Жанат Райымбеков: Мемлекеттік қызмет- үлкен тәжірибе, ал бизнес- үлкен табыс береді

01 Қазан, 2019 85 0

Бұл туралы бизнес бастау үшін мемлекеттік қызметтен кетіп, қысқа мерзімде бес компанияның негізін қалап үлгерген Жанат Райымбеков айтып береді.

F: Жанат, әдетте кәсіпкерлердің көбі жұмысқа ерте араласады. Ал сіз қанша жасыңыздан бастап жұмыс істедіңіз?

- Мен өзім Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Ақтайлақ ауылында дүниеге келдім. Әке- шешем үш ұлды дүниеге алып келді. Өзім сол үшеудің ортаншысымын. Балалық шағымыздың өзінде ерте жұмысқа араластық. Каникул кезінде қой қырқымға қатыстық, қырманда, машина-трактор бекетінде жұмыс істедік. Ал, 2000 жылы С. Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университетінің «АӨК-гі экономика және менеджмент» мамандығы бойынша диплом алдым. Студенттік шақта да жұмыс істеумен болдық. Ол кездердің өзінше бір қызық шақтары да көп қой, оқып жүріп вагоннан ұн түсірдік, официант та болдық, магазинде, базарда сатушы да болдық, таксист болып жүрген кездеріміз болды. Сол жылдары табысқан достар шынайы болады, кездескен сайын қызық оқиғаларды, іс-әрекеттерді еске алып бір марқайып қаласың. Адам өзі адал болып, жақсы мінезімен көрініп, қоршаған ортаға мейірімін төге білсе, жан-жағына өзі іспеттес жақсылар жиналатынын сіз бен біз жақсы білеміз.

F: Негізгі мамандығыңыз қаржыгер ғой?

- Иә, алғашқы диплом бойынша қаржыгер. Бірақ мен онымен шектеліп қалмадым. 2005 жылдан бастап Қазақстан-Ресей университетінде сырттай екі жыл оқып, «Юриспруденция» мамандығы бойынша қызыл диплом алып шықтым. 2007-2009 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының «Мемлекеттік және жергілікті басқару» академиялық магистрі дәрежесін алдым.

F: Алғашқы жұмыс қайда болды? Кім болып қызмет еттіңіз?

- Мен өзім жұмысты 2000 жылы бастадым және 2012 жылға дейін Мемлекеттік қызметте істедім. Бірінші жұмыс орным Астана қаласының Статистика басқармасы болды. Содан кейін жұмысымды ҚР Спорт және туризм агенттігінде жалғастырдым. ҚР Қаржы министрлігінде, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасында, Қазақстан Республикасының Индустрия және даму министрлігінде жұмыс істедім. Ал 2012 жылдың сәуір айынан бастап «Қазақстан РТРК» АҚ-да Іс басқарушы болып істедім. Ал араға уақыт салып, 2016 жылдан «Казконтент» АҚ Атқарушы директоры болып қызмет атқардым. Мемлекеттік қызмет жақсы тәжірбие жинауға зор мүмкіндік берді: тәртіп, жауапкершілік, заңдармен жұмыс істеу және т.б.

Мысалы, әкімшілік қызметке орналасу үшін арнайы әзірленген тест тапсырдым. Заңды білу кез-келген азаматқа артықтық етпейді, қайта осы өмір жолында оның көп септігі, көмегі тиері сөзсіз. Көріп тұрғандарыңыздай нәтижесі жаман емес.

F: Мемлекеттік қызметтен неге кеттіңіз? Бизнес қалай басталды?

- 2017 жылы бизнеспен айналысуға бел будым. Бұл жеке өзім қабылдаған шешім, маған ешкім кет деген жоқ. Жақсылап ойландым, өкінбеймін. Сосын, Азамат Итабаев деген жолдасым екеуіміз 50% шартымен құрылыспен айналысатын «ExpertStroyCom» компаниясын құрдық. Құрылыстың ішінде монолит құюмен айналыстық. Монолит құю оңай жұмыс емес, демалыссыз таңғы 8-00 ден кешкі 20-00-ге дейін жұмыс істеу керек. Тағы бір қызық жағдай, әр құрылыс басталарда объектінің басында монолит құятын компаниялар қой сояды. Ол ырым құрылыс кезінде шығын болмасын, жұмыскерлер зардап шекпесін деген оймен жасалады. Бұл ырымды басқа ұлттың өкілдері де ұстанады. Шүкір, әзірге зардап шегу жағдайлары болған жоқ, бәрі сәтті басталды.

