Жаңалықтар

«Тілім барда айтылар сөз ойдағы...»

«Тілім барда айтылар сөз ойдағы...»

Ата-бабамыздан аманатталып, тәнімізге тәбәрік боп дарыған қазақ тілі небір алмағайып заматтарды бастан өткерді. Тәңір тағала тағдыр-талайымызға Тәуелсіздік төлқұжатын табыстағалы бері «Мемлекеттік» деген атақты қанжығасына бекем байлады. Ағзам шақтың арына да, бағына да бұқпасыз болмыстарын арнаған ардалы Алаш зиялылары көксеген ең ұлы мақсат-мұраттардың бірі осы емес пе еді... Ұлт болып ұйысу сүрлеуіне түскелі бері қазақ тілі дәл осындай жетістікке  жетпегені мәлім. Бұл әрине бәрі тамаша, бәрі керемет деген байлам емес әрине. Десек те, азды-көпті жылдар мұғдарына бажайлап қарасаңыз, тіліміздің қолданыс аясы сәл де болса кеңейгенін аңғарамыз. Біз сияқты Мәңгілік мұратты мақсат тұтқан жас мемлекет үшін бұл да айрықша жетістік. Әсіресе қазақ тілінің мәртебесі тәуелсіздік жылдары едәуір өрістеп, атағы еселене түсті. Әр салада ана тіліміздің салмағы артып, мемлекет саясатының бір тірегіне айналды. Ел болып, еңсе тіктегелі бері мемлекеттік деген атақ теліген ана тіліміздің айбыны өзге мемлекеттердің алдында именбей, іркілмей күн кешуімізге себеп болды. Көзіміз жетпеген жерге тіліміз жетіп, бүгінгі таңда мерей-мәртебеміз еселеніп отыр. Әлем тілдері арасында естілуі мен дыбысталуы жағынан алдыңғы санатта болу үшін алдымен «Ана тілім – арым бұл» деген азаматтардың қарасы көбеюі керек. Себебі өзіміз сыйлай алмаған дүниені, өзгеге сыйлату қиынның қиыны. Тілім барда… «Тілім барда айтылар сөз ойдағы» деп бұрынғылар толғанғандай өз ана тіліміздің құнын түсірмей, қырын сындырмай таза табиғи қалпында сақтау жүрегі елім деп соққан әр қазақтың, әр қазақстандықтың борышы. Міндеті десек те болады. Абайдың өлеңі өріліп, Мұқағалидың мұңы төгілген, Жамбылдың жыры жалын атқан, Мағжан мен Ілиястың шумақтарына қанат бітірген қазақ тілінің тамыры тереңде және де бүгін-ертең тұғыры теңселе қоймас. Алайда «Жау жоқ деме, жар астында» демекші, қауіп әлі де бар. Қабанбайдың қасқа тұлпарын шаптырып, Наурызбайдың найза көтергендегі ұранын әйгілеген, Бұқар болып патшаға да датын жеткізген, үш би болып күллі қазақ ұлысына төрелік еткен ана тіліміздің абыройын асқақтатып, оның даңқын еселей түсу бүгінгі тәуелсіздік ұрпақтарының иығына артылған жүк. Тіл – адамның ой-өрісін, мәдени дәрежесін, ақыл-парасатын, рухани байлығын көрсететін айна. Тұңғыш Президентіміз бір сөзінде: «Қазақстан халқы бүкіл әлемде үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі», - деген болатын. Елбасының үштұғырлылық саясаты арқасында шет тілін үйрену, оның қолданыс аясын кеңейту бүгінгі таңдағы келелі мәселелердің бірі болып отыр. Арғыға арман қанатымызды қақпай, бүгінгінің қақпасынан сығаласақ «Мемлекеттік тілдің» мәртебесі көтеру мақсатында жасалып жатқан жасампаз істерге көңіл қуанады. Ең алдымен халықтар бірлестігі мен ұлттар достастығының «Алтын тұғыры» ретінде осы қазақ тілінің насихатталып жатқандығы мәлім. Шетіне жетпей тұлпардың тұяғы мұқалып, шегін таппай сұңқардың қанаты талатын ұлан-ғайыр атырапты Отаным дейтін өзге ұлт өкілдері де бүгінде Қазақ тілін меңгеруге құлшыныстарын артып келеді. Себебі ортақ Отанымыздың әр өкілін біріктіруші – ол қазақ тілі. Кешегімізден