Кәдірбек Сайлауұлы: Біз IT қызметтерімізді классикалық деңгейге жеткіземіз

25 Қыркүйек, 2019 527 0

Мен жұмысты қалай істеймін – “empasoft” компаниясының негізін қалаушы Кәдірбек Сайлауұлы.

Соңғы жылдары сандық жүйеге көшу туралы көп айтылып, көптеген әрекеттер жасалып жатыр. Жаңа технологияны тиімді пайдалана алмаған кәсіп уақыт көшінен қалып жатқандықтан отандық компаниялар жедел ақпараттық технологияның соңғы жетістіктерін пайдаланып, ісін ілгері бастыруда.

Сол компаниялардың басты серіктестерінің бірі өз саласынан ойып орын алған – «Empasoft». Біз осы компанияның негізін қалаушы Кәдірбек Сайлауұлымен сұхбаттасып, қандай тәсіл және  философиямен компаниясын басқаратынын қызықтадық. Ол Түркияда ақпараттық технология мамандығын игеріп келген соң жеке компания құрып, “Empasoft Academy” арқылы бүгінге дейін осы саланың 5000-дай инженерін дайындады. Бұл академияны бітірген инженерлер әлемдік жоғары технологиялық компанияларда жұмыстап, еліміз іскерлік саласының әрбір тармағында біліктілілігін жұмсап, биік нәтижелерге қол жеткізіп жүр.

Мекенжайы: Моңғолия, Ұланбатыр қаласы

Қызметі: “Empasoft” компаниясының негізін қалаушы
Қолданатын ұялы телефоны: Samsung 10
Пайдаланатын компьютері: Surface Pro
Әлеуметтік парақшалары: Kadirbek Sailau (LinkedIn), Kadirbek Sailau (Facebook)

АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ КОМПАНИЯСЫН ҚАЛАЙ ҚҰРДЫҢЫЗ?

Ақпараттық технология (IT) күн сайн өзгеріп, дамып отыратындықтан біздің жұмысымыз соған сәйкес динамикалық қозғалыста болады деп айтуға болады. Шағын адаммен өнімді еңбек етуді мақсат тұтып, 13 жыл ішінде осы салаға айтарлықтай үлес қостым деп айта аламын.

Мен Түркияның Анкара қаласында ақпараттық технологиялар бағытындағы жоғары оқу орнын бітіріп келген соң осы бағытта білім беретін институттар мен университеттердің оқу сапасы нашар болумен қатар арнайы білім беретін оқытулар аз екенін байқадым. Сол кездері жастар көбінесе Үндістанға оқуға барып, біліктілігін жетілдіріп келетін. Сондықтан Түркияда бірге оқыған досыммен бірлесіп, 2006 жылы ақпараттық технологиялар оқыту орталығын ашып, компанияны “Empasoft” деп атадым. Соның нәтижесінде бүгінге дейін мемлекеттік сертификатпен 5000-дай инженер әзірлеп, “Empasoft Academy” деңгейіне жеткіздік.

Біз оқытуларды ұйымдастырумен қатар мемлекеттік мекемелерге IT  кеңес беру қызметін ұсынамыз, дижитал трансформациялау, ақпараттық технология және ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін шешіп беріп, бұлттық есептеу (Cloud computing) технологиясын енгізудеміз. Сондай-ақ әлемге танымал бағдарламалармен қамтамасыз етуші 20 компаниямен бірлесіп, өнімдерін таратып жұмыстаудамыз.

СІЗДІҢ ЖҰМЫС ТӘСІЛІҢІЗ ҚАНДАЙ? ОРТАША ТӘУЛІКТІК ЖҰМЫС КҮНІҢІЗ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

Адамды басқару дегеніміз оны қалай бағалайтыныңызға тікелей қатысты ұғым. Дұрыс бағалай білсеңіз, адам жұмысынан күш қуат, ләззат алатындықтан құрметтеу мен сыйлата білуді маңызды санаймын. Адамдармен жылы, дұрыс қатынас жасауға тырысамын. Оларды тыңдап, түсініп, орнына өзіңді қойып, кемшілігінен гөрі артықшылығына назар аударып жұмыстаған жөн деп көремін. Тәжірбиеге қарағанда осындай тәсілмен жұмыс жүргізе берсе, біраздан кейін адамның осал тұсы да байқалмай қалады.

