98 жастағы қазақстандық ардагер табылып, марапатталды
98 жастағы қазақстандық ардагер табылып, марапатталды
ашық дереккөзі
Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Кәлетаев Киевте тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері 98-ге келген Нұрбай Базарқұлұлы Аманжоловтың үйіне барып, президент Қ.Тоқаевтың алғыс хаты мен "Алтын Барыс" төсбелгісін табыстады, - деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
"Еліміздің президентінен, елден сәлем жеткізіп жатырмыз. Әрине, Ұлы Жеңіс күні бәрімізге ортақ күн. Осындай ақсақалдарымыз Украинада Ұлы Отан соғысы кезінде соғысып, Украинаны босатқан. Бүгінде ол көп жыл еңбек етіп, полковник дәрежесіне жетті", - дейді елші Дархан Калетаев.
Шығыс Қазақстан облысы Қатон-Қарағай ауданының тумасы 18 жасында соғысқа аттанған. Украина мен Польшаны, Чех астанасы Праганы азат ету ұрыстарына қатысқан. Соғыстан соң Карпат маңы әскери округінде қызмет еткен. Зейнетке полковник шенінде шыққан. Омырауына орден-медаль сыймаған ардагер саналы ғұмырын Украинада өткізсе де, Отаны – Қазақстан ылғи жүрегінде екенін айтады.
"Елімді сағынамын, елімнен әкелген Қызыр деген жазушының үш кітабын әкелгем, сағынғанда сол кітаптарды оқимын. Соғыс болмасын, ешкім ешкімге тимесін", - дейді Ұлы Отан соғысының ардагері.