Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
12 қазан, 2021 / NewsRoom / Жаңалықтар

Түркістанға Әмір Темір сыйлаған шырағдан туралы не білеміз?

Түркістанға Әмір Темір сыйлаған шырағдан туралы не білеміз?

Түркістанға Әмір Темір сыйлаған шырағдан туралы не білеміз?
ашық дереккөзі
Адамзат тарихына үңілсеңіз есепсіз соғыстар, қақтығыстар барысында жеңуші жақтың тонаушылық әрекеттері, контрибуция есебінде қымбат заттарды тартып алуы негізінде небір адам қолынан туындаған асыл заттар бір елден бір елге көшіп отырғанын байқайсыз. Мұнан басқа контрабандалық жолмен де, авантюрист қазына іздеушілер мен қазіргі күнгі «қара археологтар» деп аталатындардың тапқанын шет елдерге сатуы арқылы да ежелгі Мысыр мен Таяу Шығыс елдерінен, Үндістан мен Қытайдан, Орталық Азия қалалары мен далаларынан есепсіз жәдігерлер қолды болып, дамыған елдердің музейлерінен немесе бай коллекционерлердің жеке қорларынан орын тапты. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Германия бүкіл Еуропа елдері мен Ресейден есепсіз көп жәдігерлерді арнайы вагондармен тасып әкетті. Мұндай әрекеттен Кеңес Одағы да бас тартқан жоқ, өз мәдени құндылықтарын қайтарып қана қоймай контрибуция есебінде көптеген дүниелерді қоса әкетті. Ал, өз елімізге, Қазақстанымызға келсек, жәдігерлеріміздің сыртқа тасылуы ХІХ ғ. аяғынан бастап белең алды. Алғашқы дерек В.В. Луниннің «Из истории русского востоковедения и археологии в Туркестане» деген еңбегінде келтірілген [1]. Онда Археология әуесқойларынның Түркістан үйірмесінің мүшесі Ә.Ә. Диваевтың 1895 ж. Қазан қаласына Әзірет Сұлтан кесенесінің көне мөрін алып барып оны Қазан діни академиясының практиканты Сахыб Керей Ахмеровтың зерттегені жайлы айтылған. Бірақ, С.К. Ахмеровтың өзі 1896 жылы Қазан  университетінің археология, тарих және этнография қоғамының Хабаршысында жариялаған мақаласында Ә.Ә. Диваев кесене мөрінің қағазға басылған таңбасын (оттиск) ғана алып келгенін жазады [2]. Зерттей келе В.В. Луниннің қателескенін, Ә.Ә. Диваевтың шын мәнінде мөрдің таңбасын ғана алып барғанын М.Е. Массонның «Мавзолей Ходжа Ахмеда Ясави» деген еңбегінен табамыз. С.К. Ахмеров мөр таңбасының кейбір жері анық түспей қалуы себепті оны жасаған ұстаның атын «Хаджи хан», жасалған жылын 1797 ж. деп аударады және «хан» дегенді «ханкаги» (келейник) –ғар бөлмесінде тұрушы деп те оқуға болатынын айтады. Тап осыдан 33 жылдан соң 1928 ж. Түркістанда болған М.Е. Массон да аталған мөрді көріп ұста есімін «Хаджи-хан» деп оқиды, яғни мөр кесенеден кетпеген болып шығады. Сонымен бірге, ол мұнан басқа да көне бір мөрдің барлығын, бірақ, онда жасалған жылы да, Қожа Ахмет Ясауидің есімін қоршай орналасқан он Ахметтің аттары да жоқ екенін айтады. Бұл көне мөр жайлы Орынбай Дастанов өзінің «Әулиелі жерлер туралы шындық» атты 1967 жылы шыққан кітабында «... Ал мұның алдында әуелгі мүтәуәли Мірәлі қожаның (Әмір Темір тағайындаған ең алғашқы мүтәуәли) қорғасыннан құйылған мөрі болыпты Ол мөрде Қожа Ахмет Ясауиден басқа кісінің аты жазылмаса керек. Сонда да болса әркімге басып берумен әріптің ізі де қалмаған соң, (1397 – 1797 жж. аралығындағы – 400 жыл бойы) жаңа мөр жасаттырған», - деп жазады [3]. Өкінішке орай, бұл көне мөрді де, 1797 ж. жасалғанын да жоғалып кеткен жәдігерлер тізіміне енгізуге тура келеді. Келесі бір жәдігерді де М.Е. Массоннан табамыз, ол кесенеге енетін негізгі қақпа жайлы, оның алқалары жайлы айта келіп, қазіргі күні жоғалып кеткен есіктің ысырмасы (засов) туралы «... небольшой железный засов с посаженными на нем миниатюрными фигурками двух львов, группы из пяти сидящих птиц, одной отдельной птички, двух сидящих мух и еще какого-то насекомого», - деп жазады [4]. Тағы бір ішкі есіктің (Қабірхана есігі) алқаларының ортасында орналасқан балғалары жайлы Б.Т. Тұяқбаеваның еңбегінде келтірілген, онда бұл балғалардың қандай болғанын сәулетші А. Гуржиенконың қарындашпен салған (1905 ж.) суретінен ғана білуге болатыны және сипаттамасы берілген [5]. Сипаттамадан берілген балғалардың тұрпаты негізгі есіктегі алқаларға ұқсап келген, ортасы өрнектелген, жиектеріне Құран сүрелері жазылған зат екенін, бірақ көлемі кішірек болғанын байқаймыз. 1905 ж. бар болған бұл балғалар 1928 ж. М.Е. Массон келген кезде де орындарында болған [6]. Ғалым бұл кіші алқалардың ішкі есікте болғанын, жасалған жылы 1394-95 жж. екенін атап өтеді, жылдары мен ұстаның есімі де тап осы балғалардың жиегіне жазылған, яғни, М.Е. Массон оларды өз көзімен көрген. Бұл балғалардың топсаларымен (шарнир) қоса жұлып алынғандығын байқау қиын емес. Сонымен, жоғарыда айтылған екі мөр, негізгі есіктің ысырмасы мен Қабірхана есігінің қос алқасының балғалары жоғалғанын көріп отырмыз. Соңғы деректер бойынша аталмыш балғалар 1959 ж. жоғалған [7]. [caption id="attachment_61344" align="alignnone" width="960"] width= фото: Марат Тұяқбаев мақала авторы[/caption] Ең басты да құнды жәдігер деп Әмір Темір кесенеге сыйға тартқан тайқазан мен алты шырағдандарды айтамыз. Бұлардың да тағдыры әбден талқыға түсіп бүгіндері Ресей мен Францияға дейін жеткендері бар. Үш үлкен, үш кіші шырағдандардан бүгіндері кесенеде бір үлкен, екі кіші шырағдан ғана сақталған. Бір үлкен шырағданның үстіңгі бөлігі 1905 ж. 11 ақпанында ұрланып, ақыры, 1910 ж. Франциядан табылды. Сол жылы Археологиялық комиссияға үсті ұрланған шырағданның төменгі бөлігі салыстырылып көру үшін жіберіледі де Эрмитажда қалып қояды [8]. Франциядағы үстіңгі бөлігі Жорж Марто (1-сурет) деген коллекционердің қолында болған, ол қайтыс болған соң өз өсиеті бойынша 1916 ж. Луврға 7079, 7080 нөмірлермен өткізілген. Шырағдан бір-біріне киілетін үш бөліктен тұрады, сондықтан, екі нөмірмен үстіңгі екі бөлігі белгіленген. Астыңғы үшінші бөлігі Қабірхана бөлмесінің еденіне бекітіліп тасталғандықтан ұрылар алып кете алмай қалып қойған. Бірақ, бұл да 1910 ж. Санкт-Петербургқа Франциядан алынған фотосуретімен салыстыру үшін жіберіледі. Тарихи отанына қайтпай қалған бұл жәдігер қазіргі кезде Эрмитажда сақтаулы, тап осындай тағдыр кесенедегі тайқазан мен бір үлкен, бір кіші шырағданды да күтіп тұрды. Иран өнері мен архитектурасы, тарихы мен мәдениеті, діні мен әдебиеті ертеден-ақ әлем ғалымдарының қызығушылығын туғызып келгені мәлім. 1935 ж. 11-16 қыркүйек аралығында «Иран өнері мен археологиясы» тақырыбымен үшінші халықаралық Конгресс Ленинградта Эрмитаж театрында жұмыс істеп, 18 қыркүйекте СССР Халық комиссарлары Советінің төрағасы В.М. Молотовтың Конгресс делегаттарын Москвада қабылдауымен аяқталды. Мұнан бұрынғы 1926 ж. Филадельфия, 1931 ж. Лондон Конгрестері де Иран әдебиеті, өнері, тарихы мен архитектурасына арналған болатын, ал, үшінші Ленинград Конгресінің өтуіне Эрмитажда жинақталған Иран өнері мен археология табыстары ықпал етті. Сонау І Петр заманынан бастап, онан соң Екатерина ІІ мен ХІХ ғ. Ресей императорлары тұсында жүргізілген саясат барысында Эрмитажға Иран өнеріне қатысты өте көп құнды заттар жинақталған болатын. Мұндай саясатты Кеңес үкіметі де қолдағанын осы Конгреске арналып ашылған, Эрмитаждың 83 залына орналасқан орасан көп көрме эспонаттарынан-ақ байқаймыз. 1931 ж. екінші Конгрестен соң-ақ бүкіл Орта Азия, Қазақстан мен Кауказ республикаларындағы Иран өнеріне қатысты жәдігерлер есепке алынып, 1934 ж. қаңтарынан бастап Ленинградқа тасыла бастады. Әзірет Сұлтан кесенесінен тайқазан мен бір үлкен, бір кіші шырағдан алып кетілді. Конгресте бұл жәдігерлер жайлы А.Ю. Якубовскийдің «Темір тұсындағы Иран шеберлері Орта Азияда» атты баяндамасында айтылды, мұнан басқа да 16 елден келген 170 ғалым жасаған баяндамаларында өз зерттеулерінің нәтижелері жайлы әңгімеледі. Эрмитаж директоры И.А. Орбелидің Қазақ АССР-і үкіметіне жіберген жеделхатында бұл жәдігерлер «... уақытша, көрмеге қою үшін» алынады делінген, осы құжат 1989 ж. қазанның қайтарылуына көп жәрдемі тиді, бірақ, шырағдандар сол күйі Эрмитажда қалып қойды. Әзірет Сұлтан кесенесіндегі реставрация жұмыстарын Өзбек ССР-ң Арнайы мамандандырылған ғылыми-реставрациялық өндірістік шеберханасы (СНРПМ) 1951-1959 жж. аралығында жүргізді. Жұмысқа ғылыми жетекшілікті 1951-1954 жж. Б.Н. Засыпкин мен Т.Ш. Карумидзе, 1955-1957 жж. Б.Г. Швайбиш пен Ғылыми кеңес, 1955-1959 жж. Л.Ю. Маньковская атқарды. Осы Лия Юрьевна Маньковская Қазақ ССР Мәдениет министрі Ілияс Омаровтың шешімімен 1968 ж. бастап кесенеде жүргізілетін реставрация жұмыстарына ғылыми жетекші болып екінші рет тағайындалды. Сол жылы сәуір айының 24-де Л.Ю. Маньковская Мәдениет министрлігінде өткен жиналыста кесененің жағдайы жайлы толық баяндама жасайды. Жиналыс барысында оған қатысушы атақты сәулетші, тарихшы, археологтар – Л.И. Ремпель, Г.А. Пугаченкова, Г.И. Пацевич пен Ә.Х. Марғұлан жарыс сөзге шығады. Ә.Х. Марғұлан өз сөзінде екі тарихи фактіні жариялайды:
  • біріншісі – Германияның Гамбург қаласындағы П.И. Лерхтің (ХІХ ғ. орыс шығыстанушысы, археолог) архивінде кесененің алғашқы суреттері сақталған;
  • екіншісі – Әзірет Сұлтан кесенесіндегі кітапхананың іске татыры Фирдоусидің юбилейіне арналған көрмеге алып кетілген [9].
Бұлардың алғашқысы П.И. Лерх Түркістанға 1867 ж. келген және 1868 ж. «Археологические исследования в Туркестанском крае 1867 г.» деген есебін Санкт-Петербургте жариялаған [10]. Бұған айтарымыз, П.И. Лерхтан да бұрын 1866 ж. П.И. Пашино және суретші Д.В. Вележев пен фотограф М.К. Приоров келіп кесене мен басқа да нысандардың фотосын түсіріп, суретін салады. П.И. Пашино өзінің 1868 ж. шыққан «Туркестанский край в 1866 году» деген еңбегінде М.К. Приоровтың түсірген фотосуреттері негізінде В.С. Крюков пен А.В. Гиненің салған суреттерін гравер А. Даугельге литографияға айналдырғызып бастырған [11]. Ал, П.И. Лерхтің архивіндегі суреттерге келсек бұлар әлі күнге дейін жарияланбаған болуы да мүмкін және сонысымен де құнды. Литография 1798 ж., ал, фотография 1839-1840 жж. ойлап табылды, яғни, П.И. Лерхтің өзімен бірге фотограф та, суретші-литограф та алып келуіне мүмкіндігі бар болатын. Сондықтан да, оның архивіндегі суреттердің көшірмесін алдыру аса қажет деп есептейміз. Екінші фактіге келсек, Әбілқасым Фирдоуси 935 ж. туылып 1020 ж. шамасында қайтыс болған атақты парсы ақыны, оның әйгілі «Шахнаме» поэмасы әлем халықтарының 36 тіліне аударылып басылған. Фирдоусидің 1000 жылдығына орай 1934 ж. Кеңес Одағының жеті республикасында (Әзірбайжан, Армян, Грузин, Тәжік, Қазақ, Өзбек, Түркімен) және Москва мен Ленинградта салтанатты жиналыстар, конференциялар, көрмелер өткізілді. Осы көрмелерге арнап ең көне қолжазбалардың алып кетілуі әбден мүмкін. Тарихқа жүгінейік, орыс ғалымы А.И. Добромыслов 1912 ж. шыққан «Города Сырдарьинской области. Чимкент, Туркестан» деген еңбегінде кесенеде сақталаған 4 құран жайлы «четыре старинных рукописных корана» дейді [12]. Міржақып Дулатовтың 1913 ж. «Қазақ» газетіне басылған «Хазірет Сұлтан» атты мақаласында да «Мешітте Әмір Темір сыйлаған ескі жазулы төрт құран ... бар» - делінген [13]. А. Семеновтың 1922 ж. кесенені арнайы комиссия құрамында көріп шыққан соң жазған қорытынды еңбегінде «Несколько старых рукописных Коранов хранятся в усыпальнице Ходжа Ахмеда, среди них прекрасный старинный экземпляр, сделанный куфическим письмом с заставками и виньетками» - деп жаза отырып тағы бір жерінде «... сделать ее доступною для науки ... некоторых страниц оронаментированных Коранов – издать особым альбомом» - деген корытында пікір айтады [14]. 1928 ж. кесенені зерттеген М.Е. Массон өз еңбегінде кітаптар жайлы «В задней нише деревянные футляры в форме граненных столиков хранят рукописные списки коранов и других богословских сочинений,  некоторые из которых являются отличными образцами средневекового каллиграфического искусства» - деп жазады [15]. Кітаптар жайлы 1951 жылдан 1985 жылға дейін кесененің қор сақтаушысы, музей директоры болып істеген марқұм Орынбай Дастанов ақсақал былай дейді: «Мұнан әрі коридордың ішімен жүргенде сол жақтағы «Кітапхана» деп аталатын бөлмеге тап боласыз. Бұрынғы кездерде оның екі этажы да түрлі діни кітаптарға иін тіресіп тұрғаны баршаға мәлім. Олардың біразы 1950 жылдарға дейін сақталып келген. Бірақ бұл да  бақылаусыздықтың салдарынан кім көрінгеннің қолында кеткен. «Іске асатындарын» сатып пайдаланған. Аралап жүрген зиаратышлар мұнда келген соң шырақшының нұсқауымен әбден сарғайып, тозығы жеткен үлкен Құран мен Қожа Ахмет Ясауидің Хикметіне тәуеп қылады да, кідірместен қарсысындағы «Мешіт» атты бөлмеге өте берген» [16]. Автор бұл деректі 1967 ж. шыққан кітабында жазады, ол кісі Өзбекстан реставраторлары өз жұмысын бастаған 1951 жылдан бастап кесенедегі заттардың есебін алып қор сақтаушы қызметін атқарған. Айтуына қарағанда оған дейін кесенеде бір «үлкен Құран» мен «Хикмет» қана сақталған, яғни, А.И. Добромыслов, М. Дулатов, А. Семенов пен М.Е. Массон жазып кеткен төрт Құран немесе біренеше Құраннан қалғаны осы екі кітап қана. Алайда, бүгінгі күні музей қорында бұлардың бір де бірі жоқ, сірә, автор айтқандай 1950 ж. немесе одан бұрынырақ бұл кітаптар да алып кетілген сияқты. Қазіргі күні Алматыдағы Мемлекеттік кітапхананың сирек кітаптар қорында бұрын кесенеге тиесілі болған екі кітап сақтаулы. Біріншісі – ХІІ ғ. Қараханидтер тұсында куфа әрпімен жазылған Құран, екіншісі – ХVІІІ ғ. жазылған Құран. Біріншісінің мұқабасы өгіз терісімен қапталған, көлемі 50х40 см шамасында, алтын жалатылған виньеткалары бар. Тап осы кітаптар Ә.