, қарақұмық жармасын сатып алу үшін және айналым схемасына тікелей тауар өндірушілерге 500 млн теңге қарыз беру үшін қосымша қаражат бөлу мәселесі пысықталып жатыр. «Алаңнан сөреге дейін» жобасы аясында Ақтөбе қаласында «Табыс Агроның» 4 дүкені іске қосылып, онда ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер өз өнімдерін тікелей халыққа төмендетілген бағамен сатады. Сондай-ақ жыл соңына дейін тағы 8 дүкен ашу жоспарланып отыр. Жыл басынан бері 200-ге жуық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, жалпы сомасы 650 млн теңгеге арзандатылған бағамен 2 000 тонна өнім сатылды. [caption id="attachment_61745" align="alignnone" width="1280"] Фото: NO партиясы АОФ баспасөз қызметі[/caption] – Өңірдегі экологиялық проблемалар өз шешімін тауып жатыр ма? Соның ішінде Шалқар көлінің суалып бара жатқаны экологтердің алаңдаушылығын тудырып отыр. – Өңірде экологиялық проблемалардың бары рас. Барлығын рет-ретімен шешу үшін ауқымды жұмыстар атқарылады. Соның бірі – тұрғындардың бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатқан Шалқар көлі мәселесі. Барлығына мәлім, соңғы жылдары Шалқар көлі таязданып, арнаның үлкен аумағы өзін-өзі тазарту қабілетінен айырылып, қамыс басып кетті. Көлдің түбінде қалыңдығы 1,2 метрге дейін тұнба қабаты жиналған. Көл аумағының 30%-дан астамын су өсімдіктері алып жатыр. Егер бұрын көлдегі су көлемі 25 миллион текше метр болса, қазір ол 7 миллион текше метрге әрең жетеді. Көлдің тереңдігі 13-15метрден 2метрге дейін төмендеді. Осының барлығын реттеу мақсатында Шалқар көлінің түбін тазарту бойынша жоба жүзеге асырылады. Жобаның жалпы құны 3,05 млрд теңге. 2021 жылдың өзінде 1,4 млрд теңге бөлінді. Қазір мердігер ұйым анықталып, жер жұмыстарының 45%-ы орындалды. Шалқар қаласының тұрғындарынан ұсыныстар түсуіне байланысты көлді тереңдету бөлігінде жобаға түзету енгізілетін болады. – Сайлауалды бағдарламада Ақтөбеде қоқыс өңдеу зауытын салу қарастырылып отыр. Ендеше бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Зауыттың сипаттамасы туралы кеңірек айтып өтсеңіз?
– Сайлауалды бағдарламаны іске асыру аясында «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесінің операторы» ЖШС компаниясы Ақтөбе қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау жобасын жүзеге асырады. Бүгінде «ӨКМ Операторы» ЖШС жалпы саны 1 443 контейнерден 681 контейнер, сондай-ақ 6 бірлік қоқыс тасығыш орнатты. Сонымен бірге аталған кәсіпорын жылдық қуаттылығы 60 мың тонна құрайтын қоқысты сұрыптау желісін қондыруды жоспарлаған. Жоба құны 750 млн теңге, ашылатын жұмыс орны – 42 адам. Қазір жоба құрылысына 3 гектар бөлініп, жер актісі рәсімделді. Қоқысты сұрыптайтын кешенге арналған ғимарат салу бойынша жобалау жұмыстары аяқталып, құжаттамалары мемлекеттік сараптамадан өтуде. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталатын болады.– Өңірдің инвестициялық әлеуеті қаншалықты жүзеге асып жатыр? Тәуелсіздік алған жылдар ішінде өңірге қанша инвестиция құйылған? Алдағы уақытта қандай инвестициялық жобалар ұсынылып отыр? «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы қалай жүзеге асуда? – Өздеріңізге мәлім, Ақтөбе облысы индустриялық дамыған өнеркәсіптік аймақтардың бірі. Аталған саланы бұдан әрі дамыту мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірге инвестиция тарту, инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша үлкен жоспарлар бекітілген. Инвестициялық жобаларды іске асыру үшін біздің өңірімізде барынша қолайлы жағдайлар жасалған. Атап өтсем, барлық дайын инфрақұрылым мен ыңғайлы көлік логистикасы бар «Ақтөбе» индустриялық аймағы жұмыс жасап тұр. Облысымызда еліміздің өңірлері арасында коммуналдық қызметтерге тарифтер төмендетілген. Облысымыз үлкен экспорттық әлеуетке ие. Берісі Ресей Федерациясымен және Өзбекстан Республикасымен шектеседі. Облыс арқылы Қытай-Оңтүстік-Шығыс Азияны Еуропамен байланыстыратын «Бір белдеу, бір