Жаңалықтар

Елбасыға бата берген Ш.Әбеновтың қызы Дауа "Қыз Жібекке" өтіп тұрып қайтыс болып кеткен

Елбасыға бата берген Ш.Әбеновтың қызы Дауа "Қыз Жібекке" өтіп тұрып қайтыс болып кеткен

«Қыз Жібектің» рөліне 400 қыздың ішінен таңдап алын­ған Дауа Шәкірқызы екенін білесіз бе? Иә, Шәкір Әбеновтың қызы. 1966 жылы басты рөлге іріктеуден өтіп, 1967 жылы фильмнің басты рөліне шақырт­қанда Дауа өмірден өтіп кеткен еді.
ШЫҢҒЫСТАУДЫҢ ШӘКІРІ…………
Архат пен Құндызды ауылына болыстық еткен Әбен қажы ұлды боларын түсінде көріп, «балам тар заманда өмір сүреді, алайда ақыл-парасаты биік тұлға болады» деп жорыпты.
Көреген кісі ғой. 1901 жылдың көктемінде Құндызды ауылындағы Әбеннің Ақтасы деген жерде сәби іңгәсі естіледі. Әкесі құдайға шүкір етіп, есімін Мұхамедшүкір қояды. Айтқанындай, Шәкір ақын – алмағайып заманда жұрттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған тұлға еді.
Осыдан отыз жыл бұрын Қазақстан Тәуелсіздігін алып, Тұңғыш Президентін сайлады. «Баталы ел көгерер» деген ырым­мен тоқсандағы Шәкір Әбенов ха­лықты болашаққа бастаған Нұрсұлтан Назарбаевқа ақ батасын берді.
Ел ер­кіндігін өмір бойы аңсап келген Шәкір ақынның бата беруі заңды еді. Абыз ақсақал сахнада Нұрсұлтан Назарбаевтың иығына оюлы шапан жауып, құрмет көрсеткені де елдің көз алдында.
«Батаның екі жолы бар, бірі – негізгі бата, бірі – лебізді бата дейді. Негізгі бата – халықтың батасы. Сол үшін үш мін­дет атқару керек. Бірінші – жұмыскер, диқаншы, мал өсіруші шаруалардың еңбегіне ысырап жасатпай, дұрыс бақылап отыру.
Екінші – халыққа зиян келтіретін, зорлықшыл зұлымдарға аяусыз жаза беріп, тыйым салу. Үшінші – әлдекім қате­лессе, халықтан кешірім сұрап, өз қатесін өзі түзеу. Міне мұны халық беретін негізгі бата дейді.
Менің беретін батам – халықтың аңсаған арманы, келешектен тілеуі» деп Тұңғыш Президентке ақ батасын берген.
Әбеннен қозғалған әңгіме...
Ақын, фольклоршы, сазгер Шәкір Әбенұлының туғанына биыл 120 жыл толды. Соған орай ақынның қызы, әрі Құндызды ауылындағы музей-үйінің экскурсоводы Сана Шәкірқызымен әңгі­мелескенбіз.
2002 жылы Абайдың «Жи­дебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мә­дени және әдеби-мемориалдық қо­рық-музейі құрамына өткен ақын­ның музейіндегі құнды жәдігерлер мен сарғайған қолжаз­баларды Сана Шәкірқызы бірнеше жыл үйдің шатырында, сандықта сақтап келген екен.
– Әкем туралы көп жазылды. Бірақ сен мынау бір деректі жазып ал, – деп ашыла сөйледі. – Әбен атамыз бай-манап болған адам. Ел билеу саясатын жақсы меңгерген. Архат пен Құндызды ауылдарында болыс болыпты. Айтайын, бірде Абай атамыз Құндыздының Ақшилі деген жеріне келеді.
Сонда Дүтбай құдасы тұратын. Келгендегі себебі, «Құндызды ауылын Дүтбай билесін» депті. Біздің атамыз да мінезді адам ғой. Ауылын біреуге басқартсын ба?! Сол екі ортада жағдай шиеленісіп, бүкіл тобықты жиналған. Әбен атамыздың Нұрғазы деген содырлау інісі болыпты.
Сол білдірмей қамшысын ала шығады. Атамыз: «Әй, Абай қой! Алсаң Архатты ал, Құндыздыны бермеймін» деп ымыраға келгісі келген. Абай да қи­тық­қан болуы керек. Сол кезде Нұрғазы қамшымен басынан салып кеп жіберіпті. Ел шу еткен. Бұдан соң Нұрғазы біржола айдалып кетейін деп тұр. Інісін аман алып қалу үшін Әбен атамыз «мен ұрдым» деп, айыппұл төлеп құтылыпты.
Ел арасында «Әбен Абайды ұрды» деген қауесет содан қалған, – деп әріден, Әбеннен қозғады әңгімесін. Әбен Бітімбайұлы туралы әңгіме-деректер аз емес. Ертеңіне көрегендікпен қараған ол баласы Шәкірдің тәрбиесіне көп көңіл бөлген.