F: Бастапқы инвестиция көлемі қандай болды?

- Құрылыстық бизнесті бастауымызға, оның ішінде монолиттік құрылыс жүргізуімізге достарымыз Арман мен Аманның көмегі өте зор болды. Олар 40 млн теңгедей ақша бөлді.

F: Алғашында компания басшылығында бола тұрып әрі жүргізуші, жеткізуші, тіпті көлік жөндеуші де болған екенсіз. Оның себебі неде? Ақша үнемдеу керек болды ма?

- Иә, бизнесті бастаған кезімізде тиімді болу үшін өзім Газель жүргізушісі де болдым, құрылысқа қажет тауарларды өзіміз сатып алып, жеткізіп тұрдық. Газельде жүргізуші болып жүргенімде тұтынушы жақтың басшылары мен мамандары маған қарап қатты таңқалған еді. Өйткені олар мердігерлерді тек басшы ретінде көріп жүрген. Қырық жасқа келгенде автокөлікті өзім жөндей бастадым. Бір қызығы Ресей автокөліктерінің сапасы өте төмен болғанымен, бұрынғы Газель модельдері жөндеуге өте оңай және саймандары арзан. Ютюбтан қарап алып, сосын жөндеуге кірісіп жүрдік. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, әкем автокөлік жүргізуді, мал бағуды, қой қырқуды жас кезімізден бастап үйретті.

F: Бизнес өзін қай кезден бастап ақтай бастады? Кіріс көлемі артты ма?

- 2018 жылдың қорытындысы бойынша 110 млн теңгедей кіріс келді. Сол түскен ақшаның барлығын материалмен жабдықтауға жұмсадық. Компанияның әрі қарай дамуына бөлдік. Сондықтан, бірінші жылы біз шығынмен шықтық. Кейінгі жылдар инвесторлардың ақшасын қайтарып, содан кейін таза пайда туралы ойлауға болады. Құрылыс саласын таңдаған себебіміз, қазіргі уақытта пәтер алу өте қиын, себебі қымбат. Сондықтан, біз біраз құрылыс саласында тәжірбие жинағаннан кейін сапасы жоғары, қол жетімді үйлер салу жоспарда болды.

F: Құрылыстан бөлек өзге қызмет түрлерін қолға алған екенсіздер? Бұл қандай компаниялар?

- Қазір құрылыстан бөлек тағы 4 компания бар. Біз құрған «Global IT Group» ЖШС IT саласында жұмыс істеп жатыр. Бұл компания да Азамат екеуіміздің 50% үлесіміз бар. Қазіргі кезде біраз компаниялармен жұмыс атқарып жатырмыз, IT саласына қажет тауарларды жеткізу мен қызметтер көрсетіп жатыр. Сонымен қатар, бұл компанияда бір өнім өндіру кезеңі жүріп жатыр. Бұл жоба тек пайда табу көзі емес, халықтың әл ауқатын жақсартуға себебін тигізеді деген үміттеміз. Ол жағы әзірге құпия. Ал «Flagman Constuction Company» ЖШС жол құрылыс және тауар жеткізу бағытында істейді. Бүгінгі күні тапсырыстар әлі басталған жоқ. «ТЖМ Group» ЖШС – қауіпсіздік қызметі. Қазіргі кезде бұл Серіктестік бір ғимаратты тегіс күзетке алған. Бұл менің хоббиім сияқты. Келешекте заман талаптарына сай үлкен әскерилендірілген күзет компаниясын құрамын деген ойдамын. «MARS&Co» ЖШС - энергетика саласында қызмет көрсететін компания. Болашақта қалпына келтірілетін энергия көздерін дамыту, күн панельдерін шығару. Шығару дегенімізде құрылғылардың өзіндік құнын азайтып, өндіріп өз елімізде және экспортқа шығару жоспарда бар.

F: Бизнесті белгілі бір дәрежеге жеткізу үшін ең алдымен не қажет?

- Бизнеспен айналысайын деп жүрген жастарға айтатыным: әрқашанда шынайы болу керек, алдамау қажет. Бір сөзбен айтқанда адал жүру керек. Онсыз нәтиже болмайды, белгілі бір мақсатқа жету қиын. Бизнесмендер жағдайлары жақсарған кезде қайырымдылықпен айналысса керемет болар еді. Туған жерлеріне, көмек көрсетсе өз өлкелеріне үлкен қолдау болар еді. Жол салып берсе, жаңа жұмыс орындарын ашса, нұр үстіне нұр.

