Шок болдық! Петропавлда қазақ зиялыларының ескерткіштері қоқыста жатыр
Шок болдық! Петропавлда қазақ зиялыларының ескерткіштері қоқыста жатыр
Қызылжарда қазақ зиялыларына арналған ескерткіштер қоқыс арасында жатыр. Қараусыз қалған мүсіндердің қатарында Мағжан Жұмабаев, Шоқан Уәлиханов, Қаныш Сәтпаев, Қожаберген жырау сынды ұлы тұлғалардың бейнесі бар. Бір кездері 38 млн теңгеге бағаланған композицияны Петропавл қалалық әкімдігі орталық саябақтан алып тастауды жөн санаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
ҰЛЫЛАРДЫҢ ЕСІМІ АЯҚҚА БАСЫЛДЫ
2010 жылы Петропавлда қала күні мерекесіне орай орталық саябақта ақын-жазушы, ғалымдарға арналған 34 ескерткіш орнатылған болатын. Тарихи тұлғалардың шынайы бейнесіне ұқсамайтын 22 мүсін көпшілік сынына ұшырағаннан кейін авторы, алматылық мүсінші Қазыбек Сатыбалдинге қайтарылды. Тіпті, ескерткіштердің кейбірінің дене пропорциясы сай келмейтіні жөнінде де пікірлер көп айтылды. Қалған 12-нің де ғұмыры ұзаққа бармады. Биыл олар да тұрған орнынан ғайып болды.
«Күнде саябақта немерем екеуміз қыдырамыз. Келе жатқанда ескерткіштердің атын атап, таныстырып қоятынмын. Балалар осындай ұлы тұлғаларды біліп, оларға еліктеп өсуі тиіс. Олардың жоқ болып кеткеніне өзіміз де аң-таң болып қалдық. Қайда екенін білмеймін. Көктем таяғанда жоғалып кетті. Әйтпесе жыл сайын жазда әктелетін. Мүмкін оның қазіргі жастар үшін маңызы жоқ шығар. Бірақ маған ол ескерткіштер ұнайтын. Ел үшін зор еңбек сіңірген адамдар ғой», - дейді зейнеткер Майда Ғабдуллина.[caption id="attachment_61692" align="alignnone" width="1040"] Фото: azattyq-ruhy.kz[/caption] 6 ескерткіш жарты жылдан бері мәдениет үйінің алдында қаңтарылып тұр. Қалған алтауының қайда кеткені беймәлім. Олардың қатарында Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сәкен Сейфуллин сынды жазушылардың бейнесі бар. Мүсіндердің тағдыры не болғанын қалалық әкімдік өкілдері де айта алмады. Тіпті зиялылардың «жоғалып» кеткенін өздері де білмеген. Ақпарат алу үшін бірнеше күн күтуге тура келді. Алайда, көп сауал жауапсыз қалды.
«Ескерткіштердің астында тұрған тұғыры бүліне бастаған. Сондықтан мүсіндерді уақытша мәдениет үйінің алдына әкелдік. Оларды жөндеуге қажетті сома көлемі есептеліп, бюджеттен ақша бөлінеді. Бірақ әзір олардың қайда орналастырылатыны белгісіз. Қалған 6 ескерткіштің қайда кеткенін де білмеймін», - дейді Петропавл қалалық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Азат Ыбыраев.Мағжан Жұмабаев, Шоқан Уәлиханов, Қаныш Сәтпаев, Қожаберген жырау, Федор Достоевский, Иван Шухов. Осындай ұлылардың есімі жазылған тақтайшалар аяқ астында жатыр. Қаланың кейбір тұрғындары бұл жерді ит қыдыртатын орынға айналдырған. Қоқыс та әкеліп тастайтыны көрініп тұр. Ескерткіштер мәдениет үйінің қызметкерлеріне қажеті жоқ сыңайлы. Әйтпегенде нысанда аула сыпырушының бары анық. «ЗИЯЛЫЛАРДЫ ҚОР ҚЫЛҒАНДАР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛУЫ ТИІС...» Жазира Көкбас ескерткіштердің осындай күйге түсуін тарихи тұлғаларға жасалған қиянат деп есептейді. Айтуынша, оған жол берген Петропавл қалалық әкімдігінің өкілдері жауапқа тартылуы тиіс.
«Кеше елдің алдында тұрған қазақ зиялыларының ескерткіштері бүгін қоқыста жатқаны өкінішті. Олар ел болашағы үшін аз еңбек сіңірген жоқ. Кезінде Мағжан сенген жастар осылай жасағаны өкінішті. Оның ісін жалғастырар ұрпақтың жоғы байқалып қалды. Бұл – облыс басшылығында ұлтқа жаны ашитын басшының жоқ екенінің белгісі. Бұл әрекет – қала әкімдігінің бассыздығы. Ескерткіштерді алып тастады екен, оны біздің көзімізше осылай қорламауы керек еді. Таса жерге қойғаны дұрыс болар еді. Осы үшін біз ұлт зиялыларының аруағының алдында айыптымыз. Кешірім сұрап, Құдайы ас беру керек. Кезінде ескерткіштерді жасау үшін қыруар ақша жұмсалғаны белгілі. Енді олардың керексіз болып қалғаны ма? Осындай әрекетке барған тұлғалар өз істері үшін жауап беруі тиіс», - дейді Жазира Көкбас.11 жыл бұрын композицияны орнату үшін қала қазынасынан 38 млн теңге жұмсалған болатын. Осы күнде күтім көрмеген ескерткіштер бүлініп, жарыла бастаған. Өз заманында елі үшін еңіреп өткен арыстардың мүсіні мүсәпір күйде қоқыс арасында жатқаны өкінішті. Оны керек қылып жатқан әкімдік жоқ. Көше сәнін келтіріп тұрған мүсіндерді алып тастап, қоқыс арасына тастау қай шендінің шешімі? Петропавл қалалық әкімдігінен жауап күтеміз...
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО