Киелі Түркістанда «Жан» фильмінің қазақ тіліндегі қайырымдылық көрсетілімі өтті
Киелі Түркістанда «Жан» фильмінің қазақ тіліндегі қайырымдылық көрсетілімі өтті
Түркістан қаласында «Khanshaiym Plaza» ғимаратындағы Kinopark 4 кинотеатрында қазақ тіліне дубляждалған «Жан» («Душа») фильмінің көрсетілімі өтті.
Оған Түркістан қаласының көпбалалы және аз қамтылған отбасыларының балалары шақырылды. Көрсетілім алдында аниматорлардың қатысуымен, кішкентай көрермендерге тәттілер ұсынылып, ойындар мен конкурстар өткізілді. Көрсетілімнің ұйымдастырушылары – «Болашақ» корпоративтік қоры мен «Nur Otan» партиясы, деп хабарлайды newsroom.kz. порталы «Nur Otan» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Фильмдерді қазақ тіліне дубляждау бойынша «Өзіңнен баста» жобасы «Болашақ» қорының қамқоршылар кеңесінің құрметті мүшесі, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің қолдауымен жүзеге асырылады. 2011 жылдан бастап Қазақстан кинотеатрларында «Disney»,«Pixar», «Marvel»,«Sony Pictures» және өзге де жетекші әлемдік киностудиялардың қазақ тіліне дубляждалған 37 фильмі көрсетілді. Фильмдердің басым бөлігі – балаларға арналған анимациялық туындылар. Қараша айында прокатқа қазақ тіліне дубляждалған «Энканто» фильмі шығады. «Жан» фильмінің дубляжының демеушісі BI Group компаниясы болды.
Іс-шараға «Болашақ» қорының қамқоршылар кеңесінің құрметті мүшесі, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Азамат Божаков қатысты.
«Биыл «Болашақ» қорына 10 жыл және «Өзіңнен баста» фильмдерді дубляждау жобасына 10 жыл толды. Бизнестің және демеушілік қолдаудың арқасында біз 10 жыл бойы Қазақстан азаматтары үшін кинотеатрларда қазақ тіліндегі киноға тең қолжетімділік жасап келеміз. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобының белсенді қатысушысы ретінде қор бірқатар ұсыныстар, оның ішінде шетелдік балалар контентін және отбасымен көруге арналған фильмдерді дубляждауға мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету бөлігінде ұсыныстар берді. Аударма ісіне мемлекеттік қолдау «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына енгізілген. Жақын арада отбасымен көруге арналған шетелдік мультфильмдер мен фильмдер міндетті түрде қазақ тіліне дубляждалады деген үміттеміз», — деп атап өтті «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Азамат Божаков.
Биыл қаңтар айында үлкен экрандарға шыққан «Жан» фильмі ізденістегі адам жанының қызықты саяхаты туралы баяндайды.
Басты кейіпкер Джо Гарднерді жобаның көптен бері қатысушысы, дарынды актер Дәурен Серғазин дыбыстады. Бұған дейін Дәуреннің дауысымен «Алладин» фильміндегі Жын, «Арыстан патша» фильміндегі сурикат Тимон және Дисней студиясының басқа танымал кейіпкерлері сөйлеген болатын. Сонымен қатар дубляжға Данияр Сванкулов, Меруерт Ермекбаева, сондай-ақ театр және кино актрисасы Майра Омар қатысты.
Дубляж жасау кезінде ағылшын тіліндегі мәтін қазақ тіліне жай ғана аударылып қоймай, бейімделеді: түпнұсқа кейіпкерлеріне өзіне тән сөздер, әзілдер сөзбе-сөз емес, жергілікті мәдениеттің ерекшеліктерін ескере отырып аударылады. Мысалы, диалогтардың бірінде кейіпкер АҚШ-тағы әйгілі доктор туралы айтады. Бұл есім біздің көрерменге таныс болмағандықтан, оның есімі белгілі қазақстандық Димаш Құдайбергеннің есімімен алмастырылды.
Титрдегі «Өмір ғажап» әнін Mona Songz деген атпен аты шыққан қазақстандық танымал орындаушы Манарбек Жұматай орындады.
«Өзіңнен баста» жобасы 2011 жылдан бері іске асырылып келеді. Жоба коммерциялық мақсаттарды көздемейді.
Негізгі идея – Қазақстан азаматтарының әлемдік студиялардың контентіне өз ана тілінде қол жеткізуін қамтамасыз ету. Барлығы 37 голливудтық фильм қазақ тіліне дубляждалған.
Жобаның арқасында бүгінгі таңда 100-ден астам отандық актерлердің дауысы «Walt Disney Pictures» дауыстық базасында тіркелген. Ал қазақ тілі дубляж бойынша түрік тілінен кейінгі екінші түркі тілі және «Walt Disney» тарихында 39-шы; «Sony Pictures»-тің 7-ші тілі атанды.
Дубляждалған фильмдер IVI және Megogo онлайн кинотеатрларында қол жетімді.