Дос Көшім: «Әміржан Қосанов халықты сатып кеткен жоқ»

02 Қазан, 2019 511 0

«Ұлт тағдыры» ұйымының төрағасы Дос Көшім Президент сайлауына түскен Әміржан Қосанов халыққа сатқындық жасамағанын хабарлады. Бұл жөнінде ол Qamshy.kz сайтының тілшісіне берген сұхбатында айтты. 

– Сол күні түнде (сайлау болған күні - автор) Қосанов маған Тоқаевты құттықтағанын айтты. Мен "мұның үлкен қателік болған" дедім. Өз басым, exit poll-дан кейін өз жеңілісін мойындауды естімеппін. Бірақ, бұл – Әміржанның шешімі. Ал бәсекелесіңді құттықтау – саяси мәдениеттілік белгісі. Әрине, біз бұны түсіну деңгейіне келген жоқ шығармыз, - деген Дос Көшім Қосанов шын мәнінде Әміржановтың істеген әрекеті сатқындық емес, керісінше, мәдениеттіліктің белгісі дейді.  

– Кешкі тоғыздан кейін Әміржан не айтса да, жәшіктерде жатқан бюллетенге ол әсер етпейді. Қосанов туралы «әлсіздік танытты» деп айтуға болатын шығар. Бірақ «сен сатып кеттің» деп айтуға еш негіз жоқ. "Сатып кетті" деген үш жағдайда ғана айтылады. Бірінші, сайлауда жеңіп тұрып, өзінің тұғырнамасын жүзеге асырмаса. Екінші, сайлауға санаулы күн қалғанда өз кандидатурасын алып тастаса. Онда халық айтар еді: «біз сонша күн саған дауыс береміз деп жүгірдік қой, мынауың не?» деп. Үшіншісі, кезінде Мэлс Елеусізов сияқты өзі президенттікке түсіп тұрып, Назарбаевқа дауыс берсе. Сонда сатып кетті деуге болады, - дейді Дос Көшім. 

big_568de1dc38489c0d.jpg

Сонымен қатар, Дос Көшім сайлауда жеңіске жеткен адамды құттықтау әлемдік тәжірибеде бар екенін айтып, бірнеше мысал келтірді. 

– Қосановтың Тоқаевты құттықтауы сатқындық емес. Мысалы Хиллари Клинтон Трампты құтттықтады. Порошенко Зеленскийді құттықтады. Бәлкім екеуі де іштей боқтап тұрған шығар. Бұл да – саяси мәдениеттілік. Бізге келмегендіктен көпшілік дұрыс түсінбеген шығар. Бір жағынан өзің айтқандай жалынды сөздерді жария етер болса, халық алаңға шығып кетіп, арты қан төгіске ұрындырар ма еді, кім білсін. Өзі жазды ғой «адам айтқысыз трагедияға, репрессияға әкеп соғуы ықтимал заңсыз әрекеттерге шақырмаймын. Билік үшін таласта ағайынның, соның ішінде, жастардың бір тамшы көз жасы мен бір тамшы қаны тамбауы тиіс» деп. Бәлкім, осыны да ескерген болар, - деді "Ұлт тағдыры" ұйымының төрағасы. 

Тегтер: ДосКөшім, сайлау, президент, сатқындық, Қосанов

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.