Компания талаптарына сай келіп, біздің құрамға енген болса, ол адам жұмыстай алмайды деген болмайды. Керісінше, оны пайдалана алмауымыз мүмкін. Ол мәселе мен және менің жұмысшыларыммен тез тіл табысып кетуіне байланысты.

Қандай бір жағдайда кез келген мәселені көп жағынан қарастырып, көп адамды қамти отырып, шешімін тапқан дұрыс. Мен көптеген жыл кәсіпкерлікпен айналысып, жұмысымды бір жолға қойдым дегенмен көпшілікпен санасып, «Сен оның орнында болса, қалай шешер едің?» деп өзіме сауал қойып, ақылдасып шешім қабылдауға ұмтыламын.

ЕҢ КӨП ҚОЛДАНАТЫН, ПАЙДАЛАНУҒА ҚҰШТАР ЖҰМЫС ҚҰРАЛЫҢЫЗ, ҚОЛДАНБАЛЫ БАҒДАРЛАМАЛАРЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?

Біз “Microsoft”-тың бұлттық технологияларының кешенді бағдарламаларын пайдаланамыз. Үлкен дата (Big data) өндіріліп жатқан қазіргі заманда кез келген компания ақпараттарын жоғалтып алу қауіпі бар болғандықтан “Microsoft Office 365” бағдарламасын қолданамыз. Сондай-ақ Microsoft TeamsPower BIOutlook– терді де қажетке жаратамыз. Одан басқа What3words, Shazam, Telegram, Skyscanner қатарлы аппликейшндер тұрақты қолданысымда бар.

“Мен кеңсеге тақта орнатып, оған  жазып, сызғанды ұнатамын. Жазғаныңа қарасаң, бәрі де өз-өз орнында тұрады.”

УАҚЫТ ҮНЕМДЕУДІҢ ҰТЫМДЫ ТӘСІЛІ НЕ?

Уақыт үнемдеу және босқа уақыт өткізу деген бар. Мен отбасыма арналған сағатымды қысқартқанды қаламаймын. Керісінше жұмыста аз уақытта өнімді еңбек ету уақыт үнемдеудің жақсы бір тәсілі деп ойлаймын. Кейбір адамдар көп уақыт рәсуа ететін жұмысты басқа бір адам қысқа мерзімде атқара алатындықтан әр қырлы адамдардан құралған команда нәтижелі еңбек істеп, әрқайсысының уақытын үнемдеуге көмектеседі.

АТҚАРЫЛАТЫН ІСТЕР ТІЗІМІН ҚАЙДА БЕЛГІЛЕП,  ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗЕСІЗ?

Белгілеу дәптерін қозғалтып көрмеппін. Бізге жаңа келген адамдар алғашында белгілеуін пайдаланғанмен кейін дижитал амалға көшеді. Мен жұмыс тізімін жасауда “Microsoft”-тың “To Do” бағдарламаларын көп қолданамын. One Note та жақсы қажетіңе жарайды.

ЖҰМЫСЫҢЫЗДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ НЕДЕ? ОҢ ЖӘНЕ КЕРІ ӘСЕРЛЕРІ?

Ақпараттық технология компаниясына адамдарға жаңа технологияны түсіндіріп, үнемі қолдануға дағдыландыру үлкен қиындық туғызады. Автокөлік сатушыға  өнімі жайлы жалпылама мәліметі жеткілікті болса,  бізге жаңа бағдарламаны енгізу үшін  тұтынушы компанияда жұмыстайтын барлық адамның мағлұматын  бір деңгейге жеткізіп, күнделікті кедергісіз пайдалана алатындай етіп, жақсы ұғындыру қажет. Бұл жағынан уақыт көп қажет ететін бизнес деп те атауға болады. Көп уақыт жұмсалған кезең немесе дижитал көшіруден кейін мекеменің жұмыс өнімділігі күрт артады. Әрине, соңғы нәтиже жақсы көңіл-күй сыйлайды. Қатынас жасаушылар мен тұтынушылардың алғысын алу ерекше ынталандырады.

СІЗ НЕНІ ІСТЕУГЕ ШЕБЕРСІЗ?