Х. Марғұлан айтқан Фирдоусинің 1000 жылдығына 1934 ж. алып кетілген кітаптар болуы керек. Бұл кітаптардың СССР Ғылым Академиясының 1932 ж. ашылған Қазақстандық базасының 1938 ж. СССР ҒА Қазақ бөлімшесі болып қайта құрылған кезінде оның кітапхана қорында болғанын, сол бөлімшенің ауласында үйіліп жатқан діни кітаптар арасынан табылғаны дәлел. Сірә, 1938 ж. «халық жауларын» қуғын-сүргінге ұшырату шарықтау шегіне жеткен кезде діни кітаптарды да Қазақ бөлімшесінің кітап қорынан аластаған сияқты. Қалай болғанда да, сол ҒА Қазақ бөлімшесі ауласында, жауын-шашын астында жатқан кітаптар арасынан, белгілі қоғам қайраткерлері Қ. Қожықов пен С. Сауытбеков осы екі кітапты тауып алып ҚР Ұлттық кітапханасына 1938 ж. өткізеді. Мұнан басқа Қожа Ахмет Ясауидің 1897 ж. Стамбулда, 1915 ж. Ташкентте басылған «Диуани Хикмет» атты еңбектері де мемлекеттік кітапхана қорында, алайда, олар да кесенеден алып кетілген деуге дәлеліміз жоқ. Дегенмен, белгілі шығыстанушы ғалым Ә. Дербісәлиев өзінің «Шыңырау бұлақтар» деген еңбегінде «Мұнда ескі мұралардың ішінен ХІІ ғасырға жататын екі Құран мен Қожа Ахмет Ясауидің «Хикметі» қойылған. Бұлардың барлығы қазір Алматыдағы Қазақ ССР Ғылым Академиясының қолжазба қоры мен республикалық А.С. Пушкин атындағы кітапханада (қазіргі Мемлекеттік кітапхана) сақтаулы тұр», - деп жазады [17]. Аталған Құрандар мен Хикметтердің түрлі-түсті ксеро-көшірмелері немесе 3 D форматындағы электорондық көшірмесі жасалып Әзірет Сұлтан қорық –музейіне қойылуы тиіс деп есептейміз. Жоғарыда келтірілген А. Семеновтың еңбегінде Әмір Темірдің кесенеге берген Вакфтық құжатының тағдыры жайлы «В 90-х годах прошлого столетия (ХІХ в.) эта грамота была представлена Туркестанскими шейхами военному губернатору Сыр-Дарьинской области при прошении о восстановлении поименнованных в них вакфов. Ныне она хранится в Средне-Азиатской Государственной Библиотеке», - делінген [18]. Қазіргі күні бұл мекеме «Ә. Навои атындағы Өзбекстан мемлекеттік кітапханасы» деген атпен белгілі. Біздің қолымызда Ә. Ә. Диваевтың орыс тіліне аударылып 1901 ж. «Туркестанские ведомости» жинағында жарияланған нұсқасы ғана бар. Бұл құжат та кесенеге тиесілі болғандықтан өз орнына қайтарылуы немесе көшірмесі жасалуы тиіс деп ойлаймыз. Бүгіндері Өзбекстанда сақталып отырған Әзірет Сұлтан кесенесіне тиісті жәдігерлерден үш ағаш ұстынды да (колонна) айтуға болады. Бұл ұстындар жайлы ең алғаш рет М.Е. Массон 1928 ж. 30 шілдеде «Средазкомстариске» Түркістан қаласына барған іс-сапары жайлы Турды Мир Гиязовпен бірігіп жазған жұмыс есебінде айтып өтеді, сонымен бірге, Орта-Азиялық география қоғамы Хабаршысының 1929 ж. шыққан ХІХ томындағы мақаласында мәлімет береді. Ғалым бұл ұстындар жайлы «Во всяком случае целый ряд находок и, между прочим, обнаружение крупной резной колонны из крепкого бурджун-карагача, имеющей дату изготовления 10 сафара 753 г.х., т.е. 7 апреля 1352 года н.э.», - дей отырып, сілтеме ретіндегі мәтінде «Кроме того, мной обнаружена еще одна резная колонна с каемкой из птичек и датой изготовления 876 г.х. или 1471 г.н.э. Являясь для ХІV и ХV веков уникальными, эти две датированные колонны имеют весьма важное значение для изучения архитектуры Средней Азии, т.к. стиль их до сих  пор был совершенно неизвестен. Главной особенностью вновь открытых колонн, отличающей их как от более ранних, так и от позднейших, является своеобразная форма ствола, постепенно расширяющегося от шарообразного основания к верху, при чем верхний раструб, который можно называть и капителью, оказывается как бы естественным продолжением этого уширения», - деп толықтырады [19]. Ағаш ұстындар өз ерекшеліктерімен атақты ғалым Г.