Қазақстандық жастардың ғылымға деген қызығушылығы қандай?
Қазақстандық жастардың ғылымға деген қызығушылығы қандай?
Ғылымсыз ел дамымасы айдан анық. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та жиі айтып отырады. Ендеше, жалпы еліміздің ғылым жағдайы қандай? Прогресстер мен регресстер туралы Newsroom.kz тілшісі терең зерттеп көрді.
Салыстырмалы түрде, еліміздің азаттық алған жылдарына қарай ойыссақ. Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі баспасөз қызметі ұсынған ресми дерекке сүйенсек 1990 жылы елімізде 289 ғылыми мекеме болған екен. Ғылыммен айналысатын адамдар саны 50 мыңның үстіне шығып жығылған. Өмірін ғылым жолына арнаған ғалымдар саны 22 378 адамды құрайды. Бұның ішінде 17 454 зерттеуге машықталған мамандар бар. Сандар сөйлеуін тоқтатпасын. Мысалы, 2011 жылғы қисапқа салсақ 35 жасқа дейінгі ғалымдар саны елімізде 6 400 болған екен. Қазір бұл көрсеткіш 8 100-дің маңында. Осыдан-ақ қазақ жастарының ғылымға деген қызығушылығы артып келе жатқанын анық байқауға болады.
Мемлекетте өз тарапынан ғылымды дамыту үшін бар амалдарын жасап келеді. Мысалы, мемлекет тарапынан жыл сайын ғалымдарға 6 атаулы сыйлық пен 75 мемлекеттік ғылыми стипендия тағайындалады, оның ішінде 50 стипендия дарынды жас ғалымдарды қолдауға бағытталған. Сонымен қатар қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі жанынан Жас ғалымдар кеңесі құрылған. Соңғы уақытта тарихта алғашқы рет 2020-2022 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді грант негізінде қаржыландыру байқауы жүзеге асуда.
Ғылымдағы басты көрсеткіш – ол абыройлы басылымдарда ғылыми еңбектердің жариялануы болып табылады. Отандық ғылым бұл көрсеткіштен де кенже қалар емес. Қазақстандық ғалымдар Scopus мәліметтер қорындағы қазақстандық ғалымдардың жарияланымдарының жалпы саны 2011 жылмен салыстырғанда 34 есеге (577 -ден 19 879 -ға дейін), ал Web of Science дерекқорында 59 есеге (425 -тен 25 088-ге дейін) өскен. Соңғы бес жылда қазақстандық ғалымдардың әрбір бесінші ғылыми мақаласы әлемдегі ғылыми журналдардың үздік 25% енген деп хабарлайды Министрлік.
Еске салайық, 1991 жылы Қазақстанда ғылыми-зерттеулермен шұғылданатындар саны 42 мың адам болса, 2014-2015 жылдары бұл көрсеткіш 19 мың адамға дейін төмендеген еді. Бүгінде елде 8 мың ғылыммен шұғылданатын маман бар. Оның бір мыңы – жас буын.
Әлемде әрбір 1000 адамның біреуі ғалым, ал Қазақстанда 2500-дің біреуі ғана ғалым. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Әрине ғалымның саны ғылым сапасының негізгі көрсеткіші емес. Ғалымның деңгейі мен оның ғылыми жұмыстарының нәтижесі әлемдегі атақты журналдарға шыққан мақалаларымен, сол мақалаларға басқа ғалымдардың сілтеме жасау санымен бағаланады.
Мұндағы өзекті мәселе – ғылымның пайдасы, оның халыққа, елге, отандық шаруашылыққа әкелетін пайдалы әсері, яғни енгізетін жағымды жаңалығы. Бұл жөнінде Қазақстан әлемде 61-орында, патент алу бойынша біздегі көрсеткіш дүниежүзілік деңгейден 24 есе төмен.
Ғылымнан жақсы нәтиже алу үшін зерттеушілер қатары көп болуы шарт. Сонда бәсекелестік артып, көптің біреуі зерттеуге қызыға кіріссе, алдына қойған мақсатына жету кезінде ғылымда жаңалық жасалуының ықтималдығы артады. Демек санның сапаға айналуы үшін ғалымдар саны арта түсуі тиіс. Беретін өнімділігі өте төмен, қаражаты жетімсіз, қатары тым сирек ғалымдармен ғылымды дамыту мүмкін емес, керісінше, оны құрдымға жіберіп алуымыз мүмкін.