Өзімді басқаларды жақсы тыңдай білемін деп ойлаймын. Адамдарды тыңдау, олармен санасу көптеген ақпаратты қабылдап, одан жақсы қорытынды шығару деген сөз. Бұл дүниеде басқалардан алуға болатын идея мен тәжірибе жетерлік.

Біз IT қызметтерімізді классикалық деңгейге жеткізу үшін жұмыстаудамыз.


ҚАЗІР ҚАНДАЙ ЖҰМЫСҚА НАЗАР АУДАРЫП ЖАТЫРСЫЗ?

Біз IT қызметтерімізді классикалық деңгейге жеткізу үшін жұмыстаудамыз. Осы мақсатта кабинеттік оқытумен қатар онлайн жүйеге көшіп, жаңа платформаны дамытып, контент дайындау үстіндеміз. Бұл платформаны осы айдың аяғында әлеуметке таныстыруды жоспарлап отырмыз. Ұйым мекемелер үшін сандық трансформациялау дегеніміз тек технологиялық емес, 100 пайыз адамдардың тұтынуы мен білім дәрежесіне байланысты болғандықтан оңайға түспейді. Технология жылдам дамыса да, адамдардың оны игеруі баяу. Сондықтан технологиялық кешенді контентті онлайн жүйесінде тарату азаматтардың технологиялық білімін жетілдірудің ең тиімді тәсілі деп ойлап, бұл жобаны қолға алып отырмыз.

Келешекте бұлттық технологияға баса назар аудармақпыз. Қазіргі кезде кім ақпараттық технологиялық артықшылықтарды қолданысқа енгізеді, сол табысқа жетіп отыр. Басқаша айтсақ, XXI ғасырдағы кез келген кәсіптің келешегі технологияны қалай ұтымды пайдаланып,  сандық трансформациялануына қатысты болады. Мысалы, соңғы уақытта еліміздің тау-кен саласы компаниялары бізге сұраныс жасап, сервис алатын болды.

КІТАП КӨП ОҚИСЫЗ БА? ДӘЛ ҚАЗІР ҚАНДАЙ КІТАП НЕМЕСЕ МАҚАЛА ОҚУДАСЫЗ?

Бұрын бір рет оқыған Роберт Киосакидің «Бай әке, кедей әке» атты кітабын қайта оқыдым. Балғын жас кезімде оқығандықтан  сол кезде отбасы мен ұрпақ алдындағы жауапкершілікті  соншалықты түсініп оқымағанымды байқадым. Көп нәрсені ой елегінен өткіздім. Технологиялар дәуірінде тек кітаптан ғана емес, подкаст, вебсайттардан да көп мәлімет алуға болады. Мысалы,  Medium-нан қалаған мақаланы жылдам тауып аласыз.

Теңіздей толағай ақпарат ағыны ортасындағы біздерге ақпаратты орта мида саралап, сүзіп алғанымыз маңызды. Қолға түскен кітапты бас салып оқығаннан гөрі қажетті мәліметті қысқа уақытта тауып, қажетіңізге жаратқаныңыз абзал.

СІЗДІҢ МІНЕЗІҢІЗ ТҰЙЫҚ ПА ӘЛДЕ АШЫҚ ПА?

IT-мен маманданған адамдардың көбісі тұйық келеді. Көпті басқарып, басқалармен қарым-қатынасқа түскен кезде оларда қарым-қатынас кемшіндігі байқалады. Мен соңғы бес жылда осы қабілетті дамыту үшін көп еңбек етіп, кедергілерді бастан кешірдім.

СІЗ ҚАНША УАҚЫТ ҰЙЫҚТАЙСЫЗ?

Мен таңғы  5.30-да тұрып, екі сағатты өзіме арнаймын. Соңғы кездері Udemy.com сайтынан ақпараттық технология саласына қатысты қызықты сабақтарды көріп, тапсырмалар орындап жүрмін. Жұмысқа келе салысымен ішкі жұмыстарды реттеп, қажетті құжаттарды бекітіп, түстен кейін іскерлік кездесулер өткізіп, сырттағы жұмыстарды шешуге уақытымды жұмсаймын.

ЖҰМЫС КЕЗІНДЕ МУЗЫКА ТЫҢДАЙСЫЗ БА? ҚАНДАЙ ӘУЕНДЕРГЕ ӘУЕССІЗ?

