Жаңалықтар

Қалжан Ахун мен Зарқұм батыр жайлы әңгіме

Кезінде «батыр» деген аты шыққан Зарқұм кейін барымтамен айналысып, байлардың малын ұрлауға көшеді. Қарақшылық қылып, елдің тынышын алған соң үстінен арыз да түседі, тұтқындауға жарлық та шығады. Ел арасы бүліне бастағандықтан, ауыл ақсақалдары ақылдаса келе, «Зарқұмды райынан қайтарып, тәубесіне түсіру керек» деп ел арасына сыйлы Қалжан ахунды жұмсайды. Қалжан ахун Сыр бойына белгілі ілімді имамдардың бірі емес пе? Ол келгенде Зарқұм алдынан шығып сәлем беріп:
– Үйге түсіңіз, мейманым болыңыз, – дейді. Сонда Қалжан ахун атынан түспей тұрып:
– Маған соятын малың адал ма? – деп оның ұрлықпен айналысатынын мін қылады. Зарқұм ойланып:
– ИншАлла, адал болады, адал болады, қам жемеңіз, - деп бәйек боп, қонақ қылады. Біршама уақыт өтіп, мал сойылып, ас желініп болған соң Зарқұм:
- Бұйымтайыңызды айта отырыңыз, - дейді. Сонда Қалжан:
– Сенің бір қимасыңа қолқа салып келіп отырмын, - дейді.
Ол сонша жерден бекерден-бекерге келмейді. Оның үстіне «қимасың» деп қолқа салса, өте маңызды мәселе болғаны. Зарқұм бердім дейін десе, «қимасың» деп сұрап отыр. Бермейін десе, бұрын батыр аты шыққан Зарқұм кейін ұры атанды. Енді «сараң» аты шыққалы тұр. Ары ойланып, бері ойланып, ақыры:
– Бердім сұрағаныңызды! – дейді. Сол кезде көңілі жайланған Қалжан да:
– Сенің елге ұнамайтын кәсібің бар екен. Соны біржола алып кетуге келдім, – дейді. Бұл барымтаңды, ұрлықты тоқтат дегендегісі еді.
Міне, содан кейін батыр жаман кәсіпті біржола тастаған деседі.
Қазақта ел ішіндегі мәселе, халық арасындағы әдепсіздік осылай жөнге салынатын еді.
Себебі, ұрлық, барымта, алдап кету, тонау – бұл дүниеде де, Ақыретте де ешкімге абырой әпермейтінін біздің бабаларымыз жақсы білген……………….
Қайрат Нұрлықасымұлы