Түркістанда эколог мамандар бас қосып, жасыл желекті дамыту мәселесін қарастырды
Түркістанда эколог мамандар бас қосып, жасыл желекті дамыту мәселесін қарастырды
Климаты құрғақ Түркістанда жасыл желекті жетілдірудің аса қиындығын айтқан сала майталмандары өңірде атқарылған қажырлы еңбекке оң бағаларын берді. Екі жылғы еңбекті дамыту үшін өзара тәжірибе алмасып, ой бөлісті, деп хабарлайды newsroom.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан қаласында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда «Қалалардың жасыл аймағы, жасыл желектерді күтіп ұстау және дамыту перспективалары» атты қарар қабылданды. Шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған.
Түркістан облысы әкімдігінің, экологтар мен халықаралық деңгейдегі сарапшылардың басын қосқан жиында Түркістан өңірінің жасыл аймағын күтіп ұстау, баптау және көлемін ұлғайту мәселесі талқыланды. Маңызды шарада мамандар бір ауыздан Түркістанда тек өңірдің топырақтық – климаттық жағдайына бейімделген ағаштарды отырғызу туралы тоқтамға келді. Облыс орталығындағы жасыл белдеу аумағында қараағаш, акация, үйеңкі көшеттері егілген.
Түркістан қаласының жасыл белдеуі аумағында орман дақылдарын дамыту үшін «Жасыл аймақ» КММ базасында селекциялық негізде орман тұқымы аумағын қалыптастыру, питомник шаруашылығын кеңейту қажет.
Бүгінгі таңда жасыл аумақтың көлемін кеңейтіп, елді мекендерді көгалдандыру және олардың айналасында жасыл аймақтар құру мәселесі басымдық берілген бағыттардың бірі. Жиында қойылған міндеттерді іске асыруды ғылыми жетістіктер негізінде жүзеге асыру қажеттігі айтылды. Бұл тұста «Ә.Н. Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты» маңызды рөл атқармақ.
Басқосуға арнайы қатысқан Ташкент мемлекеттік аграрлық университетінің ғалымдары тәжірибе бөлісіп, ауа-райы қолайсыз аумақта ағаштарды баптаудың қыр-сырымен бөлісті. Жасыл аймақты жетілдіру жұмысына жаңа серпін берген жиын қорытындысы бойынша қарар қабылданды. Осы тұжырымдама аясында жұмыстар жалғасады. Қазіргі уақытта Түркістан қаласының жасыл аймағында 7700 га жерге 12 млнға жуық көшет отырғызылған. Жасыл аймақ көлемі екі есе артады.