Түркістан облысы вакцина салдыру көрсеткіші бойынша көш бастап тұр
Түркістан облысы вакцина салдыру көрсеткіші бойынша көш бастап тұр
Түркістан облысы тұрғындарының 85,8 %-ы екпе алды, деп хабарлайды newsroom.kz. тілшісі.
Вакциналауға жататын облыс тұрғындарының 85,8 % екпе алды. Нәтижесінде, еліміздегі егу көрсеткіші бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Екпенің бірінші құрамын 814 мыңға жуық адам қабылдады. Екінші компонентін 633 мыңға жуық адам салдырған. Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Республикада күнделікті тіркелетін науқастар саны бойынша да ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысынына тиесілі. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында айтылды.
Бүгінде өңір тұрғындары ресейлік «Спутник V», отандық QazVac, Sinopharm компаниясының HayatVax екпесі, Қытайдың жасап шығарған CoronaVac және Sinopharm компаниясының Vero Cell вакцинасын қабылдай алады. Облыс аумағында 141 екпе қабылдау пункттері жұмыс істейді.
Атап өтсек, қазір Түркістан облысы «жасыл аймақта» тұр. Медициналық мекемелердегі инфекциялық төсек-орындар саны қысқартыла бастайды. Өңірде 13 қыркүйекте COVID-19 індетінің 37 жағдайы тіркелді. Тәуліктік өсім 0.27 % құрайды. Қазір инфекциялық стационарларда барлығы 2 мыңнан астам орын бар. Мұнда 668 адам ем қабылдап жатыр.
Жалпы, пандемия белең алғалы КВИ-дің 13 546 жағдайы анықталды. Оның 7 мыңнан астам жағдайында ауру симптомсыз өткен. Сондай-ақ, бүгінге дейін 1 002 142 ПТР сынамасы алынған. Ал, соңғы тәулікте зертханаларда 1500 адам тексерілді.