Ақтауда триатлоннан ел чемпионаты өтті

26 Қыркүйек, 2019 355 0

22 қыркүйек күні Ақтауда Каспий теңізінің жағалауында триатлоннан кәсіпқойлар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты мен әуесқой триатлоншылар арасында «Temiradam» кубогының ақтық кезеңі өтті, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қазақстан триатлон федерациясына сілтеме жасап. 

Спорттық шара «Самұрұқ-Қазына» АҚ, Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері бойынша комитеті, Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитеті, Маңғыстау облысы, Ақтау қаласының әкімдіктері және BI Group компаниясының қолдауымен өткізілді. Дүбірлі додаға 100-ден астам спортшы қатысты. 

Триатлон — жүзу, веложарыс және жүгіру секілді жекелеген спорт түрлерінен құралған мультиспорттық циклдық олимпиадалық спорт түрі. Спортшылар триатлон кезеңдерінен кезекпен және үзіліссіз өтеді. 

Биыл жүзу кезеңі төрешілердің шешімімен алынып тасталынды. Себеп — сағатына 40 км-ге дейін жеткен суық жел мен күннің 13°С-қа дейін салқындауы. 

«Ауа-райының қолайсыздығынан жүзу кезеңін алып тастадық, қазір сайысымыз триатлон емес, дуатлон болып отыр», — дейді Қазақстан триатлон федерациясының өкілі Ақмарал Еспенбетова. 

Осылайша 1900 метрлік жүзудің орнына спортшылар 21 км емес, 22,9 км-лік қашықтықты жүгіріп, 90 км-лік жолды велосипедпен бағындырды. 

Кәсіпқойлар (Elite) арасында өткен жарыста 4 сағат 12 минут нәтижесімен ұлттық құраманың капитаны, шымкенттік Александр Автушко жеңімпаз атанды. Ал Мәскеуден келген Алексей Куцев «Temiradam» сайысының абсолют чемпионы атанды. Оның нәтижесі – 4 сағат 18 минут 46 секунд. Алматылық Эльфира Дудник (5 сағат 21 минут 28 секунд) екі жыл қатарынан әуесқой әйелдер арасындағы триатлон үзідігі болып отыр.

 Жарысқа әуесқойлар мен кәсіпқойлардан басқа эстафеталық командалар қатысты. Он команданың арасынан 4 сағат 45 минут 04 секундта алматылық «3ArtTeam» оза шапты. Триатлон федерациясы спортшылардың жинаған ұпайларына қарап, желтоқсан айында Кубок жеңімпазын анықтайды. Арай ЖАУПЕРОВА

Тегтер: Ақтау, жаңалықтар

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.