Жаңалықтар

Ұлттық жоба химия өндірісінің дамуына әсерін тигізе ме?

«Kazхимия химия өнеркәсібі қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Төлеген Молдахметов «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасы салада қосылған құны жоғары тауарларды өндіруге мүмкіндік беретінін айтты, деп хабарлайды newsroom.kz тілшісі.

Сарапшылардың есептеуінше, мұнай-химия саласындағы өндіріс көлемінің 1 долларға өсуі басқа салаларда 2 долларға дейін өсім береді. Тіпті, халық тұтынатын тауарлардың 96% мұнай-химияның қатысуымен шығарылады. Осы орайда бірлестік төрағасы елде мұнай-химия өнеркәсібін дамыту маңызды екенін атап өтті.

«Бұл саланың өнеркәсіптің басқа салаларымен салыстырғанда мультипликативті әсері жоғары. Химия өнеркәсібінің өнімдері өнеркәсіптік мақсаттарда да, халық тұтынуы үшін де қолданылады. Негізгі химиялық заттарға натрий гидроксиді, тұз қышқылы, күкірт қышқылы, сары фосфор және басқа да өнімдер жатады. Бұл өнімді металлургия және мұнай-газ секторындағы өнеркәсіптік компаниялар пайдаланады. Сонымен қатар химиялық өнімдер тұрмыстық қажеттіліктерге де қолданылады белгілі. Мысалы, лак пен бояулар, жуғыш заттар, агроөнеркәсіптік сектордағы түрлі тыңайтқыштар», - деді Төлеген Молдахметов.

Оның пікірінше, бүгінде аталған салаға арзан қаражат жетіспейді.

«Қазіргі таңда химия өнеркәсібіндегі негізгі мәселелердің бірі – айналым қаражатының жетіспеушілігі. Қазақстанда екінші деңгейлі банктердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бойынша бірқатар мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Алайда бұл бағдарлама аясында кредит алу қиын. Себебі, банк кредитті алған кезде «берік» кепілдікті қамтамасыз етуді сұрайды, ал шағын және орта бизнестегі көптеген химиялық кәсіпорынның еркін кепілдігі жоқ», - деді басшы.

Саладағы тағы бір мәселе – базалық шикізатқа бағаның өсуі.

«Өткен жылы шикізат бағасы орта есеппен 50-60% өсті. Бүгінде біз шикізатты Ресей, Қытай, Еуропа елдерінен алып отырмыз, біз оларға тәуелдіміз. Сондықтан импортты алмастыратын өндірістерді дамыту жөнінде шаралар қабылдау қажет. Мысалы, Атырау облысында полиэтилен өндіру бойынша жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осы жоба шеңберінде көптеген химиялық кәсіпорын пайдаланатын шикізаттың басқа түрлерін (этилен, этилен тотығы) өңдеуді дамыту қажет», - деді Төлеген Молдахметов.

Ол «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысында жоғары аталған мәселеге назар аудару керегін жеткізді.

«Ұлттық жоба шеңберінде мемлекет пен бизнестің бірлескен күшімен базалық химия өндірісі жөніндегі жобаларды дамыту шарт. Жобаларда салық және кеден бажын ұсына отырып, арнайы экономикалық аймақтарда іске асыру мәселесін қарастыру керек. Жобалар бәсекеге қабілетті болады деген ойдамын. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, ірі химия өндірісінің айналасында қосылған құны жоғары ілеспе тауарларды өндіру бойынша кластерлер құрылады. Бұл қосылған құны жоғары тауарларды өндіруге мүмкіндік береді. Мысалы, полипропилен өндіретін ірі зауыттың айналасында құбырлар, фитингтер және полиприориленнен жасалған басқа да өнім шығаратын шағын зауыттар жұмыс істейтін болады», - деп түйіндеді сөзін бірлестік төрағасы.