бүгініміз бақуатты, бүгінімізден болашағымыз баянды болып отырған осынау дәуірдің келбетіне бір үңіліп, елдік пен егемендікті сақтау және бірлік туы астындағы бірегей тірлігіміздің тұғырын теңселтпеуде ана тіліміздің атқарар рөлі мен орны ерекше екендігін ұмытпаған абзал. Ықылым замандардан бері тектілігін тілге балап, ең құнды қазынасы деп санаған ұлтымыз қазіргі таңда да осы ұстанымынан жаңылған емес. Өйткені, Тіл тағдыры – ел тағдыры. Шынымен де тоң топыраққа тоғытылған көне заманның көрегендері адамзаттық құндылықтарды, ұлттық болмыс пен рухани байлықты дәріптей отырып, тіл тағдырына ерекше көңіл бөлуді әсте ұмытпаған. Себебі тал бесіктен тұла бойға құдірет болып сіңген бұл қазынаның құны өлшеусіз. Әлем тарихына зер залып, зерделейтін болсақ, алдымен тілін жоғалтып, артынша діні мен ділінен айырылып, соңында «ел» деген атақтан да қағылған мемлекеттер аз емес. Ал бұған жетелеген алғашқы зардап – ана тілге деген немқұрайлы көзқарас екенін айтпасақ та түсінікті. Бізді де осындай толқынды, тосқауылды тарих таразысы сүріндірмеу үшін тілімізге деген құрметтің құнын еселеп, барынша дәріптеу мен дамытуға тырысуымыз құптарлық дүние. Қазақ тілі – ұлтымыздың рухани байлығының ұлғаюына, ойлау қабілетінің өрістеуіне, шығармашылық дағдысының шыңдалуына үлкен септігін тигізді. Әдебиет әлеміндегі сөз құдіретін барлығынан да биік қойған зерделі де зейінді, өрелі де ойлы алып тұлғаларымыз қазақтың хақ болмысын насихаттау мен тарих тағылымдарын ақтарып, ақпарат беруде айтулы жұмыстар атқарғаны мәлім. Қазір де олардың есімдері елімен бірге жасап, ғасырлар сабақтастығының куәсі болып отыр. Тәңірден бұйырған тылсым қасиетті бойына сіңдіріп, осы бір биікті бағындырған азаматтардың пайымды пікірі, ордалы ойы, байламды бәтуасы – нағыз тіл өнерінің көрінісі. Шыны керек, ішінде таусылмас қазына-байлығы бар кітапты ақтарып, оқиғалар желісіне бар тәніңмен беріле оқу ғажап қой, шіркін! Әр тарауын, әр тарамын көза алдыңа елестетіп, әдебиеттің әлеміне сіңіп кетуің тіл өнерінің құдіретін көрсетіп тұрғандай. Бүгінде бұл бағытқа деген көзқарас та өзгере түскен. Оқырмандардың сұранысы мен сұрауы да өзгерді. Бұл қаламын қару етіп, әдебиет майданында жүргендерге деген жауапкершілікті арттыра түсті десек те болады. Алайда тілге деген құрмет әдебиет саласында жүген азаматтармен шектеліп қалуы да жаңсақ пікір. Мұны жалпыұлттық сипатта, барынша қолдау көрсететін дүние ретінде қабылдауымыз қажет. Тарихымыз тамырын жайған сонау көктүріктер мен сақ қауымынан бергі өткеніміздің өнегелі тұстарының барлығында ана тіліміздің мәртебесі ерекше болған. Керей мен Жәнібек бастаған ұлы көш соңында Қазақстан дейтін мемлекеттің тұғырын көтеріп, тілінің де байрағын тіктеген болатын. Ең бірінші кезекте – қазақ халқының бүтіндей болмысы, қанымен бірге тамырын жайлаған тіршілік нәрі де айналып келгенде осы тілге байланысты екенін естен шығармасақ игі еді. Ананың сүтімен, әкенің бекзат тәрбиесімен, әженің әз әңгімесімен, атаның ақ батасымен, халықтың сөзімен тұла бойымызға сіңісті болған Ана тіліміздің тұғыры нықтала берсін! Ғасырлар тоғысында егемендігін жариялап, мыңжылдықтар төрінен Мәңгілік ел болуға қадам басқан еліміздің болашағы баянды болсын!  

Темірлан АЙТБАЕВ