F: Мемлекеттік қызметтен бизнестің ерекшелігі неде?

- Мемлекеттік қызмет- үлкен тәжірибе, ал бизнес- үлкен табыс береді. Мемлекеттік қызметтен бизнестің бір жақсысы, әр салада жұмыстарды дұрыстап жоспарлап, ұйымдастырып қойсаң, көп уақытты жанұяңмен, достарыңмен бірге өткізуге, спортпен шұғылдануға және басқа да қызықты істермен айналасуға мүмкіншілігің мол. Қазақтың бір жақсы сөзі бар: Бас екеу болмай, мал екеу болмайды деген. Сондықтан жастар ертерек үйленіп, отбасылық өмірлерін ертерек бастаса екен деймін. Қазіргі кезде жұбайымыз екеуіміз төрт бала тәрбиелеп отырмыз. Бұны не үшін айтып отырмын? Отбасы-ең алдымен жауапкершілікті арттыруға, әр бір істі ұқыптылықпен қолға алуға септігін тигізеді.

F: Жалпы, елімізде бизнеске қаншалықты қолдау жасалады? Сіз оны сезінесіз бе?

- Қазақстанда салықтар көлемі басқа елдермен салысытрғанда аздау, мемлекет тарапынан бизнес жүргізуге қолдау мақсатында көптеген бағдарламалар бекітілген. Сондықтан бизнес бастауға болады. Ең бастысы қорықпау керек. Бизнес үшін маңызды нәрсені айтып өткім келеді. Кәсіп бастаушы жастар міндетті түрде спортпен айналасуы керек. Істері алға басып жатқан кезде де, жұмыстары жүрмей жатқан кезде спортпен шұғылдану қажет. Неге? Бұл ең алдымен шыдамдылықты, төзімділікті қалыптастырады. Ал бизнесте бұл қасиеттер бірінші орында тұрады. Себебі спорттың мақсаты-биік белесті бағындыру. Бизнесте дәл осындай.

F: Бизнестегі басты көзқарасыңыз, ұстанымыңыз қандай? Іс бастағысы келетін болашақ кәсіпкерлерге кандай кеңес берер едіңіз?

- Маған жалпы 40-шы жылдардағы Германия экономикасы ұнайды. Өйткені олар әр іске шығармашылық көзқараспен келді, бизнесте де солай болғаны дұрыс деп есептеймін. Мемлекеттік қызметте де, бизнесте де кез келген адамның өз күшімен, ойлаған мақсаттарына жетуі үшін барлық мүмкіндігі бар. Ол үшін әр күн сайын адам өзін өзі дамытуға әрекет жасауы қажет. Қазіргі кезде қатып қалған қағида жоқ. Бізде көп уақытқа дейін жастар Мемлекеттік қызметке орналасуға тырысты. Әр кімнің ойы әр түрлі ғой, біреуі шынайы мемлекет үшін қызмет еткісі келеді, біреулері өз қамдары үшін қызмет жасайды. Бюджеттік салада жұмыс істесең тұрақты жалақы, әлеуметтік пакеттер бар. Бірақ та ол жерде жалдамалы жұмыскерсің, таңғы 9-00 ден 18-00 ге дейін жұмыста отырасың. Бизеспен айналысар кезде ең бастысы қай салада айналысатыныңды білу керек. Бас кезінде сол бағытта айналысатын компанияларға жұмысқа тұрып, біраз тәжірбие жинап алған дұрыс деп ойлаймын.

Грек миллиардері Аристотель Онассис айтқандай «Әлі ешкім білмейтін дүниені білу – ол жетістік құпиясы». Менде сол оймен толық келісемін. Сондықтан, жастарға айтар ақылым қазіргі уақыттағы тенденцияны зерттеу, талдау жүргізу арқылы болашақта не қажет болатынын білсе, сол бағытта жұмыс істеу керек. Қазақстанның нарығы үлкен емес, сондықтан бір өнімді өндіргенде немесе ойлап тапқанда, шет елге сату мақсатында жұмыс атқару керек және кез келген тауардың немесе қызметтің өзіндік құнын төмендету қажет. Жастар жеңіл ақша ешқашан пұл болмайтынын білуі керек, тек еңбекқорлықпен тапқан ақша ғана жетістікке жетелейді және сол алдыңа қойған мақсатың үшін, туған туыстарыңды, достарыңды, принциптеріңді ешқашан естен шығармауың керек.

Дереккөз: forbes.kz

Тегтер: ЖанатРайымбеков, кәсіпкер, құрылыс, компания

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.