Дариға Назарбаева қазақстандық министрлерге айыппұл салуды ұсынды

03 Қазан, 2019 221 0

Қазақстанда бюджеттің тиімсіз орындалғаны үшін шенеуніктердің жауапкершілігін арттыру ұсынылды. Мұндай ұсынысы сенат қабырғасында өткен бюджет заңнамасын жетілдіру жөніндегі кеңес барысында айтылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі жоғары палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Депутаттар алдында ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов сөз алып, бюджет процесін реформалау жөніндегі жол картасын таныстырды. Министр көтерген мәселелердің бірі – мемлекеттік бағдарламалар бойынша бөлінетін бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуы болды.

«Біз 2011 жылдан бастап 2018 жылға дейін жүзеге асқан 10 мемлекеттік бағдарламаға талдау жүргіздік. Олар бойынша, жалпы алғанда, шамамен 9 триллион теңге игерілді, бірақ біздің ойымызша, бюджет 608 миллиард теңгеге тиімсіз игерілді. Атап айтқанда, кіріс көбеймеген, жұмыс орындары ашылмаған және тағы басқа. Біз мемлекеттік қаржыны тиімсіз игергені үшін, жауапкершілік белгілеу қажет деп санаймыз. Ал мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі есептерді төленген салықтар, табыстар, жаңа жұмыс орындары, өнім шығару көлемі және тағы басқа көрсеткіштермен толықтыру қажет», - деді Дәленов.

Дариға Назарбаева мемлекеттік бағдарламалар аясында қаражатты тиімсіз пайдаланғаны үшін жауапкершілікті күшейту жөнінде ұсыныстар әзірлеу қажеттігін қолдады.

«Бізде көбінесе бір адам тұтас саланы басқарады, мемлекеттік бағдарламаны әзірлейді, ал әлдебір уақыттан кейін мұның бәрі тиімсіз немесе басымдықтар қате таңдалғанын, мемлекеттік қазынаға залал келгенін көреміз. Бірақ ешкімнен сұрай алмайсың. Себебі мамандар ауысып, басқа адамдар келген болып шығады. Жауапты адам да жоқ, ие де жоқ. Біздің тәжірибемізде қаншама сондай жағдай кездесті. Сондықтан біздің ұсынысымыз: жұмыстың ауысуына қарамастан, бұрынғы қызметіне жауапты болу керек», - деді сенат төрайымы.

Сонымен қатар бюджетті тиімсіз пайдаланғаны үшін әкімшілік айыппұл мөлшері формальды болмауы тиіс, келген зиянға шамалас есептелуі тиіс.

Депутаттардың пікірінше, оны талқылау аса маңызды болады. Қазіргі кезде сенат депутаттары есеп комитетімен бірлесіп, осындай айыппұлдарды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізу мәселесін пысықтауда.


Тегтер: ДариғаНазарбаева, заң, бюджет, айыппұл

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.