Жаңалықтар

Күшті! Діндарлар ел басшылығының дінаралық өркениетті дамытуына жоғары баға беріпті

Күшті! Діндарлар ел басшылығының дінаралық өркениетті дамытуына жоғары баға беріпті

2003 жылдан бері елорда төрінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі 3 жылда бір рет өткізіліп келеді. Алайда өткен жылдан бері жаһанды жайлаған коронавирус инфекциясының салдарынан биыл өтуі тиіс 7-съезд кейінге шегерілген болатын деп хабарлайды inform.kz сілтеме жасаған newsroom.kz порталы. Күні кеше елорда төріндегі Бейбітшілік пен келісім сарайында ұйымдастырылған алқалы жиынға 20 елден келген әлемдік діндер мен конфессиялардың және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып, аталған жетінші съезді 2022 жылдың қыркүйек айында өткізуге уағдаласып тарқады. Алқалы жиын деп отырғанымыз - Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХІХ отырысы. Хатшылық отырысы съезд қарсаңында үнемі өтіп тұрады. Бұл жолы ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен отырыс барысында 7-съезді өткізу мерзімі мен датасына қатысты мәселемен қатар, форумның жалпы және секциялық отырыстарының тақырыптары да жіті талқылауға түсті. «Биыл біз Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Осы кезеңде бейбітшіліктің, жалпыұлттық бірлік пен конфессияаралық диалогтың өзіндік моделін қалыптастыра алдық. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған бұл бағдар өзінің тиімділігі мен өміршеңдігін дәлелдеп үлгерді. Қазіргі таңда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету саясаты жалғасып келеді. Біз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі мен хатшылық отырысын абырой-бедел жинау үшін өткізбейміз. Бұл – қазақстандық даму жолының біртұтас ажырамас бөлігі», – деді отырыста ашқан Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев. Жиында Сенат спикері биылғы хатшылық отырысы күрделі жағдайда өтіп жатқанын айтып, оған коронавирус пандемиясы мен соңғы жылдарда әлемде басқа да жаһандық проблемалардың ушыға түсуі себеп екенін тілге тиек етті. Олардың қатарында геосаяси және геоэкономикалық факторлар мен жаһандық қауіпсіздік жүйесінің бұзылуы салдарынан туындаған халықаралық шиеленістің күшеюі, қару-жарақ жарысының үдеуі және жаһандық экологиялық күн тәртібіндегі түйткілдер бар. «Осындай жағдайда рухани көшбасшылардың басты міндеті құндылықтардың дұрыс жүйесін қалыптастыру және адамдарды бейбітшілік, адамгершілік, қоғамдық келісім, өзара қолдау сияқты идеялар аясына топтастыру болуы керектігі сөзсіз. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің негізгі мақсаты да – осы. Сондықтан баршаңызға біздің Форумға қатысып, белсенді қолдау көрсеткендеріңіз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз», – деді съезд хатшылығының басшысы.
Айта кетерлігі, хатшылық отырысынан бір күн бұрын оның жұмыс тобының отырысы өткен болатын. Онда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары 7-съезінің жалпы және секциялық отырыстарының тақырыбы бойынша жұмыс тобы мен хатшылық мүшелерінің 49 ұсынысын жинақтау жүргізілген еді. Хатшылық отырысында осы жұмыс тобының атқарған істеріне кеңінен тоқталған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев дінаралық және мәдениетаралық диалогтың рөлі мен маңызы, рухани-адамгершілік құндылықтар, әлемнің пандемиядан кейінгі жағдайында 7-съезд жұмысын жаңа тәсілде өткізу қажетті туралы пікір алмасылғанын айтады. «Мәселен, Мухаммед бен Абдулуахед әл-Арифи пандемия адам өмірінің көптеген салаларына әсер еткенін атап өтті. Осыған байланысты рухани құндылықтарды сақтауға ден қою қажет. Архиепископ Юрий Новгородов пандемия көптеген жаңа нәрселерді, соның ішінде цифрландыруды әкелгеніне назар аударды. Сондықтан діни қоғамдастықтар мен олардың көшбасшыларын қазіргі әлемнің шынайылығында адамгершілік қағидаларын қалыптастырудағы рөлі туралы мәселе туындайтындығын айтты. Қатысушылар 7-съездің жұмысы мен форматы әлемді одан да қауіпсіз, толерантты, болжамды ету үшін сындарлы ынтымақтастықты қамтамасыз ету, мәдениеттер, халықтар мен діндер арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді тәсілін белгілеу тиіс екендігін атап өтті», - деді ол.