Дамыған елдерде ғалымдар ең жоғарғы зияткерлік топ саналады. Оларға ерекше құрмет көрсетіледі. Сонымен бірге ғалымның еңбегі де жоғары бағаланады. Жалпы мемлекеттің ғылымға деген көзқарасы оның ІЖӨ-нің ғылымды дамытуға бөлінетін қаражатының пайыздық деңгейімен өлшенеді. Ғылымға ең көп қаражат бөлетін Израиль – 4,6%, Швеция – 4%, Жапония – 3,4%, АҚШ – 2,7%, Германия 2,5%. Бұл көрсеткіш Ресейде – 1,25% болса, Қазақстанда бар болғаны 0,2% деңгейінде.
Бүгінде ғылыми қызметкерлердің жалақысы өте төмен. Ғылымның дәрежесін көтеріп, жастарды ғылымға тарту үшін ғалымның айлық жалақысын айтарлықтай көбейту керек.
Басқалармен салыстырсақ, біздегі ғылымның дамуына жұмсалатын қаржы оның дамуына емес, жойылуына бағытталған секілді. Халықаралық академиялық кеңестің ұйғарымы бойынша мемлекеттің ғылым саласына бөлетін қаржысы ІЖӨ-нің 1,5% артық болса ғана ғылым дамиды екен. Осыдан елдегі жағдайдың қандай екенін аңғаруға болады.
Қазіргі таңда әлемдегі экономикалық тұрғыда дамыған елдердің аса маңызды бәсекелестік артықшылығы – білім, ғылым және жаңа технологиялар. Сондықтан Қазақстанда да ғылым дамуының жаңа деңгейіне түбегейлі шығуы қажет. Бұл үшін еліміз жоғарғы мемлекеттік деңгейде ғылыми-технологиялық дамуы стратегиясын (ҒТДС) жасауы керек. Бұл маңызды құжаттың жобасын ғалымдар, ғылыми мекемелер, инженерлер, технологтар және ғылым жанашырларының қатысуымен егжей-тегжейлі кеңінен талқылағаннан кейін президент бекітіп, қабылдауы шарт. Осындай ҒТДС әлемнің дамыған елдерінде (АҚШ, Жапония, Қытай, Еуропа елдері және тағы басқа) қабылданған. Оны қабылдаған елдердің ғылыми-технологиялық дамуының стратегиясы өзінің маңыздылығы жағынан мемлекеттің қауіпсіздік стратегиясымен бір деңгейде тұрады. Әлі күнге дейін Қазақстанның ғылыми-технологиялық дамуының стратегиясы әзірленбеген және қабылданбаған. ҒТДС қабылдау қажеттілігі Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруін қамтамасыз ететін көптеген бағдарламалық құжатқа негізделеді. Қазақстанның ҒТДС әзірлеген кезде, басқа мемлекеттердің тәжірибесін ескерген жөн және қазақстандық ірі ғылыми-зерттеу институттары, зертханалары мен университеттердің жетекші ғалымдары осы маңызды стратегиялық құжатты талқылауға қатысып, әлемнің дамыған елдерінің ғылыми стратегияларының нұсқаларымен салыстырмалы түрде талдау жүргізуі тиіс.
Қазақстан ғылым кандидаттары мен ғылым докторларының саны жөнінен алдыңғы орында, ал ғылыми нәтижелерден соңғы орындарда орналасқан. Себебі ғылымда кездейсоқ атағы бар, алайда ғылымға тікелей қатысы жоқ адамдардың қатары көбейіп кеткен. Бірде-бір ғылыми мақала жазбаған ғылыми атағы бар кейбіреулері депутат болып, шенеуніктің шекпенін киіп, ел билеп отыр. Мұндай жалған ғалымдармен елде ғылымның дамымайтыны бесенеден белгілі.
Елде кейінгі уақытта инновациялық қор, технологиялық парк дегендерді көптеп ашып жатырмыз. Олар қандай жұмыстар істеп жатыр? Қандай жобаларды іске асырады? Оның ашылғанын құптауға болады, бірақ жұмысынан мемлекетке еш пайда келіп жатқан жоқ. Білім және ғылым министрлігінің дерегінше 2020 жылы ғылымға бөлінетін қаражат ІЖӨ-нің 2%, ал 2050 жылға қарай 3% болмақ. Бұл – болашақтың жоспары.