Мұсылманша хат таныт­қан, домбыра шертуге үйреткен. Кейін Семейдегі Приходская школада үш жыл оқытып, 1915 жылы ер балалар гимназиясына берген. Уфадағы «Ғалия» медресесінен алған білімі де бар. Әбен қажы өзі сауда-саттықпен де айналысқан. Ауылға ине-жіп, керек-жарақтарын жеткізіп тұрған.
– Атамыз сұңғыла кісі екен. Байкөкше, Жанақтай ақындарды ауылына шақыртып, домбыра тартқызған. Әкеміз бес жасында-ақ «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанын тыңдап, жаттап алады екен. Кейін, 1917 жылы дастанды өзі қайта жазып шыққан. «Таң шебер – Жапал» поэмасы да өмірде болған оқиға, – дейді Сана Шәкірқызы.
Сонымен қатар Шәкір Әбенов «Кей­пін батыр», «Ортақ арал», «Қорқыт қо­бы­зы», «Пәрмен», «Алданған қыз», «Пат­­ша мен байғыз», «Ана махаббаты», «Тоқ­­тамыс батыр» атты тарихи-таным­дық та­қырыптағы дастандардың, «Шың­ғыстау», «Шыңғыстау сазы» деген жыр жи­­нақтарының авторы.
Жиырмадан астам ән-күйі және бар. Шәкір Әбеновтің тағы бір қасиеті – Фирдауси, Науаидан бас­­тап, Бұқар, Жанақ, Сырбай сынды жы­рау­лардың жырларын, Абай, Шә­кәрім, Көкбайлардың өлеңдерін өле-өлгенше жадына сақтап жүрді. Лермонтов, Пуш­киндерді де жатқа соғатын. Темірден түйін түйген ұсталығы да бар еді.
ТҮРМЕДЕГІ ТҮС……….
Шәкір атаның ұлт үшін еткен ең­бегі ұшан. Сол үшін де сан рет сотты бол­ғанын, қуғын-сүргінде жүргенін бі­леміз. Біле тұра, тың деректер айта ма деп Сана Шәкірқызынан атаның айдау­да жүрген жылдарынан сыр шертуді сұрадым. Терең тыныстап, «Біздің көр­меген тауқыметіміз бар ма?!» деп ойға шом­ғандай болды. Әкесінің өмірі көз алдынан кинолентадай өтіп жатса керек.
– Азғантай тобықтыны бір арнаға тоғыстырып ұстаған Құнанбай мықты адам еді. Айтпағым, Кеңес өкіметі менің әкеме Құнанбайдың қаталдығын, бай-шонжарлардың әділетсіздігін көрсете отырып, өлең жаз деген ғой. Мұндайды күтпеген әкем бірден бас тартқан. «Сендер үшін ата-бабамды жамандап, қарғысқа ұшырамаймын.
Өмір-бақи сүйегіме таңба болады» деп кесе сөйлеген. Сол үшін де шығар, айдауда болды. Байқайсың ба, Кеңес өкіметін мақтап жазған бірде-бір өлеңі жоқ, – деді нығыздай сөйлеп. – 1931 жылдан бастап қуғынға ұшырады.
Кәм­пескелеуге қарсы шықты, Кеңес өкі­метінің тапсырмасын орындамады. 1928 жылы Сәкен Сейфулиндердің бастауымен қазақ жазушыларының «Алқа» деген шығармашылық ұйымы құрылып, Шәкір Әбенұлы соның хатшысы болған. Ілияс, Сәкендермен жақын араласты.
Бейімбетті қарапайым, момын деп отыратын. Бес-алты рет темір торға қамалды. Алматының Боралдай түрмесіне түскенде «Шәкір бастаған топты аман алып қаламыз» деген жақтастары камера ішінен жерасты жолын қазып, қашып шыққан.
Ал Сәкендер отырған қапастың қабырғасы цемент болып, ұңғи алмаған. Олар сол жерде атылып кетті. Әкемнің әңгімелерін ұмытпаймын. Тағы бірде Қайым Мұхамедхановпен бір түрмеде отырдық дейтін. Сонда тағы бір өлімнен қалыпты. Погондылар абақ­тыдағыларды асырауға мүмкіндік жоқ, 1000 адамның 500-ін ату керек деп тізім жасаған екен.
Сапқа тұрғызғанда Қайым Мұхамедханов, «өлсек бірге өлейік, өл­месек бірге қайтамыз» деп Шәкір екеуінің ортасына егде жастағы қарияны қоя қойыпты... Әкеміздің тартпаған азабы бар ма, – деп өткен өмір соқпағын есіне алды Сана Шәкірқызы.
Айтуынша, Шәкір Әбенұлы 1961 жылы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Әбділдә Тәжібаевтың көмегімен ақталыпты. Музейдің сөресінде тұрған аккордеон мен жазу машинкасын сонау Сібірдегі абақтыдан ақталып шаққанда арқалап алып келіпті. Бостандыққа 1954 жылы шыққанымен, ауылына бір жарым жылдан соң жеткен.