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің шақырылуына ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашылық жасағаны белгілі. Сондықтан да съезд хатшылығының отырысында отандық да, шетелдік те діндарлар Елбасының дінаралық, мәдениетаралық, өркениетаралық байланыстарды жандандыру жолындағы еңбегіне, Қасым-Жомарт Тоқаевтың этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету саясатына оң баға берді. Мәселен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дін адамдық қасиетті қалыптастыратын теңдессіз тәрбие мектебі екендігін айта келе діннің осынау қуатты күшін адамдар арасындағы достық, өзара сыйластық пен құрметті арттыруға бағыттау қажеттігін баса айтты. [caption id="attachment_61213" align="alignnone" width="800"] width= Фото: Мұхтар Холдорбеков (с) inform.kz[/caption]
«Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съезінің бастамашысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Халықтарды бір-бірінен бөлетін теңіздер емес, надандық пен тілдердің бөлектігі де емес, араздық қана. Достық жоқ жерде араздыққа мүмкіндік мол болмақ» деген сөзінде үлкен мағына жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында: «Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсіну қажет. Біз қашан да алауыздыққа қарсы тұра білген елміз» деп атап өтті. Расында, біз бейбітсүйгіш халықпыз және әлем халқын бейбіт өмір сүруге үндейміз. Елімізде тұрақты түрде өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі осыған дәлел», - деді Бас мүфти. Ал Иран Ислам Республикасы Мәдениет және ислам байланыстары ұйымы Дін мен мәдениет диалогы орталығының департамент директоры Захра Рашидбейги қазіргі әлемде конфессияаралық диалогты нығайту мен дамыту діни және саяси көшбасшылардың басты миссиясы екендігін баса айтты. «Аса мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаев мырзаның қажырлы әрі жемісті еңбегі діни жетекшілер мен саяси басшылардың арасындағы бірлік мәселесінде айқын үлгі саналады. Осы ірі отырысқа қатысып отырған түрлі діндер мен мазхабтардың құрметті өкілдері әділет және ұлттық мәдениетті таратуда ұзақ уақыт бойы еңбек етіп келе жатқаны сөзсіз. Алайда мәртебелі Назарбаев мырзаның түрлі дін өкілдерін жинап, діни жетекшілердің басын қосуы діни көсбасшылардың бірігіп, бір-бірінің қызметімен танысуына және тәжірибе алмасуына себеп болды», - деді Захра Рашидбейги
Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, Шейх-ул-Ислам Гаджи Аллахшүкір Пашазаде де Елбасы Нұрсұлтан Назабаев пен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың дінаралық диалогты дамытудағы қызметтеріне оң бағасын берді. «Осыдан 18 жыл бұрын қазақ халқының көшбасшысы, ықпалды әлемдік саясаткер, Түркі әлемі мен Орталық Азияның көрнекті мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың діндер мен өркениеттер арасындағы диалог қағидаттары мен практикасын ілгерілету жөніндегі бастамасы өзінің маңызын сақтап келе жатқанын, ал бұл идеяның дәйектілігі мен өнімділігі уақытпен дәлелденгенін ерекше атап өткен жөн», - деді Пашазаде. Сонымен қатар ол бүгінде Елбасының дана көзқарасы мен күш-жігерінің арқасында әлемде дінаралық ынтымақтың жаңа платформасы құрылғанын атап өтті.
«Жоғары мәртебелі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ мемлекеттілігінің ілгерілеуі мен өркендеуін, дінаралық диалог пен ынтымақ саласындағы, атап айтқанда, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері шеңберіндегі құнды идеяларды ілгерілету жөніндегі сабақтастықты қамтамасыз ететін саяси жолды табысты жалғастыру жөніндегі күш-жігерін айрықша айтқан дұрыс», - деді Шейх-ул-Ислам.
Съезд хатшылығы отырысының қорытындысында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі 2022 жылғы 14-15 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласында өтетіндігі белгіленді. Аталған форумда пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі кеңінен талқыланбақ.