Түркістанға Әмір Темір сыйлаған шырағдан туралы не білеміз?
Түркістанға Әмір Темір сыйлаған шырағдан туралы не білеміз?
Адамзат тарихына үңілсеңіз есепсіз соғыстар, қақтығыстар барысында жеңуші жақтың тонаушылық әрекеттері, контрибуция есебінде қымбат заттарды тартып алуы негізінде небір адам қолынан туындаған асыл заттар бір елден бір елге көшіп отырғанын байқайсыз. Мұнан басқа контрабандалық жолмен де, авантюрист қазына іздеушілер мен қазіргі күнгі «қара археологтар» деп аталатындардың тапқанын шет елдерге сатуы арқылы да ежелгі Мысыр мен Таяу Шығыс елдерінен, Үндістан мен Қытайдан, Орталық Азия қалалары мен далаларынан есепсіз жәдігерлер қолды болып, дамыған елдердің музейлерінен немесе бай коллекционерлердің жеке қорларынан орын тапты.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Германия бүкіл Еуропа елдері мен Ресейден есепсіз көп жәдігерлерді арнайы вагондармен тасып әкетті. Мұндай әрекеттен Кеңес Одағы да бас тартқан жоқ, өз мәдени құндылықтарын қайтарып қана қоймай контрибуция есебінде көптеген дүниелерді қоса әкетті.
Ал, өз елімізге, Қазақстанымызға келсек, жәдігерлеріміздің сыртқа тасылуы ХІХ ғ. аяғынан бастап белең алды. Алғашқы дерек В.В. Луниннің «Из истории русского востоковедения и археологии в Туркестане» деген еңбегінде келтірілген [1]. Онда Археология әуесқойларынның Түркістан үйірмесінің мүшесі Ә.Ә. Диваевтың 1895 ж. Қазан қаласына Әзірет Сұлтан кесенесінің көне мөрін алып барып оны Қазан діни академиясының практиканты Сахыб Керей Ахмеровтың зерттегені жайлы айтылған. Бірақ, С.К. Ахмеровтың өзі 1896 жылы Қазан университетінің археология, тарих және этнография қоғамының Хабаршысында жариялаған мақаласында Ә.Ә. Диваев кесене мөрінің қағазға басылған таңбасын (оттиск) ғана алып келгенін жазады [2]. Зерттей келе В.В. Луниннің қателескенін, Ә.Ә. Диваевтың шын мәнінде мөрдің таңбасын ғана алып барғанын М.Е. Массонның «Мавзолей Ходжа Ахмеда Ясави» деген еңбегінен табамыз. С.К. Ахмеров мөр таңбасының кейбір жері анық түспей қалуы себепті оны жасаған ұстаның атын «Хаджи хан», жасалған жылын 1797 ж. деп аударады және «хан» дегенді «ханкаги» (келейник) –ғар бөлмесінде тұрушы деп те оқуға болатынын айтады. Тап осыдан 33 жылдан соң 1928 ж. Түркістанда болған М.Е. Массон да аталған мөрді көріп ұста есімін «Хаджи-хан» деп оқиды, яғни мөр кесенеден кетпеген болып шығады. Сонымен бірге, ол мұнан басқа да көне бір мөрдің барлығын, бірақ, онда жасалған жылы да, Қожа Ахмет Ясауидің есімін қоршай орналасқан он Ахметтің аттары да жоқ екенін айтады. Бұл көне мөр жайлы Орынбай Дастанов өзінің «Әулиелі жерлер туралы шындық» атты 1967 жылы шыққан кітабында «... Ал мұның алдында әуелгі мүтәуәли Мірәлі қожаның (Әмір Темір тағайындаған ең алғашқы мүтәуәли) қорғасыннан құйылған мөрі болыпты Ол мөрде Қожа Ахмет Ясауиден басқа кісінің аты жазылмаса керек. Сонда да болса әркімге басып берумен әріптің ізі де қалмаған соң, (1397 – 1797 жж. аралығындағы – 400 жыл бойы) жаңа мөр жасаттырған», - деп жазады [3]. Өкінішке орай, бұл көне мөрді де, 1797 ж. жасалғанын да жоғалып кеткен жәдігерлер тізіміне енгізуге тура келеді.
