Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа арнаған кезекті Жолдауында биылғы жылы тәуелсіздігімізге 30 жыл толатындығын тағы бір еске сала келе: «Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес.
Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы», - деп қадап айтты.
Шындығында да, тәуелсіздік жалаң сөз емес. Ол біздің ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Тәуелсіздік идеясы қазақ халқының да ХУІІІ ғасырдан бастап көкейкесті мәселелерінің бірі болды. Ресей бодандығын қабылдауға мәжбүр болған халықтың тәуелсіздік уақыт өте келе қол жетпес арманына айналды. Сол үшін де халық талай ұлт-азаттық қозғалыстар мен көтерілістерге шығып, батырлары, ел қамын ойлаған азаматтары тәуелсіздік жолында өз өмірлерін құрбан етті. Ұлтжанды, елжанды жақсы мен жайсаңдары ат үстінен түспей күн кешіп, түн қатты. Арғысын айтпағанның өзінде қазақтың ХХ ғасыр басындағы зиялылары тәуелсіз мемлекет құрып, халқын бір кездерде уысынан шығарып алған азаттыққа жеткізуді армандады, сол үшін аянбай күресті.
Бодандық қамытын киген халықты озбыр отарлау саясатына қарсы топтастыруға Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жақып Ақпаев, Райымбек Мәрсеков, Халел Досмұхамедов және тағы сол сияқты өз заманынан ілгері кеткен, еуропалық деңгейде білім алып, ойлай білетін, алдыңғы қатарлы зиялылар ұмтылды. Ұлт зиялыларының алдында тәуелсіз қазақ мемлекетін жаңғырту, мәдениетті көтеру, оқу-ағарту ісін жетілдіру, жер, әйел теңдігі, дін тәрізді мәселелерді шешумен қатар қоғамды өзгерту сияқты асқақ арман тұрды. Зиялылар санының аздығына қарамастан әлеуметтік, қоғамдық-саяси мәні зор сан қырлы, күрмеуі қиын істерді атқарып, ұлт мүддесінде еңбек етті. Осы мақсатта «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналын шығарып, өздері өмір сүрген уақыттың ең өзекті мәселелерін көтеріп, бұқара халыққа насихаттады. Бостандық пен тәуелсіздіктің мәнін ұлт зиялылары «Қазақ» газеті арқылы халық санасына сіңіріп, елдің назарын осы мәселеге аударуға тырысты.
Қазақ зиялылары үшін тәуелсіздік идеясы 1917 жылы аса өзекті болды. Ақпан төңкерісін пайдаланып, зиялылар ұлттық мемлекеттікті жаңғырту, өз алдына тәуелсіз ел болуды мақсат етіп қойды. Тәуелсіздікке қол жеткізудің маңызын зиялылар «Қайтсек жұрт боламыз» деген атаумен жарияланған мақалада: «Біз қазір екі жолдың тарауында тұрмыз. Қайсысына түсетін болсақ та, ерік өзімізде. Бір жол - құлдық жолы... Екінші жол – жұрттық жолы. Осы бастан автономия алудың қамына кіріссек, милициямызды жасап алып, қарамызды көрсетсек, Алаш Орданы үкіметіміз деп тіресіп қорғасақ, бізді ешкім басынбайды. Үкіметі, әскері бар жұрт деп бізбен әркім есептеседі», - деп көрсетеді.
Көріп отырғанымыздай, тәуелсіз ел болу үшін оның атрибуттарының қажет екендігін де зиялылар ескеріп қойған. «Автономия болғанда қазаққа қай түрлі автономия қолайлы. Әуелі, мемлекеттік автономия болуға ма яки уалаяттық автномия болғанда жерге қарай болу ма, елге қарай болу ма... Біздің қазақ автономия бола аламыз десе, осылардың бәрін қарап, ар жақ-бер жағын тесе қарап, тексеріп барып боламыз деу керек», – деп тәуелсіздіктің тізгінін өзгелердің алып қоймау жағына терең мән берді. Алаштың арыстары тәуелсіздікке ұлттық автономия ретінде қарады. Тәуелсіздікке жетудің тағы бір маңызды факторын зиялылар халықтың бірлігі деп санады. Сондықтан да, үнемі өз шығармаларында соны насихаттап отырды.
«Бірлік қылсаң, Алашым,
Ілгері қарай басасың.
Қол ұстасып ұмтылсаң,
Қатар жұрттан асасың», – деген өлең жолдары айтқанымызды дәйектей түседі.
