"Білдей бастықсыз": Нығматулин сұраққа жауап бере алмаған қорғаныс министрінің орынбасарына шүйлікті

03 Қазан, 2019 265 0

Кеше парламент қабырғасында қойылған сұраққа дұрыс жауап бере алмаған қорғаныс министрінің орынбасары мәжіліс спикерінен сөз естіп қалды. Мәжілістің жалпы отырысына келген генерал-майорға Нұрлан Нығматулин «сіз білдей бастықсыз, білу керек қой» деп шүйлікті.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды. 

Сұрақ-жауап кезінде депутат Асылбек Смағұлов қорғаныс министрінің өкілінен соғыс жағдайында кәсіпорындар мен ұйымдардан, азаматтардан алынатын автокөлік үшін ақының қалай төленетінін сұрады. Себебі мәжілісмен қаралып отырған заң жобасынан бұл норманы көре алмаған. 

Өз кезегінде қорғаныс министрінің орынбасары Мұрат Бектанов бұл ережелердің әзірге жазылмағанын, алайда заң жобасының аясында әзірленетінін айтты. 

Ал заң жобасы туралы баяндама жасаған ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Бектановтың жауабын толықтырып, көліктерге қатысты ереже 2005 жылдан бері бар екенін айтты.

«Қорғаныс министрлігі мүлдем ештеңе білмейді. Мұрат Кәрібайұлы, оны білу керек қой. Сіз білдей бастықсыз. Оны білмесеңіз, ертең қоластында жұмыс істеген офицерлер қайдан біледі?» - деді мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.


Тегтер: Мәжіліс, отырыс, НұрланНығматулин

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.