А. Пугаченкованы да қызықтырып мақала жазуға мәжбүрлейді [20]. Бұл ұстындар мен басқа жәдігерлердің қазіргі күні қайда сақталуда екендігін «Средазкомстарис» мекемесінің Көне ескерткіштер мен өнер туындыларын қорғау секциясының меңгерушісі И.И. Умняковтың еңбегінен біле аламыз. Ол өзінің 1929 ж. шыққан «Архитектурные памятники Средней Азии. Исследование. Ремонт. Реставрация 1920-1928 гг.» атты еңбегінде былай дейді: «Из отдельных обнаруженных предметов древности (кесенеден табылған) обращают внимание: две каменные бабы в виде больших галек с грубым едва заметным изображением человеческих голов с усами и ряд древних резных деревянных колонн, из  коих самая ранняя, судя по стилю, принадлежит ХІІ-ХІІІ вв. Три колонны были перевезены из г. Туркестана в Ташкент и помещены в Главный Средне-Азиатский Музей. Две из них точно датированы ХІV и ХV вв., третья колонна без даты, но, судя по стилю, может быть отнесена к ХІІ веку». Мәтіннен көріп отырғанымыздай үш ұстынмен бірге екі балбал да алып кетілген сияқты және кесенеден табылған жәдігерлер саны да бұл бесеуімен ғана шектелмейтінін байқаймыз (қараңыз: «Из ... обнаруженных предметов ... обращают внимание ...») [21]. Аталған бес жәдігерден басқаларының кейбірін жоғарыда әңгіме болған О. Дастановтың еңбегіндегі «Он бір Ахметтің туларына тәуеп етеді ... көрхананың алдындағы тұтулы тұрған шымылдықтан ... құлпытас ... үстіне кілем, шұға, масаты тәрізді қымбат бағалы жабулар жабылып тұрған. ... Шырақшы ... онан соң әр тасы тауықтың жұмыртқасындай, ағаштан жасалған үлкен қара тәсбихты әкеліп көздеріне сүрткізіп, мойындарына салады» - деген деректерден біле аламыз. Бұл жәдігерлер жайлы М.Е. Массон да өз еңбегінде «Десять высоких тугов с пушистыми волосяными хвостами, тряпками, а некоторые с металлическми наконечниками, увенчанными полумесяцем, обступают котел, прикрепленные к его десяти массивным петлям ... перед дверью, скрытой за занавесью ... шейх медленно отводит в сторону занавесь ... появляется высокое надгробие святого, до полу закутанное специальными одеяниями (кабрпуш) ... шейх, и, вынеся лежащие на полу у могилы крупные четки, принадлежавшие, якобы, Ходжа Ахмеду, прикладывает их к глазам совершающих зиарат» - деп жазады [22]. Бұл жәдігерлерден бізге жеткені бір тудың беріде жасалған лаухасы (темір ұшы), қабірге жапқан жабынның (қабірпұш) көлемі 1 шаршы метр шамасындағы кішкене бөлігі ғана, қалғандары жоғалып кеткен. Ендігі бір өте қызық жәдігерлер деп оңтүстік қас беттегі үлкен арканың (Пештак – бас портал) ұшында ілулі тұрған мыс (қола) шар мен бүйен секілді екі қорапты айтамыз. Бұл шар жайлы да М.Е. Массон «... а под самым замком арки висит прикрепленный тогда же медный шар. Народная молва передает,что в нем находится, золото, положенное Абдулла-ханом ІІ на случай необходимости вновь свести арку, если она когда нибудь рухнет», - деп жаза отырып бүйен секілді қораптар жайлы тіс жармайды. Ал, О. Дастанов болса «Қожа Ахмет Ясауи мавзолейінің биіктігі қырық метр келетін алдыңғы аркасының астында доп тәрізді үш шар тұратын. Екеуін ілгері кезде мавзолейді иемденушілер амалын тауып түсіріп, соңғысын ең биікке әрі қиын жерге орнатылғандықтан ала алмаса керек», - дейді аталмыш еңбегінде. Әрі қарай «1942 жылы осы шарды біреулер сағағынан атып жерге түсіреді. Шардың ішінен жеті алтын жүзік және арабша жазуы бар шиыршықталған қағаз шығады. Жүзіктердің бәрі бір тақілеттес әрі үлкен, сыртында «Әмір Темір» деген жазуы болған. Бірақ әлігі адамдардың салақтығынан жүзіктер жоғалып кеткен. Бұл жөнінде «Қазақфильм» операторы Новожилов 1959 ж. «Ленинская смена» газетіне көлемді мақала жазды» - деп жалғастырады автор. Енді осы шардың атып түсірілгенін көзімен көрген профессор Алдан Әйімбетовтың естелігіне көз жүгіртейік. «70-жылдардың ортасында (1975-76 жж.) «Казахстанская правда» газетіне қасиетті күмбездің кіреберістегі төбесіне болат шарға салынып ілінген Ақсақ Темірдің қасиетті күмбездің керегіне жаратуға қалдырған көмбесінің екінші дүниежүзілік соғыс кезінде із-түзсіз жоғалып кеткені туралы мақала басылған-ды. Ішінде көмбесі бар ол шар қазір Батыс Германияда көрінеді, оны ол жаққа өткізіп жіберген, қолға түскен Кеңес солдаттары көрінеді деп жазылған. Мен, әрине, бұл мақалада жазылған жайлардың бәріне «рас» деп кепілдік бере алмаймын. Бірақ ол шардың қалай қолды болғанын өз көзіммен көрдім. Бәрі кешегідей есімде. Мектепке келе жатып, кенет, пытырлап атылған мылтықтың дыбысын естідім. Бірден жүгіріп, мылтық атылып жатқан жерге бардым. Күмбездің кіреберіс алдында, қолдарында мылтық, бірнеше офицер тұр екен. Атып тұрғандары күмбездің кіреберіс төбесіндегі (арканың астыңғы қиылысқан ұшы, М.