Жаңалықтар

Бәрекелді! Ақтөбе облысында елдің әлеуетін көтеруге мүмкіндіктер жасалып жатыр

Бәрекелді! Ақтөбе облысында елдің әлеуетін көтеруге мүмкіндіктер жасалып жатыр

Биылғы сайлау науқанында «Nur Otan» партиясы «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын ұсынып, алдағы бес жылда елді дамытудың тың жоспарын жасағаны белгілі. Бағдарламаның ерекшелігі сол, облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі елді алаңдатқан мәселелер түгел електен өткізіліп, қамтылды. Ақтөбе облысы бойынша 14 Жол картасы бекітілген болатын. Партияның облыстық филиалы төрағасы, облыс әкімі Оңдасын Оразалин осы құжаттың орындалу барысын тікелей қадағалап, күн тәртібінен түсірген емес. Бүгінгі Саяси кеңес Бюросы отырысында Жол картасы аясында атқарылған жұмыстар мен мәселелерді талқыладық. Жалпы Ақтөбе облысында Жол карталарының 443 көрсеткіші жүзеге асты. Жыл басынан бері 488,1 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, 26 427 жаңа жұмыс орны құрылды. Бағдарламаға сәйкес 33 нысан ашылды. Оның ішінде 3 мектеп, 4 балабақша 3 спорт нысаны, медициналық пункт пен амбулатория, ауылдық клуб бар. Сондай-ақ құрылыс материалдарын өндіру зауыты, сүт өндіру фермасы және сүт өнімдерін өндіру цехы, мал бордақылау алаңдары, көкөніс сақтау қоймасы мен жылыжай іске қосылды. Бұл елдің әлеуетін көтеруге септігін тигізетіні сөзсіз. Мәселен Мәртөк ауданы, Жайсан ауылындағы жаңадан ашылған дәрігерлік амбулатория 2 мыңнан астам халыққа жедел және алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Ғимарат талапқа сай жасақталған, 37 кабинет бар. Ал Ойыл ауданынан ашылған спорттық-сауықтыру кешені айына 1000-ға жуық адамға қызмет көрсете алады. Бұл халықтың спортқа қызығушылығын және денсаулығын арттыруға мүмкіндік береді. Ал Қандыағаш қаласынан гемодиализ орталығы, жиһаз цехы, сұйық сабын өндіру цехы, құрылыс дүкені, дәріхананың ашылуы халық тілегінің жүзеге асқанының көрінісі. [caption id="attachment_61131" align="aligncenter" width="1280"] width= Фото: Nur Otan партиясы АОФ филиалының баспасөз қызметі[/caption] Жол карталарының орындалуына өңірімізде құрылған қоғамдық кеңестер де өз үлесін қосуда. Кеңес мүшелерінің барлығы Жол картасын іске асыруды ұйымдастыруға тартылып, сапалы жұмыс атқарып келеді. Қазіргі таңда өңірлік кеңестердің 37 отырысы және аумақтық кеңестердің 288 отырысы өткізіліп, мемлекеттік мекемелерге 526 ұсыныс берілді. Фракция және кеңес мүшелері аудандарға шығып, "Жол картасы" аясындағы нысандарға мониторинг жүргізуде. Әрине, сайлауалды бағдарламадағы жұмыстар ауқымды болғандықтан қиындықтар мен мәселелер де жоқ емес. Біз оны Бюросы отырысында жасырмай айттық. Партияның Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруда кемшіліктерге жол берген екі басқарма басшысы мен аудан әкіміне партиялық сөгіс жарияланды. Облыс әкімі енді осындай қателіктерге жол берген мемлекеттік қызметшілерге қатаң тәртіптік жаза қолданылатынын ескертті. Қорыта келе айтарым, партияның сайлауалды бағдарламасы облысымызды кешенді дамытуға бағытталған. Сондықтан да сапалы орындалуы қажет. Алдағы уақытта орын алған кемшіліктер жойылып, бас жоспарымыз уақытылы жүзеге асатынына сенімдімін. Біз әрбір қазақстандықтың әл-ауқатының жақсаруына жұмыс істеуді жалғастырамыз.  

Ербол ДАНАҒҰЛОВ,

«Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция  жетекшісі