«Turan Fest» халықаралық турнирі өтті
«Turan Fest» халықаралық турнирі өтті
Түркістан облысы Отырар ауданындағы «Жетікөл» балық аулау аумағында өткен халықаралық турнир мәресіне жетті, деп хабарлайды newsroom.kz. порталы.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында өткен «Turan Fest» халықаралық турнирінің қатысушылары 22 келіден астам балық аулады. Балық аулаудан өткен ерекше сайыс Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ алыс және жақын шетелден келген 17 команданы жинады. Түркістан өңіріне Түркия, Әзірбайжан, Ресей, Венгрия, Өзбекстан, және Тәжікстан елдерінен келген командалар бақ сынады. Жеті елден жиналып, Жетікөлде бас қосқан жарыс үміркерлерін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, экология және балық инспекциясы министрлігінің өкілдері қарсы алып, сәттілік тіледі. Ол мұндай фестивальдердің өңірдің туризмін дамытуға септігін тигізетінін атап өтті.
Олар спиннигта моторсыз қайықпен жүзіп жүріп, балық аулады.
Турнир екі күнге жалғасты. Жеңімпаздар ауланған балықтың салмағы бойынша анықталды. Халықаралық сайыс қорытындысымен бас жүлдені қостанайлық Дмитрий Мисюк пен Сергей Деред жеңіп алды. Жеңімпаздар аулаған балықтың салмағы 6 келі 385 грамм болды. Екінші орынды Астанадан келген Данил Коротовский, Ренат Кошеков еншіледі.
Үшінші орын қарағандылық Ольга мен Александр Коровяковтарға бұйырды. Ольга Коровякова – жалғыз қатысушы әйел, және ол спорттық балық аулау бойынша спорт шеберлігіне кандидат, бұл салада 25 жылдық тәжірибесі бар. Түркістан мен Қазақстанның басқа аймақтарында экологиялық туризмді одан әрі дамыту мақсатында «Turan Fest» халықаралық турнирін дәстүрлі түрде өткізу жоспарлануда. Түркістанда спорттық балық аулау фестивалін жыл сайын өткізу жоспарланып отыр. Сондай - ақ, мұнда облыстық және республикалық жарыстар өткізілу жоспары бар.