Ә.Бөкейхановтың ХХ ғасырдың басындағы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының көсемі болуы оны теңдікке, ұлттық тәуелсіздікке жетудің басқа бейбіт, саяси жағын қарастыруға итермелеушіге, тұтас қазақ елінің мүддесін көздеушіге айналдырды. Теңдік пен ұлттық тәуелсіздіктің төте жолы деп Әлихан өркениетті елдердің мәдениетінен үлгі алу, сөйтіп халықтың ұлттық мәдениетін өркендету, өнер білімін көтеру, ұлттық сана-сезімін оятуды санаған.
Осы идеяны ұлт-азаттық қозғалыстың жаңа стратегиялық бағыты етіп алған. Өзгелердің мәдениетін тану, ғылым-білімін үйреніп, өркениетке ұмтылу тәуелсіздікке бастайтын жол деп түсіндірді. Тәуелсіздіктің өзінен өзі келе қалатын құбылыс, табиғаттың сыйы еместігін, оған жетуде қажырлы қайрат, жігерлі әрекет керектігін бұқараға насихаттап отырды. Үгіт-насихаттарын өлең, жыр түрінде жүргізді. Ұлттық тәуелсіздік идеясын ту етіп көтерген М.Дулатов оның табиғаттың сыйы емес, ол үшін күрес жүргізу керек екендігін былайша жырлады:
«Өз қамыңды ойлан өзің, ел болсаң,
Ел боламын, тең боламын дер болсаң.
Көктен теңдік келмей өзің кем болсаң,
Мең-зең болмай, талпын, оян, Алашым!»
Көріп отырғанымыздай, ұлт зиялылары тәуелсіздік идеясын бұқара халықтың санасын оятумен, білім-ғылымға жетумен, мәдениетті ел болумен байланыстырды. Сонымен қатар, тәуелсіздікті олар елдік, теңдік, басқа әлем мемлекеттерімен қатар үзеңгілес өмір сүру деп түсінді. Осы идея олардың шығармаларынан көрініс тапты.
Мәселен, А.Байтұрсынов өзінің «Қазақ өкпесі» атты мақаласында тәуелсіздік мәселелеріне объективті, ғылыми тұрғыдан қарап, оның баға жетпес құндылық екендігіне назар аударды. Қазақ хандығы неліктен құлады, өз алдына дербес мемлекет болып тұра алмаудың, Ресейге қосылудың негізгі себептерін айқындауға талпынып, оларға жауап іздеді. «Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз бәрі надандық кесапаты», - дей келіп, патшалық империяға қосылудың өзі тәуелсіздіктен айырылу екендігін жасырмаған. Осы орайда М.Жұмабаев:
«Тіршіліктің көркі ерік,
Адамдыққа ол серік.
Бір түскен соң қақпанға,
Қалар бұрынғы еркелік.
Ойламай барып, ұрынып,
Өкінген аз ба ертелік», - деп жазған.
Алаш ардақтылары тәуелсіздікке қарулы көтеріліс арқылы емес, бейбіт жолмен қол жеткізуді мақсат етті. Қару кезенуді, қан төгісті жақтамаған ұлт зиялылары қарулы көтеріліске түбегейлі қарсы шықты. Сондықтан да 1916 жылғы көтерілісті қолдамады. Ондағы ойы халқын тәуелсіздікке қанды көтеріліс жолымен емес, реформалар, ұлттың саяси белсенділігі арқылы жеткізгісі келді. Алаш арыстарының ұлттық автономияны құру туралы идеялары осының дәлелі. Тәуелсіз ел болудың өзін зиялылар ұлттық автономия жариялау деп білді. Сол себепті де Әлихан Бөкейханов бастаған топ әуелгіде өздеріне үлгі тұтқан кадеттер партиясынан қол үзіп, халықтық мүддедегі саяси ұстанымдарды басшылыққа алды. Оны Ә.Бөкейхановтың «Кадет партиясы Ұлт автономиясына қарсы. Біз Алаш ұранды жұрт жиылып, Ұлт автономиясын тікпек болдық», - деген пікірінен анық көруге болады.
Осылайша, Алаш қозғалысы идеясы тәуелсіз даму жолына бағытталған баға жетпес құндылығымен тарихта қалды. Сол тарихтағы асқақ ұстанымға ХХ ғасырдың соңында Қазақстан ешбір қан төгіссіз, қару кезенусіз қол жеткізді. Елбасының сөзімен айтсақ, «Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік елдің іргетасын қаладық. Тәуелсіздікпен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Мәңгілік елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік тұғыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады». Алайда осының бәріне оңайлықпен қол жеткізілмегенін ұмытпауымыз тиіс.
Оразгүл МҰХАТОВА,
тарих ғылымдарының докторы, профессор,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері
Сурет - ғаламтордан