– Мариновскідегі Александр түр­месінде немістің бір ғалымымен отырыпты. Егде жастағы кісі болса керек, соның ас-суын беріп, күтімін жасаған екен. Музыкалық аспаптарда ойнауды да немістің қариясынан үйренген ғой.
Әкемізге риза болған ғалым аккордеон мен жазу машинкасын сыйлап жіберген. Бірақ түрмеден шыққан соң бірден үйге орала алмады. Жолына ақша табу үшін ән салған, аккордеонда ойнаған. Орыстың әндерін нақышына келтіріп орындайтын.
Иә, Сібірден мыңдаған шақырымды жаяу басып өтіп, Шыңғыстауға жету оңай емес. Қыстың аязында қар төсеніп, мұз жастанды. Айтса айтқандай, тартпаған тауқыметі қалмапты.
Астаң-кестең заманда Ұлы Отан соғысына қатысып, кеудесін оққа да тос­ты. Түрмеде жатқанда әкесі түсіне кіріп, «со­ғысқа барсаң, аман ораласың, қамақта жатсаң, өлесің» деп аян беріпті. Содан қырық жасында қару алып майданға аттанған.
КЕҢШІЛІК ЗАМАН ТУАДЫ………..
Соғысқа дейінгі тағдыры да ащы болды. Әкесі еркелетіп өсіргенімен, өзі дүние салған соң Шәкірдің соңына шам алып түскендер аз болмады. Оған әкесінің Меккеге барғаны да себеп болса керек. Отбасылық өмірі де қиындыққа толы еді.
Тұңғышы Кенесарыдан айырылды, Сапарғали деген ұлы 1930 жылдары аштықтан көз жұмды. Сол жылдары әйелі де өмірден озды. Ал қызы Орынтай Матай стансасының баласына тұрмысқа шыққан. Кейінгі әйелінен Дауа, біз әңгімелесіп отырған Сана апай туған.
Дауа Шәкірованы «Қыз Жібектің» рөліне 400 қыздың ішінен таңдап алын­ғанын біреу білсе, біреу білмейді. 1966 жылы басты рөлге іріктеуден өтіп, 1967 жылы фильмнің басты рөліне шақырт­қанда Дауа өмірден өтіп кеткен еді.
– Дауа 21 жасында ғана дүние салды. Адам қолынан деп ойлаймыз. Бірақ бізге троллейбуста тоқ соқты деді. Анамның жылағаны әлі көз алдымда. Әкем болса, қайтыс боларын сезіп жүрді.
Үш күн бойы Көленбай ағаның үйінде жатып алды. Кейін қайдан білдің деп сұрасақ, «түрмеде отырғанда 21 жылға алданыш берем деп аян берген» деп жауап қатқан еді. Иә, Дауаның тал бойында бір мін жоқ сұлу еді. Бір айдан соң сіңлім қайтты. Он екіні жерге көмдік.
Әкем мен шешемнің көрмегені жоқ. Сонда әкем: «Дөңгелеген дүние. Өмір сүру үшін шыдамдылық, қайсарлық, батылдық, адалдық, сабырлық керек» деп отыратын. Анам Серікбөбе Молдаханқызы да мықты адам болды, – дейді Сана апай күрсініп.
«Абыз ақсақалдың ақындығы өз алдына, сәуегейлігі де болған екен...» деп әңгімені сабақтай түскім келді.
– Иә, өзіміз таңғалатынбыз. Нұрсұлтан Назарбаев Президент болғанда, «бір рет сайланды, енді бес рет сайланады» дегені есімізде. Содан соң, «соғыссыз бір зұлмат заман келеді» әрі қарай кеңшілік заман туатынын болжады, – дей бергенде «әумин» дестік.
– Әкем Абай туралы дас­тан жазып отырып, «мен Абайды жаза алмайды екенмін, Шәкір болып кетті» деп қағазын отқа лақтырып жіберді. Екі-үш қағазды қоса лақтырды. Лап ете түсті. Жұлып алдым. Өртеніп үлгеріпті. Бүтін жеріне көз жүгіртсем, ақталғаны туралы жазыпты.
Шет-шетін қиып, бір кітаптың арасына сала салғам. Қазір құнды мұраға айналды. Музейде тұр, – дейді Сана Шәкірқызы.
Музейде Әбеннің әулетінен қалған 364 жәдігер бар. Әбеннің 1912 жылғы домбырасы, мылтығына дейін тұр. Шәкір ақсақалдың саятшылықпен айналысқанын аңғартатын көк қаршығасының тұлыбы да мұражайға қойылған.
Биыл Шәкір Әбенұлының 120 жыл­дығына орай Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемо­риалдық қорық-музейіне қарасты Құн­дыз­дыдағы Шәкір Әбенұлының му­зей-үйі толық жөндеуден өтіп, қайта жаң­ғыр­ды.
Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ
Шығыс Қазақстан облысы,
Абай ауданы.