Сарыағаштықтар арықтан су ішіп отыр
Сарыағаштықтар арықтан су ішіп отыр
Сүзгі үшін жолды жапты. Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғындары жергілікіті атқамінерлердің бір ұңғыманың сүзгісін ауыстырып бере алмай жүргеніне наразы. Салдарынан қараша халық «ағын судың арамдығы жоқ» деп, амалсыздан арықтан келетін тіршілік нәрін тұтынуға мәжбүр. Осы уақытқа дейін қанша рет жағдайларын айтып шырылдағанымен, ақ жағалылар істі соңына дейін бітіріп бермеген. Енді міне, аудандық ығайы мен сығайынының назарын өздеріне қарату үшін жолды жабуға тура келген, деп хабарлайды newsroom.kz. порталы «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап.
Сарыағаш ауданындағы Ақжар ауылдық округінің әкімдігі алдындағы тұрғындармен өткен суға байланысты жиынның быт-шыты шықты. Салаға жауап беретін аудандық мамандардың тағы да бір уәдесіне тойдық деген жұрт, Қазығұрт пен Сарыағаш арасын жалғайтын жолды жауып, талаптарын төтесінен қойды.
Тұрғындардың басты талабы - ауылдағы жалғыз ұңғаманың сүзгісін ауыстырып беру. Соның өзін шенеуніктер созбалаңға салып, жыр қылып келе жатқанынан 2 жылдан асыпты. Сүзгісіз тұзды суды ішу мүмкін емес екен. Салдарынан, Өзбекстаннан келетін арықтағы ағын суды тұтынуға мәжбүр. Бірақ, бір аптадан соң ол жақтан келетін тіршілік нәрі тоқтайды екен.
ӘБДУӘЛІ СҰЛТАНОВ, АҚЖАР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНЫ: «Ағын су болсын, егін су болсын басында өліктер жатыр. Мал жатады өліп жатады. Оны шығаратын мамандарда жоқ. Өзіміз қарапайым халық, дихандар барып шығарамыз. Кей кездері адамның да мәйіті келіп қалады. Сол суды ел ішіп жатыр».
ІЛГЕРБАЙ ТӨРЕБЕКОВ, АҚЖАР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:
«Ал, мына суды істеген күннің өзінде сатып аламыз. Бұны да бір теңгеден. Соның өзіне бір теңгеден алуға зар болып отырмыз. Ауру анау мына, кейбіреулер дәрет сындырады, оны өзім көргем. Біреулер палас жуады. Бәрін жуады».
ҒАЛЫМЖАН КЕНЖЕБЕК, ТІЛШІ: «Келес өзенінің бойы қоқысқа толған суы лайқы. Ал, тұрғындар болса осы суды жуық арада ішуміз мүмкін дейді. Себебі, ұңғыманың сүзгісі ауыстырлмайтын болса және Өзбекстаннан келетін арықтағы су тоқтайтын болса, амал жоқ жұрттардың түсуге жиіркенетін суын, енді тұтынуға мәжбүрміз деп отыр».
Шенеуніктерге сенуден қалдық деген тұрғындармен кездесуге аудан әкімі жетіп келді. Оны көрген халық бірден сұрақты қарша боратып, түтіп жеп қоя жаздады. Ал, аудан басшысы бір апта көлемінде мәселені шешіп беретін жеткізді және қателікті тендерден ұтып алғандарға жылы жауып қоя салды.
МҰХИТ ОТАРШИЕВ, САРЫАҒАШ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
«Біз шешім қабылданаған кезде заңнан асып кете алмаймыз. Бұл жерде конкурстық процедуралар бар, бюджеттік өтінім деген нәрсе бар. Соған сәйкес жұмыстар жасаймыз. Сол екі жыл уақытты алды ма? Жоқ екі жыл уақыт алған жоқ. Бұл екі жылдан бері көтерілген мәселе ретінде білмеймін. Ол өткен жыл көтерілген. Осы жылға қаражатты қарастырып бердік».
Арықтағы ағын судың 78 пайызы ішуге жарамсыз екенін былтыр экологтар дәлелдеп те берген екен. Ал, ұңғыма сүзгісіне бар-жоғы 4,5 миллион теңге керек. Тұрғындардың санасы сыймайтыны да осы болып тұр. Яғни, шығын соншалықты қомақты емес. Енді 8000-ға жуық халқы бар Ақжар ауылдық округінің тұрғындары әкім берген уәдесін тайқыса, республикалық жолды жабуға дейін барамыз деп отыр.
https://youtu.be/fYn8XD6_Wx0