Т.) бүйен секілді зат екен. Төменнен ол кішігірім сәбіз сияқты боп көрінді. Жаңағылар оны ары атып, бері атып, ешқайсысы түсіре алмады. Содан олар бірін-бірі қағытып ойнап, күмбездің ішіне кірді (сірә, Абдулла хан нишасы болуы керек, М.Т.). Көздеріне сол кезде күмбездің қақ төбесінде (арка ұшында) шынжырға ілулі тұрған шар түсті. Енді олар жаңағы шарды ата бастады. Біресе жеке-жеке атты, біресе бәрі бірігіп қосылып атты. Шарға тиген оқ шардың бетінен шарт етіп тайып, бірде олай, бірде былай ұшады. Ұшқанда жай ұшпайды уілдеп, гуілдеп, ысқырып ұшады. Шар безек қағып шыр көбелек айналады, біресе олай теңселеді, біресе былай теңселеді, біресе күмбездің төбесіне барып соғылады. Ақыры, шынжыры шарт үзіліп, шар жерге топ етіп түсті ...» [23]. Мұндағы үш автор үш түрлі мәлімет бергенімен (Массон-медный шар, Дастанов-үш шар, Әйімбетов-болат шар мен бүйен тәрізді зат) барлығы да шар туралы айтады. Бас портал аркасының төбе жабыны қиылысқан ең ұшындағы түзу бойында, астыңғы жағынан қарасаңыз, сыртқы ұшында, ортасында және бітер тұсында үш жерде қағылған шеңбер (кольцо) түріндегі қазықтардың бастарын әлі күнге көруге болады. Соған қарағанда, ортада шар, екі ұшында бүйен секілді қорап зат ілулі тұрған болуы керек және оларды Әмір Темір емес, Бұқара ханы Абдулла ІІ-ші құлап қалған порталдың аркасын қайта қалатқан тұста (1588-1598 жж) ілдірген сияқты. Диаметрі шамамен 30 см – дей болған шардың ішінен жеті жүзіктің ғана шығуы сенімсіз, жергілікті тұрғындардың ауызша берген мәліметтерінде шар ішінде  қымбат тастармен әшекейленіп, алтыннан жасалған көп зат шыққандығы айтылады. Соғыс (1941-1945) жылдарында қазіргі «Түркістан тарихы» музейінде аудан аралық әскери комитет (военкомат) орналасып, әскерге шақырылған (Созақ, Қызылқұм, Жаңақорған, Түркістан аудандарынан) адамдар цитаделдегі казармаларда және кесене ішінде жайғасып, Күлтөбеде мылтық атуды үйреніп жатқаны белгілі. Ауызша дерекке жүгінсек әскерлер шар ішінен шыққан заттарды «тәбәрік» ретінде бөлісіп алған, алайда, соғысқа барған алғашқы айларында-ақ тұтқынға түсіп, ақыры Батыс Германияда көбісі қалып қойған. Осыған қарағанда А. Әйімбетовтың «... ол шар Батыс Германияда көрінеді» деуінің жаны бар сияқты, қалай болғанда да, іздеу салуды бастау керек. Ол үшін жоғарыда тізілген барлық жәдігерлердің тұрған орындарын, музейлердегі олар жайлы құжаттарды және т.б. деректерді анықтау мақсатында сол елдердегі Қазақстан Республикасы консулдықтары арқылы әрекет жасау қажет, немесе, арнайы мамандарды іс-сапарға  жіберу керек деп есептейміз.  Сонан соң ғана, ол жәдігерлердің өзін қайтару немес көшірмесін алдыру мәселесі қозғалады. Соңғы жәдігерлер жайлы Эрмитажда ғылыми қызметкер болып істейтін тарихшы, археолог қырғызстандық бауырымыз Асан Турғуевтан білдік. Оның айтуынша Англия астанасы Лондонның Оңтүстік Кенсингтон ауданында орналасқан «Виктория мен Альберт» музейінің экспозициясында біздің кесененің қаптама қыштары қойылған. Музейдің декоративті – қолданбалы өнер және дизайн бағытында жұмыс істейтіндігін ескерсек бұл қаптама қыштар жай ғана қыш емес, ою-өрнек салынған, шыңылтырмен қапталған, немесе мозайкалы кашин – бұрыш деп аталатын түрлері болуы керек. Бұл музеймен де байланыс орнату алдағы істердің қатарында тұруы тиіс. Тағы бір келеңсіз жағдай жайлы Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің мүшесі Е.Т.