Келесі бір жәдігерді де М.Е. Массоннан табамыз, ол кесенеге енетін негізгі қақпа жайлы, оның алқалары жайлы айта келіп, қазіргі күні жоғалып кеткен есіктің ысырмасы (засов) туралы «... небольшой железный засов с посаженными на нем миниатюрными фигурками двух львов, группы из пяти сидящих птиц, одной отдельной птички, двух сидящих мух и еще какого-то насекомого», - деп жазады [4].
Тағы бір ішкі есіктің (Қабірхана есігі) алқаларының ортасында орналасқан балғалары жайлы Б.Т. Тұяқбаеваның еңбегінде келтірілген, онда бұл балғалардың қандай болғанын сәулетші А. Гуржиенконың қарындашпен салған (1905 ж.) суретінен ғана білуге болатыны және сипаттамасы берілген [5]. Сипаттамадан берілген балғалардың тұрпаты негізгі есіктегі алқаларға ұқсап келген, ортасы өрнектелген, жиектеріне Құран сүрелері жазылған зат екенін, бірақ көлемі кішірек болғанын байқаймыз. 1905 ж. бар болған бұл балғалар 1928 ж. М.Е. Массон келген кезде де орындарында болған [6]. Ғалым бұл кіші алқалардың ішкі есікте болғанын, жасалған жылы 1394-95 жж. екенін атап өтеді, жылдары мен ұстаның есімі де тап осы балғалардың жиегіне жазылған, яғни, М.Е. Массон оларды өз көзімен көрген. Бұл балғалардың топсаларымен (шарнир) қоса жұлып алынғандығын байқау қиын емес. Сонымен, жоғарыда айтылған екі мөр, негізгі есіктің ысырмасы мен Қабірхана есігінің қос алқасының балғалары жоғалғанын көріп отырмыз. Соңғы деректер бойынша аталмыш балғалар 1959 ж. жоғалған [7].
[caption id="attachment_61344" align="alignnone" width="960"] фото: Марат Тұяқбаев мақала авторы[/caption]
Ең басты да құнды жәдігер деп Әмір Темір кесенеге сыйға тартқан тайқазан мен алты шырағдандарды айтамыз. Бұлардың да тағдыры әбден талқыға түсіп бүгіндері Ресей мен Францияға дейін жеткендері бар. Үш үлкен, үш кіші шырағдандардан бүгіндері кесенеде бір үлкен, екі кіші шырағдан ғана сақталған. Бір үлкен шырағданның үстіңгі бөлігі 1905 ж. 11 ақпанында ұрланып, ақыры, 1910 ж. Франциядан табылды. Сол жылы Археологиялық комиссияға үсті ұрланған шырағданның төменгі бөлігі салыстырылып көру үшін жіберіледі де Эрмитажда қалып қояды [8].