жол» транзиттік дәлізі өтеді. Осындай мүмкіндіктерді пайдалана отырып, тәуелсіздік алған жылдарда облыс экономикасына 7,5 трлн теңге инвестиция тартылды. Биылғы жоспарға сәйкес, 1 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, 100 млрд теңгенің 30 инвестициялық жобасын іске қосу қарастырылған. Оның ішіндегі ірі жобаларға тоқталар болсам, жоба құны 36 млрд теңгені құрайтын Arm Wind ЖШС-ның ІІ кезектегі жел электр стансасының құрылысын, жоба құны 13,8 млрд теңгелік West Smart Trading ЖШС-ның деректерді өңдеу орталығының құрылысын, жоба құны 5,3 млрд теңге болатын Gas Processing Company ЖШС-ның «Қожасай» кен орнында газды кешенді дайындау қондырғысын реконструкциялауды атай кетуге болады. Сонымен бірге Үкімет деңгейінде қол қойылған меморандумға сәйкес 2026 жылға дейін 2,4 трлн теңгеге 190 жоба іске асыру жоспарланған. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына келер болсақ, оның аясында несие сомасы 35,7 млрд теңгені құрайтын 238 жоба бойынша жұмыс жүргізіледі. Соның ішінде несие сомасы 33,7 млрд теңге болатын 227 жоба мақұлданды. Оның несие соммасы 11,3 млрд теңгелік 25 жобасы биылғы жылдың еншісінде. Қаржы институттары мен екінші деңгейлі банктерде несие сомасы 1,5 млрд теңге болатын 8 жоба қаралған. Несие сомасы 0,5 млрд теңге болатын 3 жоба бизнес-жоспарын әзірлеу сатысында, яки кредитті құрылымдау, қаржы моделін есептеу, өтімді кепілді іздеу және тағы басқа жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биылғы жыл басынан бері 11,3 млрд теңгеге 25 жоба мақұлданды. Биылғы бағдарлама шеңберінде туындап тұрған мәселе «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан қаржы тапшылығы. Бұл сұрақ Үкімет деңгейінде қаралуда. Алайда жыл басында көктемгі дала жұмыстары үшін Әйтеке би, Қарғалы және Хромтау аудандарындағы 9 кәсіпкерге 1 млрд теңгенің үстінде қаржылай көмек көрсетілді. Қалған 16 жобаның барлығы екінші деңгейлі банктер арқылы 10,3 млрд теңгеге несиелендірілді. Осы тұста атай кететіні, екінші деңгейлі банктер арқылы өндіріс саласындағы ауқымды жобалар несие ала алды. Олар – Gas Processing Company ЖШС – сұйытылған газ өндірісіне – 4,0 млрд теңге, «КазТермоГрупп» ЖШС – минералды плита өндірісіне – 1,5 млрд теңге, Eco Product Company ЖШС – тамақ өнеркәсібіне – 1,0 млрд теңге, «Техноскаут» ЖШС – полиэтилен пакеттер өндірісіне – 785,0 млн теңге, «Айс-плюс» ЖШС – пісірілген сүт өнеркәсібіне – 800,0 млн теңге. – Облыстың туризм әлеуеті қандай? 10 ірі туристік кластерді дамыту жобасында қандай нысандарыңыз бар? – Бүгінде Ақтөбе облысында туризмнің қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі экологиялық туризм. Оған келесі нысандар кіреді. «Ақтолағай» борлы таулары, «Аққұм» және «Барқын» құмдары, «Қасқыр апаны» сарқырамасы, «Жаманшың» метеориттік кратері және Аққайың орманы. Сондай-ақ тарихи тұлғалар мен оқиғаларға арналған мемориалдық кешендер мен кесенелерге бару негізделген сакралды, мәдени-тарихи туризм де кеңінен танылған. Олар, «Қобыланды батыр», «Досжан хазірет», «Хан моласы», «Есет Көкіұлы», «Абат Байтақ», «Исатай батыр» мемориалдық кешендері. Туризмді цифрландыру аясында visitaktobe.kz туристік сайты жұмыс істеп тұр. Сайтта өңірдің көрікті жерлері, орналасу орындары, гастрономия, ойын-сауық орталықтары, 3D виртуалды тур, фото-видео галерея және тағы да басқа ақпараттар берілген. Республикалық туризм картасына Ақтөбе облысынан өңірлік маңызы бар 1 нысан – Қарғалы су қоймасы кіреді. Аталған аумақта Qargaly Resort демалыс және ойын-сауық паркі аймағын салу бойынша жоба іске асырылады. Онда экостильде қонақүйлер, тау шаңғысы базасы, шипажай, ипподром салу, демалыс пен спорттың гольф, теннис, футбол, картинг және тағы да басқа ойын-сауық түрлерін, балық және жылыжай шаруашылығын ұйымдастыру жоспарланған. Бір мезгілде 1 000-нан астам адамды қабылдау қарастырылып отыр. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұрлан ОРАЗҒАЛИ