Жаңалықтар

Арыста заманауи медициналық емдеу-сауықтыру кешені салынады

Арыста заманауи медициналық емдеу-сауықтыру кешені салынады

Арыс қаласына қарасты Саналы ауылында заманауи талапқа сай медициналық емдеу-сауықтыру кешені салынатын болды. Бұл туралы Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова мен «Verum» ЖШС компаниялар тобының басшысы мен «Ізгілік» және «Қолғабыс» қайырымдылық қорларының жетекшілерімен кездесу барысында мәлім болды. Тараптар ұлт саулығын сақтау мен осы бағытта қолға алынуы тиіс жоспар, жобалар туралы талқылады, деп хабарлайды newsroom.kz. тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Мемлекет басшысының Жолдауында: «медицина саласына инвесторларды тартып, озық технология мен жаңа зерттеу жұмыстарын игеруді қолға алу керек» делінгені белгілі. Президенттің халыққа Жолдауын жүзеге асыру аясында Арыс қаласында жергілікті жерде медицина қызметінің жандануына үлес қосуға ниетті кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілуде. Осы мәселеге қатысты Арыс әкімі қалалық жер бөлімі мен сәулет құрылыс бөлімінің жетекшілеріне тиісті деңгейде көмек көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ, кәсіпкерлік бөлімнің жетекшісіне қажет болған жағдайда инвесторлардың несие алуына мүмкіндігінше қолдау білдіру керектігін айтты. «Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында: «медицина саласына қомақты қаржы құю керек. Бұл қаражат инфрақұрылымға, маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалуы тиіс деп айтқаны белгілі. Жалпы, біздің клиникамызда осы аталған қызметтермен қатар азаматтарымызды емдеу-сауықтыру шараларымен қамтамасыз ететін боламыз», – деді «Verum» ЖШС компаниялар тобының бас директоры Әлішер Есмағамбетов. Жаңа емдеу орталығының жалпы аумағы 1,5 мың шаршы метрді құрайды. Медициналық емдеу-сауықтыру кешенінде соңғы үлгідегі медициналық қондырғылар, компьютерлік томография қойылады.