Франциядағы үстіңгі бөлігі Жорж Марто (1-сурет) деген коллекционердің қолында болған, ол қайтыс болған соң өз өсиеті бойынша 1916 ж. Луврға 7079, 7080 нөмірлермен өткізілген. Шырағдан бір-біріне киілетін үш бөліктен тұрады, сондықтан, екі нөмірмен үстіңгі екі бөлігі белгіленген. Астыңғы үшінші бөлігі Қабірхана бөлмесінің еденіне бекітіліп тасталғандықтан ұрылар алып кете алмай қалып қойған. Бірақ, бұл да 1910 ж. Санкт-Петербургқа Франциядан алынған фотосуретімен салыстыру үшін жіберіледі. Тарихи отанына қайтпай қалған бұл жәдігер қазіргі кезде Эрмитажда сақтаулы, тап осындай тағдыр кесенедегі тайқазан мен бір үлкен, бір кіші шырағданды да күтіп тұрды. Иран өнері мен архитектурасы, тарихы мен мәдениеті, діні мен әдебиеті ертеден-ақ әлем ғалымдарының қызығушылығын туғызып келгені мәлім. 1935 ж. 11-16 қыркүйек аралығында «Иран өнері мен археологиясы» тақырыбымен үшінші халықаралық Конгресс Ленинградта Эрмитаж театрында жұмыс істеп, 18 қыркүйекте СССР Халық комиссарлары Советінің төрағасы В.М. Молотовтың Конгресс делегаттарын Москвада қабылдауымен аяқталды. Мұнан бұрынғы 1926 ж. Филадельфия, 1931 ж. Лондон Конгрестері де Иран әдебиеті, өнері, тарихы мен архитектурасына арналған болатын, ал, үшінші Ленинград Конгресінің өтуіне Эрмитажда жинақталған Иран өнері мен археология табыстары ықпал етті. Сонау І Петр заманынан бастап, онан соң Екатерина ІІ мен ХІХ ғ. Ресей императорлары тұсында жүргізілген саясат барысында Эрмитажға Иран өнеріне қатысты өте көп құнды заттар жинақталған болатын. Мұндай саясатты Кеңес үкіметі де қолдағанын осы Конгреске арналып ашылған, Эрмитаждың 83 залына орналасқан орасан көп көрме эспонаттарынан-ақ байқаймыз. 1931 ж. екінші Конгрестен соң-ақ бүкіл Орта Азия, Қазақстан мен Кауказ республикаларындағы Иран өнеріне қатысты жәдігерлер есепке алынып, 1934 ж. қаңтарынан бастап Ленинградқа тасыла бастады. Әзірет Сұлтан кесенесінен тайқазан мен бір үлкен, бір кіші шырағдан алып кетілді. Конгресте бұл жәдігерлер жайлы А.Ю. Якубовскийдің «Темір тұсындағы Иран шеберлері Орта Азияда» атты баяндамасында айтылды, мұнан басқа да 16 елден келген 170 ғалым жасаған баяндамаларында өз зерттеулерінің нәтижелері жайлы әңгімеледі. Эрмитаж директоры И.А. Орбелидің Қазақ АССР-і үкіметіне жіберген жеделхатында бұл жәдігерлер «... уақытша, көрмеге қою үшін» алынады делінген, осы құжат 1989 ж. қазанның қайтарылуына көп жәрдемі тиді, бірақ, шырағдандар сол күйі Эрмитажда қалып қойды.
Әзірет Сұлтан кесенесіндегі реставрация жұмыстарын Өзбек ССР-ң Арнайы мамандандырылған ғылыми-реставрациялық өндірістік шеберханасы (СНРПМ) 1951-1959 жж. аралығында жүргізді. Жұмысқа ғылыми жетекшілікті 1951-1954 жж. Б.Н. Засыпкин мен Т.Ш. Карумидзе, 1955-1957 жж. Б.Г. Швайбиш пен Ғылыми кеңес, 1955-1959 жж. Л.Ю. Маньковская атқарды.
Осы Лия Юрьевна Маньковская Қазақ ССР Мәдениет министрі Ілияс Омаровтың шешімімен 1968 ж. бастап кесенеде жүргізілетін реставрация жұмыстарына ғылыми жетекші болып екінші рет тағайындалды. Сол жылы сәуір айының 24-де Л.Ю. Маньковская Мәдениет министрлігінде өткен жиналыста кесененің жағдайы жайлы толық баяндама жасайды. Жиналыс барысында оған қатысушы атақты сәулетші, тарихшы, археологтар – Л.И. Ремпель, Г.А. Пугаченкова, Г.И. Пацевич пен Ә.Х. Марғұлан жарыс сөзге шығады. Ә.Х. Марғұлан өз сөзінде екі тарихи фактіні жариялайды:
- біріншісі – Германияның Гамбург қаласындағы П.И. Лерхтің (ХІХ ғ. орыс шығыстанушысы, археолог) архивінде кесененің алғашқы суреттері сақталған;
- екіншісі – Әзірет Сұлтан кесенесіндегі кітапхананың іске татыры Фирдоусидің юбилейіне арналған көрмеге алып кетілген [9].