Смирнов 1897 ж. 16 қазанда өткен үйірменің жалпы жиналысында жасаған мәлімдемесінде айтып өткен. Ол кесенеден ұрланып, бүлініп жатқан құлпытастар жайлы «... а главное для охраны от порчи и расхищения многочисленных надгробных памятников исторических лиц, находящихся в притворах и коридорах главного здания»,- дейді   [24] Мұндай тірліктің кейінірек – Кеңес дәуірінде де жалғасқанын О.Дастановтың әңгімесінен  талай естігенбіз. Әсіресе, 1951-1958 жж. арасында кесененің Пештақ қақпасының екі жағындағы алып пилондарынан басқа қабырғаларының барлығының астына шахматты жүйемен іргетас құйылған кезде, кіші көлемді құлпытастардың да бетонмен бірге қабырға астына тасталып жатқанын көрген О.Дастанов ақсақал шу шығарып тоқтатады. Мұны кесененің 1939-1941 жж. түсірілген планы мен (М.И. Поляков, Б.И. Засыпкин) 1975ж. Г.Д. Галкина түсірген пландарын салыстыру арқылы-ақ байқауға болады, 1941 ж. планда кесене іші-сыртында (Пештақ астында) 55 құлпытас бейнеленсе, 1975 ж. планда кесене іші-сыртында 34 құлпытастың ғана қалғанын байқаймыз, яғни, бақандай 21 тас жоқ [25]. О. Дастановтан қалған тағы бір дерек Қылует (Халуат) жер асты мешітінің жоғалып кеткен есігі жайлы, ол кісі жоғарыда аталған кітабында: «Осы Хлуетте оюлы ағаш есік бар болатын. «Оның үстіне Қожа Ахмет Ясауидің сүйегін жуған еді,  ол  Үндістандағы әулиелердің жіберген сәлемдемесі еді» деген шырақшылардың әңгімесін қоса келтіреді [26].  Байқауымызша, кітап жазылған 1967 жылдардың өзінде-ақ бұл есік жоғалып кеткен жәдігерлер есебінде болған сияқты. Бұл алып кетілген, жоғалған, ұрланған жәдігерлер жайлы мәліметтер азды-көпті әдебиеттерде кездесетін деректер негізінде жинақталды, ал, біз білмейтін, кітапқа түспеген, есепке алынбаған жәдігерлер қанша екендігі бір Аллаға аян. Мұндай жағдай тек біздің ғана басымызға түскен жоқ, көрші Өзбекстан Республикасы ғалымдары, қоғам қайраткерлері, ұлт жанды азаматтарының да жан айқайына айналып, басын ауыртып жүрген жай. Мысалы,жоғарыда әңгіме болған В.В.Луниннің «Из истории русского востоковедения и археологии в Туркестане» деген еңбегінде атақты Шәйбани ханның  құлпытасы жайлы «Мраморное надгробие из Самарканда с эпитафией Мухаммеда Шейбани было доставлено членом ТКЛА (Түркістан  археология әуесқойлары үйірмесі) М. А. Терентъевым в Эрмитаж»-деген дерек бар [27]. Ал, Кеңес Одағына кең танымал болған академик Бөрібай Ахмедовтың «Әмір Темірді еске түсіру» атты мақалалар, сұхбаттар жинағындағы журналист М.Абдуллаевтың « Осы топалаң жылдары халықтың қымбат мүлкі болған көптеген байлықтардың таланғаны хақында мәліметтер бар» -деген пікіріне «Сондай байлықтардың бірін айтайын. Бұл, Бұхара әмірінің асыл, қымбат тастармен зерленген қылышы. Естуімізге қарағанда, оны Бұхараны басып алған М. Фрунзе алып кеткен және кейінірек Иваново еңбекшілеріне сауға еткен. Қазір бұл қылыш сол қаладағы музейде тұр... Бұхара мен Хиуадан алып кетілген көптеген қымбат жәдігерлер де өз орнына қайтарылуы керек» - деген жауабы бар (өзбекшеден еркін аударма, М.Т.) [28]. Осы кітаптағы ең таңқаларлық мәліметті де Б.Ахмедовтың жауабынан біле аламыз, ол «Еш ленинчи» газетіне 1990ж. берген сұхбатында және өзінің «Амир Темурга мактублар»  деген мақаласында 1941ж. 16-20 маусым арасында Самарқандағы Гөр Әмір кесенесіндегі тимуридтер қабірлерінің аршылып, сүйектері алынғаны жайлы толық әңгімелейді. Ол журналистің «1941жылы үкімет комиссиясы Самарқандағы Темірдің қабірін ашып, сүйектерін алып тексеру жүргізген. Сүйектер өз орнына қойылған ба, жоқ па?»- деген сауалына берген жауабында былай дейді: «1941 жылы 16-20 июнь күндері Үкімет пен партияның Орталық Комитетінің 23-29 апрельдегі 437-ші қаулысы негізінде Өзбекстан үкіметінің арнайы комиссиясы (құжаттарда «арнайы археологиялық экспедиция» деп жазылған). Самарқандағы Гөр Әмірге жерленген Темір мен оның әулетінің қабірлерін  ашты. Олар әмірдің  ұлдары Мираншах пен Шахрух және немерелері Мұхаммед сұлтан мен Ұлықбек болатын, соңынан Темірдің әйелі Бибіханымның да қабірі ашылды. Комиссия жұмысына Өзбекстан Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, профессор Қары Ниязов басшылық етті, құрамына профессор В.А.Шишкин, антрополог-профессор Л.В.Ошанин, шығыстанушы-профессор А.А.