Бүгінде ел экономикасы тұрақты өсу үстінде болса да, ғылымға бөлінетін қаржы көлемі ІЖӨ-нің 0,20-0,16% аспай тұр. Сондықтан Қазақстан ғылымының жағдайы мәз емес. Ғылыми мекемелер қазіргі заманғы күрделі қондырғыларды сатып алуға қауқарсыз, мемлекеттік және академиялық бағдарламалармен жобаларды жоғары деңгейде қолдана алмайды, халықаралық қатынастарды дамыта алмайды, жалақы өте аз болғандықтан талантты жастарды ғылымға тартуға шамасы жоқ. Сондықтан кейінгі жылдары Қазақстаннан дарынды жастардың шетелге кетуі белсенді қалыпты иеленіп отыр. Онымен бірге қоғамға дендеп енген «сыбайлас жемқорлық» деген ауру ғылымды да айналып өтпеді. Салдарынан ғылымға бөлінетін аз қаражаттың ғылым гранттарына үлестірілуі дау туғызып, ғалымдардың көңіліне сенімсіздік ұялатып жатыр.
Мысалы, 2019 жылы «Агроөндіріс комплексі түрлерінің дамуы және ауыл шаруашылығының қауіпсіздігі» бағыты бойынша конкурстың екінші кезеңіндегі қаражатты бөлуде өрескел қателіктерге жол берілген. Ұлттық ғылыми кеңес бірінші кезеңде 16-19 балл алған жұмыстарды өткізіп, 30-дан артық балл жинаған зерттеулерді өткізбеген. Жетекшісі ҰҒК мүшесі болған бір жұмыс 20 балл алса да қаржыландыру тізіміне өткен, ал 30-дан артық балы барлардың жұмысы өтпеген. Сонымен қатар «Ақпараттық, телекоммуникациялық және ғарыштық технологиялар» бағытындағы конкурста мемлекеттік сараптамадан өткенде жоғары балл алған жұмыстар өтпей, керісінше, төменгі деңгейлі балл алған тақырыптар өтіп кеткен. Мемлекеттік сараптамадан жоғары балл алған «Қазкосмос», Фесенков атындағы астрофизикалық институты, Ионосфера институты, Ғарыштық техника және телекоммуникациялар институттарының жұмыстары кейін қайтарылып, болмашы балл алған басқа жұмыстар қаржыландырылған. Мәжілістің 2015 жылғы қазандағы отырысында қозғалған депутаттық сауалнамада 2015-2017 жылдардағы ғылыми-зерттеулерге бөлінген қаржыландырудағы кемшіліктер туралы айтылғандар Есеп комитеті тексергенде анықталғаны белгілі болды. 10 миллиард теңгенің еш пайдасыз шығындалғаны анықталды. Сол жұмыстардың 41-інің жетекшілері – ҰҒК мүшелері. Елбасының бастамасымен ғылымды басқарудың жаңа моделі 2011 жылы енгізілген еді. Қазақстанда ғылымды дамытудың басым бағыттары анықталған, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүйесі құрылған, қаржыландырудың жаңа жүйесі қабылданған болатын.
Үкімет қаржысының әділетті бөлінбеуі бір басқа, сол қаражаттың мерзімінде игерілмей қалғаны тіпті таңғаларлық жағдай. Соңғы жылдары 15 ғылыми-зерттеу зертханалары ашылды, оны дамыту үшін қымбат қондырғылар алынды. Солардың біразы толық жұмыс істемей, ғылымға ешқандай үлес қоспай, музейдегі жәдігер секілді тұрғандары бар. Мысалы, Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ұжымы екі рет негіздеме жазып, ЯМР деген қондырғыны сатып алуға сұраныс берген. ҚарМУ-де онымен жұмыс істейтін профессорлар тобы бар, алайда қажетті сұраныс ескерілмей қалды. Қазір ол қондырғы басқа бір университетте экспонат ретінде тұр. Себебі қондырғымен істеуге машықтанған ғалым жоқ.
Ашылған зертханалардың бесеуі «ұлттық» деген мәртебені иеленген, яғни елдің кез келген ғалымы еркін барып, өзінің зерттеу жұмысын жүргізуге мүмкіншілігі болуы керек еді. Бұл зертханаларды қомақты қаражатпен ашу Елбасының мемлекет қажеттілігінен туындайтын, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, ішкі мүмкіндіктерді игеруге негізделген, нәтижелері қоғамдық сұранысқа ие болатын ғылым бағыттарын үнемі дамыту мақсатымен негізделген еді. Ол зертханаларды 8 миллиард теңгеге сатылып алынған құралдармен, аспаптармен, қондырғылармен жабдықтады.
Бүгінде әлемде ғылым саласында бәсекелестік өте жоғары. Мемлекет қанша мықты болса да ғылым мен технологияның көмегінсіз ұзаққа бара алмайды. Сондықтан жоғарыда аталған мәселелерді шешіп, отандық ғылымды дамыту үшін тиісті, сапалы жұмыстар жүргізілуі шарт.