Музыкаға көп қызығушылығым жоқ. Өмірімде бірнеше рет қана караокеге барыппын. Музыка тыңдағым келсе, көбінесе жақсы әуендер ойнатып қоямын.

СІЗДІ ЖҰМЫСТАН ТЫС УАҚЫТТА ҚАЙДАН ТАБУҒА БОЛАДЫ?

Әрине, жұмыстан тыс отбасыма уақыт арнаймын. Жұма күнгі кеште достарыммен бірге тер шығарып, футбол ойнаймын.

КІМНЕН, НЕДЕН КҮШ ҚУАТ АЛАСЫЗ?

Жұмысшыларымыз дүйсенбі сайын таңертең компания кеңсесі қабырғасына адамды ынталандыратын сөздер жазып іліп қояды. Солардың ішінде   “Do your best, forget the rest” деген сөз өте ұнады.  Адам таңертең өзін қуаттандырып, кешке дейін сол қуатын азайтпау керек деп ойлаймын. Осы уақытта жұмыс нәтижесіне баса назар аударғаннан гөрі дәл сол мезетке күшін шоғырландырып, жұмысын тиянақты атқару қажет. Нәтижесі қалай болуы да мүмкін. Ең бастысы өз мүмкіндігіңді толық пайдаланғаныңа сенімді болсаң болғаны.

“Адам аттан жығылуға болады. Бұл барлық адамға кездесетін жағдай. Бірақ сен қайта атқа отыра алатындай жүректі бол!”

ӨМІРДЕН АЛҒАН ЕҢ ЖАҚСЫ ҒИБРАТЫҢЫЗ…

Алты жасымда ат мініп үйрендім. Бір күні қойды еңкейтіп тастап, келе жатыр едім, атым үркіп, аяғым үзеңгіге ілініп қалып, сүйретіліп барып, әрең қалдым. Сол кезде ата-анам қатты абыржып, ары-бері жүгірісіп, өзім де қатты қорықтым. Сонда атам:  “Адам аттан жығылуға болады. Бұл барлық адамға кездесетін жағдай. Бірақ сен қайта атқа отыра алатындай жүректі бол!” – деп, қайта атқа мінгізіп қоя бергені бар.  Осылайша, мен 7 жасымнан бастап, атқа мінетін болып, жақсы сәйгүліктерді бәйгеден оздырып жүрдім. Бұл менің өмірден алған ең үлкен сабағым еді.  Бүгінге дейін жұмысым мен ұстанымымда осыдан танбадым. Сондай-ақ атам ата-анама «балаларың келешегін  ойласаңдар, оған аяушылық білдірмеңдер» дейтіні өте дұрыс деп ойлаймын.

ЖАС МАМАНДАРҒА ҚАНДАЙ КЕҢЕС БЕРЕСІЗ?

Әр адамның арманы мен алдына  қойған мақсаты болу керек. Егер таңертең ұйқыдан оянғанда не істейтініңіз анық болмаса, дағдарыс дегеніміз сол. Адам қаншалықты жайлы  ортада өмір сүрсе де, дағдарып қалатын сәттері болады. Сол мезетте мақсатың айқын, не істейтінің түсінікті болуы қажет. Жастар басқалар мен туралы не ойлайды деген ойдан ада «көзсіз батыр» болу керек. Не қалағаныңды істеуге де болады. Алайда қандай бір мәселеге жан-жақты қарап, мүмкіндігінше болатындай амалдар жасауға тырысқан жөн. Жаңаша ойлауға талпынып, қалыптасқан көзқарастан қашық болған дұрыс.

КЕЛЕСІ ҚОНАҚҚА КІМДІ ҰСЫНЫП, ЖҰМЫС ІСТЕУ ТӘСІЛІМЕН ТАНЫСҚЫҢЫЗ КЕЛЕДІ?

Нест академиясы”, “Info Solution” компаниясы негізін қалаушы Б.Ғабитті ұсынамын. Оны басқаларға үлгі болып, ақпараттық технология саласында  мықты мамандар дайындап, қоғам дамуына  өз үлесін қосып жүрген жас маман деп ойлаймын.

Дереккөз: kaznews.mn

Тегтер: empasoft, компания, КәдірбекСайлауұлы

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.