Семенов, Эрмитаждан химик-профессор В.Н. Кононов, антрополог-мүсінші М.М. Герасимов, жазушы Садриддин Айни, сәулетші Б.Н.Засыпкин, Навои мерейтойын ұйымдастыру комитетінің ғылыми жетекшісі Х. Зарифов, сәулетші О.В. Криницкий, антрополог В.Я. Зезенкова, техник Г.И. Соловьев, лаборант-археологтар Л.И. Альбаум мен В.И. Спришевский, суретші И.П. Завалин, кинорежиссер және оператор Н.А. Ким мен Мәлік Каюмовтар енді. Экспедиция бес күн ішінде Мираншах (16 июнь күні), Шахрух (17 июнь), Мырза Ұлықбек (18 ші июнь) Мұхаммед сұлтан (19 июнь) және Әмір Темір (20 июнь) қабірлерін ашып, сүйектерді сыртқа шығарды. Сүйектер Самарқан мемлекеттік университеті лабораторияларында, кейбірі Ташкентте зерттелді,бас сүйектері  Москваға алып барылды. Бұл қазба және зерттеу жұмыстары кинолентаға түсіріліп отырды... Құжаттарға қарағанда бұл жұмыс Әлішер Навоидің 500 жылдық мерейтойына және Самарқан  тарихын тереңірек зерттеуге байланысты атқарылған. Әмір Темір әулеті сүйектерінің мерейтой мен қала тарихына қандай қатысы болуы мүмкін деген сұрақ өз-өзінен туындайды... 1941ж. 24 июнь күні Министрлер Кеңесі өкілі Н.А.Овсянников, Самарқан НКВД-сының өкілі А.К.Калицкий және басқалар дайындаған құжатта Темір мен оның әулетінің сүйектері, қабірден табылған басқа да заттар тексеру, зерттеу үшін алып қалынғандығы, ал, қабір тастарының  уақытша орын-орнына қойылғандығы, соңынан кесененің есік, терезелері темір панжаралармен жабылып, құлып салынғандығы т.б. айтылған... Тағы да бір дерек: антрополог-мүсінші М.М.Герасимов марқұмдардың бас сүйектерін зерттей отырып Әмір Темір, Шахрух, Мираншах және Ұлықбектің мүсіндік бейне портреттерін жасап шыққан. Бұл үшін көп уақыт, арнайы лаборатория керек. Әлбетте, М.М. Герасимов бұл үлкен де жауапты жұмысты Самарқан немесе Ташкентте атқармағаны түсінікті. Шамасы, бас сүйектер Москваға алып кетілген, себебі, М.М. Герасимов жұмыс істейтін СССР Ғылым академиясының көне мәдениеттер тарихы институты да, арнайы лабораториясы да  Москвада еді. Профессор Л.В. Ошаниннің куәлік беруінше, Мираншахтың бас сүйегін М.М. Герасимов Москваға алып кеткен». Бюст түріндегі антропологиялық мүсіндік портреттер жасау үшін міндетті түрде бас сүйек болуы тиіс және бір немесе төрт адамның бас сүйектерін толық зерттеу (өлшемдерін алып,гипстік көшірмесін жасап, пластилиннен бет-бейнесін (тері қабаты, бұлшық еттері т.б.) келтіріп, одан тағы да гипстік форма алып, оған арнайы ерітінді құйып, портретін алып әрі қарай әрлеп, өңдеп, бояп дайындау) бір-екі айда бітетін шаруа емес. Әрі қарай Б.Ахмедов «Басқа мәліметтерге қарағанда, сүйектер Ташкентте тексерілген соң қайта орын-орнына қойылған. Олай болса, Гөр Әмірден алынған заттардың әр жерде жатуы қалай. Мәселен, Әмір Темірдің табыты Самарқанда, ал оның қақпағы Ташкентте жатыр. Қабірлерден табылған нәрселер де Ташкенттегі Әдебиет музейінде, олардың сақталуы да талапқа сай емес. Фотосуреттер осы музейдің бір бөлмесінде ашылып-шашылып жатыр, суреттердегі адамдардың кім екендігі, сүйектердің кімдікі екендігі, заттардың кімге тиісті екендігі белгісіз. Көлемі 20-25 минуттық кинофильм де осы Ә.Навои атындағы республикалық Әдебиет музейінде, арнайы бөлмелер болмағандықтан  көп заттар сыз жерлерде тұрған екен. Атап айтсақ, 30-ға жақын фотосурет, қабірден табылған  кейбір жәдігерлер қарайып кеткен бір-екі дана әйел моншақтары, парша киімдер, Әмір Темірдің оң қасы, Ұлықбектің қамар белбеуі бар екен... Жақында бұл жәдігерлердің барлығы Самарқанға алып кетіліпті, айтуларынша, олар қазір Археология институтында сақталуда екен... Оларға қарағанда Әмір Темір, Мираншах, Шахрух, Мұхаммед Сұлтан және Мырза Ұлықбектің сүйектері өз орындарына қайта қойылған ба, жоқ па? әзірге мұны айту қиын», - дейді  өзінің 1991 ж. сұхбаты мен 1992 ж. жазған мақаласында [29]. Бұл мақалалар жазылғалы бері 25 жылдан асып кетті, Б.Ахмедов өз мақаласында «қабірлердегі бар нәрсе орнында ма, жоқ па, бір тексеріп көрсе жақсы болар еді» деген тілек білдіреді. Өзбекстан Үкіметі тарапынан мұндай қадам жасалған, не жасалмағаны жайлы біздің дерегіміз жоқ.