Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
12 мамыр, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

«Пандемия – шын мәніндегі соғыс»: Алматыға барған Тоқаев маңызды нысандарға бас сұқты

«Пандемия – шын мәніндегі соғыс»: Алматыға барған Тоқаев маңызды нысандарға бас сұқты

«Пандемия – шын мәніндегі соғыс»: Алматыға барған Тоқаев маңызды нысандарға бас сұқты
ашық дереккөзі
Президент Алматы қаласы әкімдігі мен Болат Өтемұратов қорының бірлескен жұмыстарын жоғары бағалады. Мемлекет басшысы  ботаникалық бақтың қала тұрғындары мен қонақтары үшін бұрынғыдай негізгі демалыс орындарының біріне айналуы қажет екенін айтты. Мемлекет басшысы Алматы қаласына жұмыс сапары барысында жүзеге асырылып жатқан бірқатар инфрақұрылымның жобасымен танысты. Қазақстан Президентіне Алматының халықаралық әуежайын қайта жөндеу жоспары таныстырылды, - деп хабарлайды, NewsRoom+ тілшісі Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеме жасап. Түркияның «TAV airport Holding»  компаниясы бас директорының орынбасары Серкан Каптан Қасым-Жомарт Тоқаевқа әуежайдың жаңа терминалының құрылысы туралы мәлімет берді. Жалпы көлемі 55 мың шаршы метр болатын терминал жобасының құны 150 миллион евро. Терминал жылына 6 миллион жолаушыға қызмет көрсетеді. Аталған нысанның құрылысы 2022 жылдың 2-тоқсанында аяқталады деп жоспарлануда. Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының халықаралық әуежайы қайта жөндеуден өткеннен кейін бұл нысанның Орталық Азия аймағындағы ірі авиациялық хабқа айналатынына сенім білдірді. Сонымен қатар Қазақстан Президенті Бұқтырма көшесі мен Құлжа трактісінің қиылысында салынатын ұзындығы 784 метрлік көлік жолайырығы құрылысының жобасымен танысты. Мемлекет басшысының айтуынша, аталған жоба қала жолдарындағы кептелісті азайтуға және тұрғындардың тіршілігіне қолайлы жағдай туғызуға мүмкіндік береді. Оған қоса, мемлекет басшысы коронавирусты анықтауға арналған мобильді скрининг орталығына барды. Бұл орталық Оңтүстік Кореяның технологиясы бойынша жұмыс істейді. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысына қаладағы эпидемиологиялық ахуал жайында есеп берді. Кореялық «Medical Partners Korea» медицина компаниясының басшылары Ким Даёнг пен Мин Хисук Қазақстан Президентіне мобильді лабораторияның мүмкіндігі мен «Drive-through» жүйесі бойынша сынама алудағы тәжірибелері туралы айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлермен әңгімелесіп, оларға қажырлы еңбектері үшін ризашылығын білдірді. "Пандемия – шын мәніндегі соғыс. Бүкіл әлем пандемияға қарсы соғыс жариялады. Француздарда соғыстың аты - соғыс деген сөз бар. Біз жұдырықтай жұмылсақ, пандемияны жеңе аламыз", – деді Президент. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Орталықтың қызметкерлерін 12 мамырда атап өтілетін Халықаралық медбикелер күнімен құттықтады. Мұнан өзге, Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы Бас ботаникалық бақты қайта жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысына қаланың дамуы жөнінде егжей-тегжейлі есеп берді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Алматының экологиялық жағдайы туралы баяндама жасады. Сонымен қатар «Верный капитал» компаниялар тобының бас директоры Ерлан Оспанов Алматы дендрариясын қайта жөндеу жобасының ерекшеліктері туралы әңгімелеп берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы әкімдігі мен Болат Өтемұратов қорының бірлескен жұмыстарын жоғары бағалады. Мемлекет басшысы  ботаникалық бақтың қала тұрғындары мен қонақтары үшін бұрынғыдай негізгі демалыс орындарының біріне айналуы қажет екенін айтты. "Ботаникалық бақ – алматылықтар мен қазақстандықтар үшін, әсіресе осында туып өсіп, жастық шағын өткізгендер үшін танымал жер. Алматы тұрғындарын осы аумақты сақтауға, оған өз үйіндей қарауға шақырамын", – деді Мемлекет басшысы. Одан дейін, президент Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары барысында Әлеуметтік қызмет көрсету үйін аралап көріп, оны қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Бұл мекеме халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарына, тіршілік жағдайымен жүгінген азаматтарға «бір терезе» қағидаты бойынша әр түрлі салада қызмет көрсетеді. Қазақстан Президенті мұндай орталық ашу бастамасын қолдап, халыққа көмек көрсету жұмыстарының маңыздылығын атап өтті. "Пандемияға қарамастан, азаматтарымызды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелерімен айналысу маңызды. Бұл – басым әрі стратегиялық міндет. Сондықтан бірыңғай әлеуметтік қамту орталығының салынуын қолдаймын. Бұл – дұрыс бастама. Мұны тиімді жүзеге асыру керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.